• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:58:05
Алматы
+35°

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» серіктестігі шығармашылық және кәсіби байланысты арттыру мақсатында меморандумға қол қойды.

Алдымызда Қазақ радиосының 100 жылдығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 25 жыл толады. Айтулы мерекелердің қарсаңында қазақ үні – «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» серіктестігі мен Еуразия ұлттық университеті жастардың кәсіби біліктіліктерін артып, білімдерін кеңейтіп, таланттарын аша түсуге мұрындық болатын келісім жасады.

Меморандум мақсаты – кадрларды дайындау ісінде шығармашылық және кәсіби қатынастарды арттыру, бірлескен шаралар ұйымдастыру және тәжірибе алмасу.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Ерлан Бәттәшұлы: «Меморандум аясындағы мақсат айқын. Мақсат бір. Университеттің алғашқы ресми мерейтойы келе жатыр. Соның негізінде радиода университет тұлғаларын таныстырып, естеліктері мен жетістіктерін айтып отыратын жүйелі хабарлар комплексі жүрсе деп ұсынысын айтты. Бастысы, қай жерде де нәтиже болғаны дұрыс» деп ойын білдірді.

Ректор келісім негізінде ортақ іс-шаралар өткізіліп, студенттердің оқу және өндірістік тәжірибеден өтуіне және жаңа жобалармен жұмыс істеуге жағдай жасалатынын айтты.

Ал «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС директоры Ернұр Бурахан:

– «Биыл Қазақ радиосының 100 жылдығы болса, келесі жылы «Шалқар» радиосының 55 жылдығы. Бүгінгі күні біздің ұжымның 10 пайызын Еуразия ұлттық университетінің түлектері құрайды, кейбір мамандарымыз бұл білім ордасында ұстаздық қылады. Қазіргі уақытта Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» ең асыл дүниелерді, ескіні қайтарып жатқан жайымыз бар» деді өз сөзінде.

Келісім барысында Ернұр Көшерханұлы студенттермен бірге 24 сағаттық онлайн радио жұмысын бастау туралы ұсыныс айтты. Жаңа бастама арқылы университеттің білім алушылары кәсіби тұрғыдан өсіп, жаңа бір әлеммен танысады. Университет қабырғасындағы радиостудияда өздеріне ұнайтын тақырыпта хабар дайындап, радиоға ұсынуларына мүмкіндік туады. Ең үздік хабарлар республикалық деңгейге шығады. Алдағы уақытта студенттердің бұл өнімдері жұмысқа орналасуға да зор мүмкіндік беретінін айтты.

Әсем ТАҢАТАР,

ЕҰУ студенті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір