• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
16 Қыркүйек, 10:14:31
Алматы облысы Шамалған бекетінде пойыз автобусты соғып өтті (видео)

01 Қыркүйек, 2019 Аймақтар

Жамбыл облысында "Қара кемпір" әніне ескерткіш қойылған

Жамбыл облысында атақты сазгер Алтынбек Қоразбаев әнге қосқан «Қара кемпірге» ескерткіш қойылғанын біреу білсе, біреу білмес. Алайда әнге арқау болған кейуананың қасіретті тағдыры кім-кімді болса да бей-жай қалдырмайды. 1993 жылы тұрғызылған ескерткіш Меркі ауданының Жаңатоған ауылында орналасқан деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Тегінде тәуелсіздікке дейін қазақ даласында небір зұлмат пен нәубеттің орын алғаны тарихтан белгілі. ХХ ғасырдың өзінде әміршіл жүйенің бірінен кейін бірі жүргізген ретсіз реформалары, азаматтық соғыс, ашаршылық, саяси қуғын сүргін, дүниежүзілік соғыс қасіреті мыңдаған қазақ отбасының арқасын аяздай қарыды. Тіпті кей отбасылардың оты өшіп, қазаны төңірілген күйде қалды. Осы бір заман сазын нәзік ырғақпен шерте алған Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әні өткен ғасырда көпшіліктің көзіне жас алдырғаны мәлім. Алайда сол көпшілік бұл әнге Жамбыл облысындағы Меркі ауданындағы Қызылсай ауылындағы Қали ананың мұңлы тағдыры арқау болғанынан хабарсыз. Жергілікті тұрғындар арасында «Қара кемпір» жайындағы аңыз әлі күнге айтылып жүр. Сұрапыл соғысқа аттанған Жексенқұл, Қосшығұл атты қос ұлынан қатар айырылған Қали ананың ішқұса болған ананың зары мен күйігінен «Қара кемпір» әні туады. Ал 993 жылы «Қара кемпір» әнінің кейіпкеріне ескерткіш тұрғызылады.

Соғыстан қайтпай қалған қос ұлының жолына телміруімен өткен анаға арналған мемориалдық кешеннің биіктігі 4 метрді құрайды. Бетоннан құйылған төртбұрыш тұғырдың үстіне орнатылған. Төбенің етегінде ескерткішке баратын, сатылы жолдың бойында:

«Ооой, дүние-ай!

Қараймын батыс жаққа келе ме деп,

Анасын қайғы шеккен көре ме деп.

Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де

Хабарын қос қозымның хабарын береме деп» – деген бір шумақ өлең қызыл тасқа қашалып жазылған. Бұл әннің сөзін жергілікті ақын Жақсылық Сәтібеков жазған.

Ал Қали ана бейнесі ұлттық нақышта киінген, ағаш бұтағына сүйеніп тұрған күйінде бейнеленген. Осы кейпімен-ақ мүсін адамның жүрегін тебірентіп, көңіліне мұң ұялатады. Бажайлап қараған жан кейуана жүзінен уайым мен қажудың табы байқап, өмірдің құндылықтары, ананың бала деген риясыз махаббаты жайында тұңғиық ойға беріледі. Әзірге бұл ел аумағындағы ән кейіпкеріне қойылған ескерткіштің бірден бір нұсқасы болып есептеледі.

Ілмек сөздер: Жамбыл облысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір