• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 13:30:34
Алматы
+12°

05 Қазан, 2023 Саясат

Депутат жауабы: Қазақстан мен Қытайдың "шулы" келісімі қауіпті емес

Келісімнің бар мақсаты – қос азаматтықты анықтау және заңсыз көші-қонның жолын кесу!

Қазақстандағы КХР елшілігі

Qamshy.kz порталы Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметінің өз азаматтары туралы ақпарат алмасу жөніндегі келісіміне қатысты құзырлы орындарға ресми сауал жолдап, нақты сұрақтар қойған болатын. Көпшілікті мазалаған сол сұрақтарға Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы жауап берді.

Төменде депутаттың жауабын жариялаймыз:

 

  1. Осы Заң негізінде Тәуелсіздіктен кейін Қытайдан келіп, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымыздың мәліметі Қытай тарапы сұраныс жіберген жағдайда оларға беріле ме? Қытай тарапы әлдеқашан азаматтық алған қандастарымызды қажет болса, осы Заңға сүйеніп, «бұрын Қытай азаматы болды» деген желеумен кері қайтарып алуға құқылы» деген әңгімелер қаншалықты шындыққа жанасады?

Бұл ақпарат мүлде шындыққа жанаспайды. Қазақстан мен ҚХР арасындағы келісімнің негізгі мақсаты осы мемлекеттер арасында елге келу, берілген визалардың саны және азаматтығына қабылданған адамдар туралы мәліметтермен алмасу болып табылады. Бұл шаралар бірінші кезекте екі ел арасында ақпаратпен алмасу тек қос азаматтықты анықтау және заңсыз көші-қонның жолын кесу мақсатында ғана жүзеге асырылады.

Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа елдің азаматтығын алған адам бұл туралы өзі хабарлауға міндетті. Бұл норма 2016 жылы енгізілген болатын.

Сондықтан ақпарат алмасу Қазақстан азаматтығын 2016 жылдан бастап алған азаматтар бойынша жүзеге асырылады («Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасына сәйкес).

«Бұрын Қытай азаматы болды» деген желеумен кері қайтарып алуға құқылы» деген әңгімелер шындыққа жанаспайды.

Сонымен қатар еліміздің Конституциясының 11-бабына сәйкес Қазақстан азаматын шет мемлекетке беруге болмайды. Бұл халықаралық шартта көрсетілген жағдайда ғана мүмкін болатын нәрсе.

Одан басқа, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңның 9-бабына сәйкес мемлекет өзiнiң аумағынан тыс жерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.

Сондықтан, мұндай жалған алып-қашпа әңгімелер тарату орынсыз деп санаймын.

  1. Қытайдан келіп, азаматтыққа құжат тапсырған қандастарымыздың мәліметі олар азаматтық алмай тұрғанда-ақ Қытай тарапына беріле ме? Олардың Қазақстан азаматтығын алу, алмауына Қытай тарапы осы Заң негізінде тікелей әсер ете алады деген қаншалықты рас? Яғни Атажұртқа келіп, азаматтық алғысы келген қандастарымыздың тағдырын Қытай тарапы шеше ме? 

ҚР азаматтығын алмаған адамдарға қатысты ешқандай ақпарат Қытай тарапына берілмейді.

Қытай тарапы Қазақстан азаматтығын алған адамдар туралы мәліметті тек қос азаматтықты тексеру мақсатында ғана сұрай алады.

Ақпарат алмасу тек 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдарға қатысты жүзеге асырылады.

Ал, азаматтық беру мәселесіне ешкім сырттан араласа алмайды. Азаматтық алу тек Қазақстанның заңнамасы аясында жүзеге асырылады.

Сондықтан тарихи Отанына оралуға ниет білдірген қандастарға еш алаңдауға негіз жоқ. Осы ретте тек ресми ақпарат көздеріне сеніп, үрей тудырмауды сұраймыз. 

  1. Бұл Заң біздің елімізге қаншалықты тиімді? Қытайға көшіп, сол елдің азаматтығын алған қазақстандықтар көп пе? Қытай тарапы Қазақстанға тиімді қандай ақпараттар беруі мүмкін? Екі ел арасындағы көші-қон тек бір жақты ғана, Қытайдан келушілер ғана бар, Қытайға барып, азаматтық алып, сонда қоныстанып қалып жатқан қазақстандықтар жоқтың қасы деген мәлімет бар. Дәл қазіргі уақытта қанша қазақстандықтың Қытайға қоныс аударып, азаматтық алып, тұрақты тұрып жатқаны туралы анық ақпарат бар ма?

Бұл Заң екі елге тең дәрежеде тиімді.

Келісім қос азаматтыққа қарсы күрес, сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу мақсатында жасалды.

Бұған дейін біздің азаматтарымыз заңсыз көші-қонның ұлғаюына, сондай-ақ Қазақстанда шетелдіктердің қылмыс жасау ықтималдығына елден қашып кету мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді. Ақпарат алмасу туралы келісім нормативтік құқықтық актілер бұзылған жағдайда, бірінші кезекте, шекараны заңсыз кесіп өткен заң бұзушылардың жасырынуына мүмкіндік бермейді.

Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Қытай арасында ақпарат алмасу төрт бағыт бойынша көзделеді:

  • берілген визалар туралы
  • визасыз келген/барған азаматтар туралы
  • елге келу және болу тәртібін бұзушылар туралы
  • азаматтыққа қабылданған адамдар туралы

2023 жылдың 9 айында Қытай азаматтығын алуына байланысты 18 адам Қазақстан азаматтығын жоғалтты.

Айта кетейік, мұндай шарт Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан елдерімен жасалған және бүгінде көші-қон саласында сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл жалпы әлемдік тәжірибе. 

  1. Тәуелсіздіктен кейін Қытай елінен Қазақстанға оралған қандастарымыздың саны қанша? Азаматтық алған, уақытша тұрып жатқан этникалық қытайлардың нақты саны қанша?

Тәуелсіздік алған сәттен бастап 125  мыңға жуық Қытайдан келген этникалық қазақтар Қазақстан  Республикасының азаматтығын алды.

Қазіргі уақытта 26 мыңнан астам ҚХР азаматы әртүрлі мақсатта (туризм, жұмыс, оқу, жеке істері  бойынша) Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұрып жатыр. 

  1. Осы келісім арқылы Қытайдан оралып, азаматтық алған қандастарымыздың бұрынғыдай «Тұрақты тіркеуін өшіру», «Қытай паспортын қиғызу» дейтін әурешіліктен құтылатыны рас па? Яғни, Қазақстан азаматтығын алғаны туралы ақпарат Қытай тарапына жеткен күні ол елдің азаматтығынан, тұрақты тіркеуден де автоматты түрде шығарылатыны осы Заңда қарастырылған ба?

Азаматтықты алу, оны тоқтату, тұрақты тұруға қалдыру мәселелері  бұл келісімде көзделмеген. Бұл мәселелер екі елдің ұлттық заңнамаларында қарастырылады.

Екі ел арасындағы келісім қос азаматтықты анықтау және заңсыз көші-қонның жолын кесу мақсатында ғана жүзеге асырылады.

 Бұл ретте Қазақстанда да, Қытайда да қос азаматтыққа жол берілмейтінін еске саламыз. 

  1. Егер осы Заң Қытайдан келетін қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуына кедергі келтіріп, тіпті жеке бас амандықтары үшін қандайда бір қауіп төндірсе, осы Заңды ұсынған немесе қабылдаған құзіретті орындар жауапкершілікті арқалауға дайын ба? Егер дайын болмаса жалпыхалықтық талқылауға салып, жұрт пікірімен санасуды неге ойламаймыз?  

Азаматтықты алу, оны тоқтату бұл келісімде көзделмеген. Сондықтан осы Заң қандастарымызға еліміздің азаматтығын алуға еш кедергі келтірмейді.

Келісімге сәйкес екі елдің құзыретті органдары өздерінің азаматтарының дербес деректерінің қорғалуы үшін жауап береді.

Сонымен қатар, Келісімде егемендікке, қауіпсіздікке қауіп төнген және заңнамаға қайшы келген жағдайда, сұрау салуларды орындаудан бас тарту көзделген. 

Бұл келісім бірнеше мемлекеттің азаматтарына қатысты ақпарат алмасуды көздейтін бірінші құжат емес. Жоғарыда атап өткенімдей, Қазақстан Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен осындай келісімдерге қол қойылды. Қазіргі уақытта басқада да мемлекеттермен арада осындай келісімдердің жобалары келісілуде. 

  1. Заң мәтініне байланысты «Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басым күшке ие болады» дейтін сөйлемді қалай түсінуге болады? Сонда Қытай мен Қазақстан арасындағы, негізінен қандастарымыздың тағдырына қатысты Заңға орыс тілі негіз бола ма? Екі ел арасындағы мемлекеттік келісім-шарттар қай тілдерде жасалады?

Аталған келісім қазақ, қытай және орыс тілдерінде жасалды. Құжатта көрсетілген тілдердің барлығының күші бірдей.

Қазақстан тарапы келісім мәтінінің қазақ тіліне, ал Қытай тарапы қытай тіліндегі мәтініне сүйенеді. Ал егер тараптар арасында келісімді жүзеге асыру бойынша түсініспеушілік туындаған кезде ортақ мәселені шешу үшін бейтарап болып табылатын орыс тілін қолданады. Сондай-ақ келісімнің жобасын келістіру бойынша келіссөздер кезінде жұмыс тілі ретінде орыс тілі пайдаланылған.

Анықтама үшін:

«Халықаралық шарттар құқығы туралы 1969 жылғы Вена конвенциясында» шарт жасасу тілдерін таңдау еркіндігі тараптарға берілген. Бұл ретте аталған конвенцияның 33-бабында егер халықаралық шарт бірнеше тілде жасалған жағдайда белгілі бір тілдегі мәтіндегі басымдық берілу мүмкіндігі көзделген. Өз кезегінде «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңының 5-бабы 6)-тармақшасына сәйкес ҚР Үкіметі аппаратына енгізілетін халықаралық шарттарды жасасу туралы ұсыныстар шарттардың қазақ және орыс тілдеріндегі, сондай-ақ басқа да жасасу тілдеріндегі халықаралық шарттардың жобаларын қамтуы тиіс.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір