• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:33:13
Алматы
+12°

Қазақстан билігі ақпанның жетісінен сегізіне қарған түні Жамбыл облысы Қордай ауданының бірнеше ауылында болған тұрғындар арасындағы жаппай төбелесті "тұрмыстық жанжал" деп сипаттады. Ал Қамшы тілшісі сөйлескен сарапшылардың кейбірі биліктің Қордайдағы оқиғаны "тұрмыстық жанжал" деп сипаттауымен келіспейтінін, кейбірі жартылай келісетінін айтты.

"Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай Қордайдағы оқиғаға жанжал емес, "үлкен қақтығыс" деген баға беріп отыр. Оның сөзінше, қақтығыс екі түрлі ұлт өкілінің арасында болғандықтан, оған этникалық сипат беруге толық негіз бар. 

– Ресми ақпарат құралдары "Қордайда жанжал болды, кикілжің болды" деген сияқты айтып, жазып жатыр. Бұл – өте қате түсінік. Өйткені Қордайда болған жағдай ол жай ғана дау, жанжал, кикілжің емес, бұл – кәдімгі үлкен қақтығыс. Егер бірнеше сағат ішінде он адам қайтыс болып, жүзден астам адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскенін, тіпті осы оқиға кезінде полиция қызметкерлерінің жараланғанын ескеретін болсақ, өте үлкен масштабта қақтығыс, үлкен деңгейде төбелес болды деп айтуымыз керек. БАҚ-та жазылған мәліметке сүйенсек, осы қақтығыс болмай тұрып, 5 ақпанда ұлты дүнген азаматтар 78 жастағы қазақ қария мен оның екі ұлын соққыға жықты. Бұдан бөлек, этникалық дүнгендердің полицияға бағынбай, оларды ұрған видеосы желіде тарады. Бұның соңы екі ұлт арасындағы қақтығысқа соқтырды. Сондықтан да бұл оқиғаны "ұлтаралық қақтығыс" деп айтуға толық негіз бар, – дейді ол. 

Жанболат Мамай оқиғаға "ұлтаралық қақтығыс" деп баға беруінің бірден-бір себебін, жаппай төбелес болған ауылдарда тұратын қазақтардың осы оқиғадан кейін дүнгендермен бұрын да араздық болып тұратынын айтқанымен байланыстырды. 

– Кеше Бердібек Сапарбаевпен болған кездесуде ауылдағы қазақ ақсақалдар дүнген азаматтарының бұған дейін қазақтарға жасаған қастығын, әлімжеттілігін нақты фактілермен, деректермен көрсетіп тұрып ашық айтты. Яғни, біз мынаны нақты түсінуіміз керек, бұл жерде ешқандай тұрмыстық жанжал емес, қазақтар мен дүнгендердің арасында бұрыннан аразыдық бар, содан осындай үлкен қақтығыс болды. Оны жасырып-жабудың, оған басқаша сипат беруге тырысудың, өтірік айтудың еш қажеті жоқ, – дейді Мамай. 

Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтың сөзінше, Қордайдағы оқиғаны бір ғана сипатпен сипаттау мүмкін емес. 

– Бұл проблеманың негізінен бірнеше сипаты бар. Біріншіден, бұл отыз жыл бойы әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, этникалық саясаттағы олқылықтардың нәтижесі. Бұл жерде әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық, мемлекеттің осы уақытқа дейін дұрыс этникалық саясат жүргізбеуі сияқты қордаланған бірнеше мәселені келтіруге болады. Айналып келгенде өкінішке қарай, жоғарыда айтылған мәселелер Қордайдағы трагедияға алып келді. Сондықтан бұл оқиғаны бірнеше қырынан қарастыруымыз қажет. Бұл жерде криминал да, жемқорлық та, этникалық мәселе де бар. Сол себепті бір ғана сипатпен сипаттау мүмкін емес, – дейді ол. 

Қазақ-дүнген жанжалы. Арнайы жасақ азаматтарды қақтығыс орнына кіргізбей жатыр (видео)

Саясаттанушы Расул Жұмалы да Қордайдағы оқиға тұрмыстық жанжал деп бағалаумен ғана шектелмеу керек деген пікірде. 

– Тұрмыстық жанжал деп бағалау – шиеленістің сылтауы ғана. Қазақ-дүнген арасындағы жанжалға бірнеше жыл бойы қордаланған мәселелер себеп болды. Меніңше, бір ғана себепті айту жеткіліксіз. Өйткені жанжалдың себептері тым тереңде жатыр. Жалпы қазіргі ауыл-аймақтың жағдайы, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыссыздық мәселелерінің себебінен жастар арасында ашу-ыза пайда болды. Бұл бір жағы. Екінші себеп – тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы біздегі ұлттық және ұлтаралық саясаттың формалды түрде жүргізілуі. "Бәрі дұрыс, бәрі тұрақты" деген ұстанымның болуы және шын мәнінде елді біріктіретін ұлттық, рухани құндылықтардың формалды түрде қалуы да негізгі себептердің бірі, – дейді Жұмалы.

Масанчи ауылы

Қазақ-дүнген жанжалы болған Масачи ауылындағы өртенген үй. 8 ақпан, 2020 жыл

Қамшы тілшісінің "Билік Қордайдағы оқиғаға неге тек "тұрмыстық жанжал" деп баға беріп жатыр?" деген сұрағына сарапшылар әртүрлі пікір айтты. 

– Билік бұл проблеманы "этникалық мәселе" деп айтқысы келмейді. Ол жағы әрине, түсінікті. Өйткені Қазақстан 30 жыл бойы Орталық Азияға ғана емес, бүкіл әлемге 130-ға жуық этностың басын біріктірген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбітшілік құрған мемлекет ретінде айтылып, танылып келді. Билік соны жарнамалап келді. Оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаевты әлемде теңдесі жоқ осы модельдің авторы, архитекторы ретінде таныстырып жүр. Яғни, "130-ға жуық этностың басын қосып, азамат соғысының алдын алды" деген Назарбаевтың осы уақытқа дейін істеген жұмыстарына берілетін баға ретінде көрсетіліп келді.  Бұл – биліктің Қазақстан халқына ғана емес, бүкіл әлемге Қазақстанды үлгілі ел ретінде жарнамалап, өзін жақсы жағынан көрсетіп жүрген бірден-бір аргументі болатын. Көріп отырмыз, ол аргумент күннен күнге жоққа шығып келе жатыр. Сондықтан да билік басқа-басқа бұл мәселені "этникалық жанжал" деп айтпайтын болады, – дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов. 

♦Қордайдағы Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында үйлер мен көліктер өртеніп жатыр (фото, видео)

Ал Жанболат Мамайдың сөзінше, Қордайдағы оқиғаға билік өзі кінәлі, сондықтан оқиғаны жылы жабуға тырысып жатыр. 

– Билік қашанда мұндай дау-дамайдың, ұрыс-керістің, қақтығыстың масштабын төмендетіп көрсетеді. Бұл жолы билік өзі кінәлі болғандықтан, Қордайдағы оқиғаны "тұрмыстық жанжал" деп жасырып-жабуға тырысып жатыр. Неге кінәлі десеңіз, біріншіден, полиция қызметкерлері дүнгендер мен қазақтар арасында араздық барын алдын ала білді. Оны білмеуі мүмкін емес.  Соны біліп отырғанына қарамастан, ешқандай шара қолданбағаны, ешқандай мәселені шешуге тырыспағаны – алаңдататын мәселе, – дейді ол. 

Мамайдың айтуына қарағанда, Қазақстандағы құзырлы органдар этникалық мәселеде дұрыс жұмыс істемей отыр. 

– Ассамблея ешқандай да пайдалы қызмет атқарып отырған жоқ. Мемлекет үшін қажетсіз орган. Сондықтан Ассамблея дегенді таратып, олардың анау 9 депутатын мүлдем сайлатпайтындай етіп шешім шығару керек. Бұл Конституцияға да қайшы нәрсе негізі. Сондай-ақ Қордайдағы оқиға полиция қызметкерлерінің, ҰҚК қызметкерлерінің кемшілігін көрсетіп отыр. Осы оқиғадан кейін әдейі Қазақстан дүнген қауымдастығының басшысы Хусей Дауровтың әлеуметтік желідегі парақшасын қарап шықтым. Жазбаларын оқысаңыз, Қытай басшысы Си Цзиньпинге табынып, ол туралы күндіз-түні жазып отырады екен. Ол не үшін солай жазады? Осы мәселені Ұлттық қауіпсіздік комитеті тереңнен зерттеу керек еді. Бұл жерде биліктің үлкен қателігі болғандықтан, олар жасырып, жабуға тырысады, – дейді Мамай. 

Масанчи

Қаракемер ауылының тұрғындары қақтығыс кезінде қамалғандарды бостауды талап етіп тұр. 8 ақпан, 2020 жыл

Шалқар Нұрсейітов билік Қордайда болған мәселені түп-тамырымен шешуге құлықты емес екенін айтады. 

– Билік бұл мәселені шешу үшін тез арада жұртшылықтың көзқарасын өзгертуге тырысады. Яғни, мәселе биліктің бақылауында. "Мәселені шешуге талпынып жатырмыз. Бейбіт өмір қайта жанданды" деген секілді мессендждерді тарататын болады. Биліктің ол жағынан позициясы түсінікті. Бірақ мәселеге бұлай жеңіл-желпі қарауға болмайды. Түпкілікті шешу керек, – дейді ол. 

Оның сөзінше, Қордайдағыдай оқиға қайталанбас үшін бірнеше салада өзгеріс қажет.

– Бірінші кезекте, әлеуметтік теңсіздікті жою қажет. Яғни, байлар мен кедейлердің арасындағы жылдан жылға өршіп бара жатқан тенденцияны тоқтатуымыз керек. Ол үшін әлеуметтік, экономикалық саясатты қайтадан қарауға тура келеді. Ал құқық қорғау органдарының жұмысын жандандыру, реформалау – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені қазір билікке сенім мүлдем жоқ болса, полицияға деген сенім одан да төмен. Одан кейін этникалық мәселені қайта қарау керек. Қазақстанда  басым ұлт саналатын қазақтар мен басқа да этностардың арасындағы диалогты шынайы жүргізген абзал. Бұрынғыдай бірінші наурызда немесе бірінші мамырда түрлі фестиваль өткізіп, елде барлық этнос бір-бірімен бейбіт тұрып жатқандай етіп көрсету жетпейді. Ең алдымен ашық дискуссия болуы шарт. Оған мемлекет тарапынан өте көп жұмыс істелуі керек, азаматтар да белсене қатысқаны абзал, – дейді Нұрсейітов. 

♦Қираған көлік, өртенген үй. Қақтығыстан кейінгі Масанчи ауылы (фоторепортаж)

Жанболат Мамай болса, "мемлекет ұлттық саясатты дұрыс жолға қоймаса, мұндай қақтығыстар қайталана беруі мүмкін" деген пікірде. 

– Ұлттық саясатты дұрыс жолға қоймасақ, мұндай қақтығыстар тоқтамайды. Өйткені бұған дейін қазақ-армиян, қазақ-ұйғыр, қазақ-тәжік, қазақ-шешен арасында түрлі қақтығыстар болды. Елдегі шетелдік жұмысшылармен де жиі-жиі қақтығыс болып тұрады. Ең бірінші кезекте Қазақстан азаматтары арасында бұндай дау-жанжал болмас үшін елдегі басқа ұлттарды бөлек бір мемлекет, отау үшіндегі отау сияқты қылмаған жөн. Оларға "сендер диаспорасыңдар", "мынадай депутаттарың болуы керек", "өздеріңнің өкілдерің болуы керек" деп оларды әспеттеп, Ассамблея құрып, Ассамблея арқылы депутаттарын сайлап қоймай, оларды қазақ ұлтына интеграция жасау, қазақтың мәдениетіне, тіліне жақындату мәселесін ойластыруымыз керек, – дейді ол.

Жанболат Мамай Қордайдағы этникалық дүнгендердің Қазақстанның басқа аймағындағы дүнгендерден айырмашылығы барын айтты.

– Мысалы маған Тараз қаласындағы дүнгендер хабарласады. "Қазақтармен құдамыз, жекжатпыз, туысқанбыз, ағайынбыз, достарымыз да бар. Жақсы араласып тұрамыз" деп айтады. Қордай ауданындағы дүнген ауылдары отау үшіндегі – отау, мемлекет ішіндегі  – мемлекет сияқты. Өйткені олардың мешіттерінде түгел дүнген имамдар отыр. Олар тек өздерінің тілдерінде сөйлейді. Қазақша сөйлемейді. Қазақша сөйлейтін ортамен мүлдем байланыс жоқ деуге болады. Ал Қордайдағы полицияның жағасынан алып, бағынбай жатқанынан-ақ олардың билік органдарын, мемлекеттік органдарды сыйламайтынын аңғаруға болады. Яғни бұл ауылдардағы дүнгендердің басқа бір ойы, басқа бағыты бар тәрізді. Жалпы біз осы мәселені тереңінен зерттеуіміз керек, – дейді Мамай. 

Оның сөзінше, дүнгендер мен қазақтардың алдағы уақытта етене араласып кетуіне қазақ тілінің де өзіндік септігі бар. 

– Дүнгендер қазақша сөйлеп, мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасқаны абзал. Біз этникалық дүнгендердің егде адамдарына қазақ тілін үйретуге тырыспайық. Олардың қолдарынан келмейтін де шығар. Бірақ жастарын жаппай қазақ тілін үйренуге шақырғанымыз жөн. Жалпы, елдегі басқа ұлттардың барлығын қазаққа интеграция жасауымыз керек. Керек болса, өз тілдерін білсін, үйренсін, ешкім оларға қысастық көрсетпейді. Бірақ негізгі мәселе – оларды қазақ халқына, қазақ ұлтына интеграциялау қажет, – дейді Мамай. 

♦Qamshy.kz тілшісі этникалық дүнгендер ұрып-соққан қарияның ұлымен сөйлесті

Оның бұл ойын Расул Жұмалы да құптап отыр. Жұмалының сөзінше, ұлтты мемлекет ішінен біріктіретін ең негізгі алғышарт – мемлекет құраушы ұлт мүддесінің ескерілуі.

– Мысалы, Ресейдегі орыс тілінің мәртебесі биік. Ресейді ел етіп отырған – орыс тілі. Ал бізде жоғары деңгейден бастап, төменгі деңгейге дейін қазақ тілінің мәселесі әлі де ескерілмей келеді. Бұған "қазақстандық" деген ұғымның еркін қолданылуы да әсер етіп жатыр. О бастан атау дұрыс болса, еліміздегі өзге ұлттарға өз мәдениетінімізді, тілімізді, дәстүрімізді сыйлата алар едік. Өзге ел азаматтары біздің азаматтарымызды "қазақ" деп қабылдайды. Олар "қазақ балуаны", "қазақ әншісі" деп жиі айтады. Ал өзіміз "қазақстандық балуан", "қазақстандық әнші" деген атауды қолданамыз. Өзімізден де қателік бар, – дейді Жұмалы.

 

Оқи отырыңыз: ♦Қаракемер тұрғындары: Дүнгендер үнемі "жер сендердікі, бірақ билік біздікі" деп айтады
♦Мырзахметов қамалғандардың шығарылғанын мәлімдеді, бірақ тұрғындар тарар емес


Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір