Биыл 17 млн шаршы метр үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин үкімет отырысында мәлімдеді. 

– Тұрғын үй саясатын тиімді іске асыру елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2030 жылы үймен қамтамасыз етуді 1 адамға 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырған кезде алдағы бес жылда 100 млн шаршы метрден астам үй салуды тапсырды. Осылайша біз 1 миллионға жуық отбасын үймен қамтамасыз ете аламыз.

Осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін тұрғын үй саясатына реформа жүргізіліп жатыр. Онда тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, жеке құрылыс салушылардың инвестицияларын жалдамалы тұрғын үй салуға тарту үшін жаңа шаралар кешені көзделген, – деді ол.

Асқар Мамин биыл 17 млн шаршы метр үйді пайдалануға беруге жоспарланғанын атап айтты.

– Бұл жұмыста "Отбасы банк" негізгі құрал болмақ. Ол баспанаға мұқтаж адамдардың кезегін бір орталықтан қалыптастырып, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында оларға жеңілдікті тұрғын үйлерді сатады. Барлығы осы жылы 17 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өткен жылға қарағанда 2 млн шаршы метрге көп, – деді премьер-министр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір