• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 07:50:01
Алматы
+35°

27 Тамыз, 2019 NEWS

"Педагог мәртебесі". 350 мыңға жуық мұғалімнің қосымша ақысы екі есе артады

Мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беруу көзделуде.

27 тамыз күні өткен Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасының жай-жапсарын таныстырды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Министрдің атап өтуінше, заң жобаларын дайындау барысында педагогикалық қызметті реттеудің халықаралық тәжірибесі ескерілді. Атап айтқанда бірқатар шет елдің заңдары, ЮНЕСКО-ның мұғалімдердің жағдайы туралы ұсыныстары қарастырылды.

"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы  19-баптан тұрады. Ал қосымша заң жобасы 192-бапты қамтиды. Жалпы заң жобасы ауқымды 5 бағыттан тұрады. Атап айтқанда, материалдық және материалдық емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаздардың құқықтарын кеңейту, мұғалімдердің жүктемесін азайту. Материалдық емес ынталандыруға келер болсақ, олар мұғалімдердің жүктемесін төмендету, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі, мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы мемлекеттік наградасыне беру, тағы басқа да материалдық емес ынталандырулар қарастырылған. Негізгі материалдық ынталандыруға келер болсақ, оның ішінде  сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін ақыны екі есе өсіру және педагогтерге педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар заң жобасында барлық педагогтер үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту қарастырылды. Магистр дәрежесі үшін және тәлімгер болғаны үшін қосымша ақы төлеу және тағы да басқа шаралар қарастырылып отыр. Ең бастысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 4 жылдың ішінде жалақыны 2 есе өсіру бойынша мәселе қарастырылды", – деді ол. 

Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған бірқатар нормаларды іске асыру аясында қосымша заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасымен үш кодекске, 15 заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіледі.

"Аталған заң нормалары мұғалімдерге келесідей мүмкіндік  беретін болады: сынып жетекшілігі үшін 173 мың мұғалімнің, ал дәптерлерді тексергені үшін 165 мың мұғалімнің қосымша ақысы екі есеге көбейеді. 212 мыңнан астам қызметкердің біліктілік санаты үшін айлық жалақыдан 30-дан 50 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша ақы алуына мүмкіндік беріледі. 7 мың қызметкердің магистр дәрежесі үшін 10 АЕК  мөлшерінде қосымша ақы алуына мүмкіндік жасалады. 18 мың қызметкердің тәлімгерлігі үшін 1 базалық лауазымдық мөлшерінде қосымша ақы алуына мүмкіндік беріледі деп күтілуде. Және де 100 мыңнан астам педагогтер қосымша 14 күн жазғы демалыс алып, енді 56  күн демалатын болады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Енді мұғалімдерді өзіне тән емес қызметке тартатындар заңдық түрде жазаланатыны айтылды.

"Педагогтың жүктемесін  қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Бұл орайда, мұғалімнің кәсіби фракциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге  тыйым салынатын болады. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл заң жобасында қарастырылған", – деді министр.



"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір