• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
26 Қаңтар, 11:00:25
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

06 Желтоқсан, 2019 NEWS

ҚҰН: Алматы облысында кісі өлімінің көптігіне кім жауап береді?

ИӘ, ҚҰН СҰРАЙТЫН ЖАҒДАЙ БҰЛ! Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Алматы облысында адами капиталдың құны қалмаған сыңайлы. Олай дейтініміз, жер жәннаты атанған аймақ енді кісі өлімі бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Тек оған селт еткен ел «сетері», әкімдіктегі қаптаған жиынның алдыңғы қатарына қойып, опынып отырған бір басшы жоқ әзірге.  

Мәселен, күні кеше ғана Алматыда өткен "Дені сау бала – ұлт болашағы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда да Жетісудағы бала өлімінің Қазақстан бойынша алдыңғы орындарды «місе тұтып» отырғаны айтылды.

Мамандарды бес жасқа дейінгі балалар арасындағы ауру мен өлім санының көптігі қатты алаңдатып отыр. Әзірге облыстың бас дәрігері Ысқақ БАУЫРЖАН аймақ әкімі Амандық БАТАЛОВҚА бұл жайында тіс жармаса керек-ті. Себебі, дәл бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан сұхбатында «хабардағыдай» көсіліпті – әкім мырза. Бәлкім оған А. Баталовтың өзі емес, жекелеген жеткізбес «желп етпесі» кінәлі болар.

Кісі өлімі туралы ақпаратқа күйіп, ауыз толғасын жеткізген жалғыз «айтпасымыз» бұл ғана болса не етті?! Тыңдаса, Алматы облысында 9 айдың өзінде 400-ге жуық адам темір тұлпардан мерт болған. Апаттық жағдайдың толық мәліметіне сүйенсек, жылға жетпейтін қысқа уақытта 2000-ға жуық көлік апаты тіркелгені айтылады. Мәселе, облыстың полицейлеріне жыл сайын үйіп-төгіп машина берумен шектелсе қанекей? Бұл, әлбетте, «байдың асын байқұс қызғанадының» әлпеті емес-тін. Тиісінше, әкімнің әдебіне қарай мадақталушының да ел мақтайтын әрекеті болса дейсің.

Полицей демекші, осы ұйықтағы жасөспірімдер қылмысының да республикада алдыңғы орынға жайғаса бастағанын айта кетуіміз керек бұл ретте. Егер естімесе, оны да жеткізелік. Жуырда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстардың, сондай-ақ жасөспірімдер бұзақылығының алдын алу бойынша кеңес өткізген болатын. Сонда ғой, сонда Республикадағы қатаң сынға ұшыраған төрт облыстың ішінде тағы бойы сорайып «үй иелерінің» кіндік жұрты тұрғаны айтылып еді... ( толығырақ білгіңіз келсе, бұл туралы мына жерден оқи аласыз).

Бақсаңыз, құн туралы өзге дәйекке құнықпай ғана жеткізген осы үш-ақ көрсеткіштің өзі облыс атқамінерлерін ойландыруы тиіс деп ойлаймыз. Бұны біз бетке салық қып басу үшін емес, бұлыңғыр дүниенің бұндағы басшыларға маңызын ашу үшін айттық. Халықшыл әкім оны да түсініп, орнында барды оңалтса дейміз тағы. Өйтпесе, дәл осылай адам капиталының құны қалмауға айналған Жетісуда «ауылшаруашылығын дамытып жатырмыз», «республикада бірінші орынға шықтық» деген ұр да жық ұранның мәнісі қандай болмақ, сізше?

Айта кетейік, қазірде аталған облыс тұрғындарына барлығы 806 медицина мекемесі қызмет көрсетіп отыр. Олардың ішінде 643 мемлекеттік денсаулық сақтау нысаны мен 163 жекеменшік орталық пен емхана бар.

Қозыбай ҚҰРМАН.

Алматы облысы.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір