• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 12:15:37
Алматы
+35°

«Жібек Жолындағы сұхбаттар» жобасы Орталық Азия аймағы елдерінің қатысуымен жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шара. Ұлы Жібек жолын әлемдік тарихтағы адамзаттың ең жарқын және маңызды жетістіктерінің бірі деп атауға болады. Бұл - көптеген бірегей қалалардың, тарихи ескерткіштердің, әдет-ғұрыптардың және тіпті мемлекеттердің пайда болуына себеп болған Шығыс пен Батысты біріктірген орасан зор сауда бағыты. Бұл теңізден теңізге дейінгі жол ғана емес, халықтарды бейбітшілік пен ынтымақтастыққа шақырған күрделі мәдени-экономикалық көпір болды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Жоба жалпы 2005 жылы жанданды. Жобаның жетекшісі белгілі қазақстандық ғалым, мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов. Осы орайда, бүгін Жамбыл облысы Тараз қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Жібек жолы бойындағы сұхбат - 2019» халықаралық мәдениеттану жобасы аясында «Жаңғыру. Орта Азия халықтарының тарихи және заманауи тағылымы» тақырыбында ірі іс-шара болып өтті.

Шараның ұйымдастырушылары Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі болса, серіктестері - Жамбыл облысы әкімдігі, Тараз қаласы әкімдігі, ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы М.О. Әуезов ғылыми кабинеті.

Дәстүрлі қатысушылар - Қазақстан Республикасының белгілі жазушылары, ғылыми қайраткерлері, халықаралық сарапшылары - Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің жетекші ғалымдары, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА кафедрасының мүшелері.

Қонақтарды салтанатты қабылдау рәсімі Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ өкілдерінің құттықтауы және қонақжайлылығынан басталды. Тараз қаласының әрбір этносының жастары конференцияға қатысушы шетелдік және отандық қонақтарды қызылды-жасылды жарқын түсті ұлттық әсем киімдерімен таң қалдырды. Сондай-ақ, сән-салтанаты келіскен ұлттық киімдегі арулар форумға қатысушыларға қазақ ұлттық тағамдары: құрт, сүзбе, ірімшік, жент және бауырсақ тағамдарын ұсынса, қонақтарды облыстық филармонияның «Алатау» фольклорлық ансамблі әуезді әсем сазды күйімен қарсы алды.

Іс-шараның бастауы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәжитов Саттар Фазылұлы және Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Құрманбекова Сұлушаш Сатбекқызының құттықтау сөздерімен ашылды.

«Сұхбат - 2019» аясында Ұлы Жібек Жолы елдерінің жас авторлары арасындағы Халықаралық ALQA әдеби байқауының тұсаукесері өтті. Сонымен бірге конференцияға қатысушылар мен қонақтар Тараз қаласының тарихи ескерткіштерімен танысып, ұлттық қолөнер, кітап көрмелерін, сондай-ақ «Жібек жолы бойындағы сұхбат» жобасы жайлы түсірілген деректі фильмді (режиссер - Э.Цой) тамашалады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір