• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
17 Ақпан, 04:22:26
Шыңжаңдық дүнген: Дереу қазақтардан кешірім сұраңдар! (аудио)

20 Қаңтар, 2020 Айтты-ей, бауырың!

"Көлігін жүргізбей қойса, халық ашынбағанда кім ашынады, Тоқаев мырза?!"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл күндері Армения, Қырғызстан, Ресей елдерінен автокөлік әкелген Қазақстан азаматтары сергелдеңге түсіп, қиналып жүр. "Арқада қыс жақсы болса, арқары ауып несі бар?!" демекші, егер де, елімізде сапалы, әрі арзан көлік сатылатын болса, халқымыздың шетел асып, көлік тасып несі бар?!

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанға 175 мың-200 мың арасында шетелдік көлік әкелінген. Көбі Армения елінен келген көліктер. Орташа бағамен, бір көліктің құны 3 миллион теңге болса, 200 мың көліктің құны 600 миллиард теңге екен. Қазақстан азаматтарының 600 миллиард теңгесі көлік шығармайтын Армения сияқты елдерге түсіп, сол елдердің экономикасын көтеріп, халқының жағдайын жақсартты. Біздің елде неге солай жасамасқа, бәріміз де сол кедендік одақтың мүшесі емеспіз бе?


Еліміздегі құрастырлатын жаңа көліктер өте қымбат, халықтың алуға мүмкіндігі жоқ. Сонда халық не істеу керек? 
Қарапайым халықтың көбі үкіметке қол жаймай, сол әкелген көліктермен такси болып, бала-шағасын асырап жүр.


Халықтың көлігін арзан бағаға заңдастырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік номерін беруге не кедергі? Заң ба? Заң халық үшін шықпай ма? Халықты қинайтын заңның, өз халқымызға тиімсіз кедендік одақтың бізге не керегі, қандай қажеті бар? Халық маңдай терін, табан ақысын, төгіп жүріп қаржы жинап, жетпеген жеріне банктен несие алды. Адал еңбегімен алған көлігін заңсыз деп жүргізбей қамап қойса, халық ашынбағанда, кім ашынады? Халық көшеге шықпағанда, кім шығады? Елімізге 200 мың көлік кірді, әр үйде 5 адам болса, 200 мың үйде 1 миллион адам тұрады.


Сіздер көршінің көңіліне қараймыз деп, бір миллион адамның жеп отырған нанын тартып алып, өз халқымызды сенделтіп қоймақсыздар ма?! Халық ашынбаса, қаңтардың қақаған аязында көшеге шығып несі бар? Кейбір шенеуніктер: "Бұл жағдайға халықтың өзі кінәлі" деп ақталуда. Біздің үкімет бәрін біліп, көріп отырып, шетелден әкелінген көліктің саны 10 мыңға, 20 мыңға жеткенде неге тоқтатпады? Неге, заңсыз деп сол кезде тыйым салмады? Сол көліктерін біздің әкімдер де, полиция қызметкерлері де әкелді емес пе? Халық соларды көрді, соларға сенді ғой.


Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз банкте несиесі бар 500 мың қарапайым халықтың қарызын жауып, елді бір қуантып едіңіз, енді өз халқыңыздың шетелден әкелген көліктерін заңдастырып, оларға Қазақстан Республикасының номерлерін беріп, 1 миллион халқыңызды тағы да қуантыңыз! Біз сізге сенеміз! Алла бізді сенімнен, сізді абыройдан айырмағай! Тәуелсіздігімізді мәңгі, халқымызды бақытты болғай!

 Жәнібек Қожықтың Facebook-тағы парақшасынан алынды

Ілмек сөздер: Армения көліктері

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір