• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Қараша, 02:52:51
Алматы
+12°

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі пневмонияны "Қазақстан вирусы" деп жариялағаннан кейін, Қытай елшісі Чжан Сяо екі елдің арасындағы "стратегиялық серіктестіктерді жоғары бағалап", Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен телефонда сөйлескен. Елшіліктің ресми сайтындағы мәлімдемеге сәйкес, Цой COVID-19 эпидемиясы кезінде көрсеткен қолдауы үшін Қытайға алғысын білдірген. Алайда Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан елшілік бұл жолы індетті "Қазақстан вирусы" деп емес, "короналық пневмония" деп атаған.

Бұған дейін Қытай елшілігі елде тараған белгісіз пневмонияны "Қазақстан вирусы" деп атап, "Қазақстанда коронавирустан да қауіпті вирус таралды" деп мәлімдеген. Елшіліктің мәлімдемесінен кейін кейбір қытайлық сарапшылар пневмонияның Қытайға таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдау керек екенін айтып, Қазақстан мен Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаңның шектесетінін ескерткен. Көп өтпей, Батыс БАҚ-тары "Орталық Азия елінде өлім көрсеткіші коронавирустан жоғары жаңа вирус пайда болды" деген мазмұндағы ақпараттарды жарыса жариялаған

Бұл ақпараттар Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың "2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында пневмониядан 1172 адам қайтыс болды" деген мәлімдемесінен кейін пайда болды. Алексей Цой келтірген дерекке сай, пневмониядан қайтыс болғандар коронавирус өлімінен бес есеге көп, себебі ресми статистика бойынша қазірге дейін Қазақстанда COVID-19-дан көз жұмғандар саны 264.

Ал 3 шілде күні ҚР бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 2020 жылдың алғашқы алты айында 1772 адамның, маусымда 628 адамның пневмониядан қайтыс болғанын айтқан. Бұл есеп бойынша, пневмониядан көз жұмғандар COVID-19-дан қаза тапқандардан 7 есе көп.

Бұл әлем назарын Қазақстанға аударды. Тіпті, кейбір елдерде "Қазақстаннан абайлаңдар, ол мемлекетте коронавирустан да қауіпті жаңа вирус пайда болды" деген ескертулер басталып кеткен.

Алайда осы ақпараттардан кейін Лондонда шығатын Daily Mail басылымы британиялық және қытайлық эпидемиологтардан сұхбат алып, медициналық мамандар Қазақстанда таралған пневмонияны шын мәнінде COVID-19 деп санайтынын жариялаған.

Бейжіңдегі Қытайдың бас эпидемиологы және Ұлыбритания Уорвик университетінің вирусологы Қазақстанда таралып жатқан "белгісіз пневмонияны" эпидемиологиялық тұрғыдан COVID-19 деп тұжырымдайтынын жеткізген. 

Қазақстандық нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев "пневмониядан қайтыс болып жатқан адамдардың 99 пайызының өліміне коронавирус себеп" деп санайтынын айтқан.

Ал жұма күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы "белгісіз пневмонияны" іс жүзінде анықталмаған COVID-19 деп мәлімдеген

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір