• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

09 Желтоқсан, 02:21:16
Алматы

29 Желтоқсан, 2023 Алаш-Орда

Алаш ардагерлерінің Тарбағатай асуы

Босқын болған әкелеріміз бен аталарымыздың «арғыбетті» сағынып, әңгімелеп отыратын аңыз-аңыстарынан есімізде қалғандары.

Ахмет Байтұрсынұлы Музейі

1917 жылғы қазан төңкерісі қазақ даласына зор аласапыран жасағаны тарихтан белгілі уақиға. Патшалық Ресейдің бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақ даласынан әскер алуды жариялауы зор үрей қозғап, қарсылық әрекетке баруға итермеледі. Әсілі бұл әскерге шақыру соғыстың алдыңғы шебінде соғысқа қатыстыру болмастан, бұратана аталатын ұлт әскерлеріне артқы шептегі дайындықтар болған жасырыну орындарын қаздыру сынды ауыр дене еңбектеріне орналастыру болғанын аталарымыз Қытайда жүргенде көздеріне ыстық жас алып қамыға әңгімелейтін еді.

Қазақ сахарасына төніп келе жатқан аласапырандылық пен тауқыметті жағдайды алдын ала сезінген алаштың ардагерлері, қазақ ұлтының оқымыстылары Алашорда үкіметін Орынборда орда тігіп жасақтаумен, Семей қаласына қарай жағдайдың жаратылысына бейімделіп ойысқаны да тарихтан әйгіленіп келеді. Семей қаласына ойысып орныға бастағанда ақ пен қызылдық қырқыстың аласапыран жағдайын мөлшерлеген Алашорда басшылары өз алдына жасақтану жайына кіріседі. Бұл жағдай бізде, яғни Қытай елінің Тарбағатай аймағы – Шәуешек қаласын ақ пен қызылдың кезек-кезек ойрандауынан тағдыр тауқыметімен бас сауғалап босқын болған әкелеріміз бен аталарымыздың «арғыбетті» сағынып, көз жастарын көлдетіп, әңгімелеп отыратын аңыз-аңыстарынан есімізде қалғандары.

1918 жылдары қазан төңкеріс ықпалы Семей қаласына өз өктемдігін жүргізе бастағанда алаш оқымыстары мен басшыларына қуғындау басталғанда, ашық қарсыласудан гөрі жасырын әрекетке кіріскен.

Алашорданың хатшылық қызметін атқаратын Биахмет Сәрсенов туыстары Тарбағатай тауының теріскейіндегі Ақсуат ауданын мекендейтін болғандықтан, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсанұлы, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсековтар ақылдасып, Биахмет Сәрсеновтың ағасына – Ақсуат ауданындағы Нарын болысы Мұстафа Сәрсеновке арнайы жасырын байланысшы жіберген. Оған тапсырылған басты міндет: мұрын елі мен жұмық, тоғас рулары Тарбағатай тауының теріскейіндегі Қарғыба, Базар, Өкпекті, Қызылкесік, Нарын, Шілікті, Маңырақ сынды жерлерді мекендейтін болғандықтан әрі Қытай еліне қарай босуға, бой тасалауға мұрсатты орын болғандықтан тау арасында жасақ ұстауға қолайлы орын табу.

Биахмет Сәрсенов жасырын келіп жұмық, мұрын, тоғас елінің ру басы және болыстарымен ақылдасып, жағдайға төтеп берудің жолын құпия талқылайды. Кеңесе келе мұрын елінен Жәкула Күшікұлы, Мүрсәлім Бектенұлы, тоғас елінен Нұғыман Жұбанышұлы және Ниязбек, Жұмық елінен Әбділдабек Төгісұлы қатарлы ел ағаларымен ақылдасып, алты жүздей атты әскер жасақтау қамына кіріседі.

Әскер жасақтау мақсаты – Тарбағатай тауының Қабарасу, Қызылкесік, Ойшілік, Шығанақ қатарлы асуларынан бекініс орындарын жасау арқылы қызылдардан жеңіліп босып келе жатқан ақтың, Бәкіш пен Колчактың әскери атамандарының қазақ ауылдарын шауып, ат көлігін, азық түліктері мен мал мүлкін тартып алуларынан сақтану, сондай-ақ алаш жасақтарын қару жарақтармен қамтып алу еді.

Колчактың әскері Тарбағатай тауының Қабарасуына қарай жосыла көшкен кезінде жолдағы қазақ ауылдары ойрандауға ұшыраған. Әрі ат көліктерін тартып алып, ауыл әйелдерін зорлау тәрізді тағылық әрекеттерінен тысқары алтын, күміс тәрізді қымбат заттарды бұлау, талау, тінту барысында қазақ әйелдерінің ұршықтарындағы жібін қастықпен тіліп алтын, күміс іздеген. Үйдегі кереқап, сандық бұйымдарын шағып кеткен. Міне, осы үрей қазақ ауылдарындағы өздігінен ерікті атты әскер ұйымдастыруға ұласқан.

Тоғас руының болысы Нұғыман Жұбанышұлы қыстаулығы Тарбағатай тауының теріскей бетінде қытай шекарасына жақын Қабарасуларға таяу болғандықтан, әскер штабын Нұғыман болыс Томар қорасына орналастырған. Онда алты жүздей атты әскер ұйымдастырған. Осы әскер қатарында эскадрон командиры болған Әкірам би 1952 жылы сәуір айында Шәуешек қаласында қолға алынып, күреске алғанда, «Алашорда әскери бастығы болған» деген үкім шығарылған еді. Қызыл әскер қысымынан алаш әскерлері тарады. Біздің ауылдан Қапез Мүрсәлімұлы, Қабдықұл Майқыбайұлы, Нәзір Қабанөтұлы, Кәкен Кәден (Қарабатыр) қатарлылар әскерлікке ерікті қатынасқан. 1955 жылы Совет одағы азаматтары еліне қайтқан кезде осы жасақталған шалдар «біздің шекара застауында атымыз бар, қызыл әскерлермен соғысқанбыз» деп қайтпай қалып, 1962 жылы зор босу кезінде Қазақстанға өтіп кетті. 

Алаш ардагерлерінің Шәуешек қаласына баруы 

Ақ пен қызыл әскер соғысы үдеп, Колчак әскері жеңіле бастаған кезде, 1918 күз маусымы болғанда ақтың әскерлері Қытай шекарасына қарай босқын болған. Мұны ел арасындағы аңыздарда «Бәкіш қашқан жыл» дейтін еді.

Бәкіш (Бакич – ред.) – Колчак әскерлерінің генералы екен. Зеңбірек тіркеген арбалары мен Тарбағатай тауындағы Қабарасу және Көктұма (Бақты) өткелі арқылы Шәуешек қаласының аумағына өткенде Еміл дариясы бойындағы Құлыстай өңірінде Мойынтал дейтін қалың орманды қамысты шұрайлы жеріне мекендеуге барған. Қалың қамысты орып, өртеп орман арасынан жер кепе жасап, шатыр тігіп қыстаған. Осы қалың қашқын әскерден Тарбағатайды басқарып отырған үкімет орнындағы (Дутың мекемесіндегі), Шәуешек қаласындағы сібе, солаң ұлтының қалдайлары (төрелері) сескене бастайды.

Қазақша тіл білетін Хуаң Лауиені (Хуаң мырзаны) елші етіп тағайындап, ел арасындағы үкірдайларды, білікті ақсақалдарды, байларды жинап ақылдасып, Бәкішке келіссөзге елші жіберуді ұйғарды. Шәуешек ауданының үкірдайы Көксеген ақсақалды басшы етіп, баласы Мұхамметқалиды және Күдері би зәңгіні (Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділұлының ұлы әкелері) тілдесуге жіберді.

Келіссөз барысында Бәкіш жағы «биыл қыстап тұратындығын айтып, басқалай бұзғыншылық әрекеттер жасамайтындығына» кепіл береді. Келер жылы көктемге қарай Қалқа моңғол жеріне Алтай жері арқылы Жапонияға қарай көшетіндігін мәлімдейді. 1919 жылдары Өр Алтай жеріне қарай көшеді.

Алтайдың Қалутан, Шұңқыр деген жерлеріне уақыттық қоныстанады. Бәкіш бандыларының әскерлерінен ілеспей қалған орыстары Шәуешек қаласының Қызбейіті, Мойынтал тәрізді шұрайлы өңірлерін мекендеп қалады.

Құлыстай жазығындағы Еміл өзені бойындағы Мойынтал жерінде Жаков, Дияков, Косте (Бонин), Барнаков қатарлы байлары мекендеп қалып, мыңдап сиыр өсіріп, 1955 жылдары Совет одағына қайтты. Колчак және Бәкіш бандылары бас сауғалап қашқанда қызыл әскерлер келіп Совет акымиятын орнату барысында ақтармен алаш орданы «аластау» сылтауымен жергілікті халықты қалың үрейге ұшыратты. Ел басыларын ұстап қамады, байларға конфеске жүргізіп малын алды. Өздерін «итжеккенге» Сібірге жер аударуы басталды.

Осындай жағдайды мөлшерлеген алаш орда басшылары Семей қаласынан Тарбағатай қаласы Шәуешекке қытай жеріне баспана іздеуге кіріседі. Айтуларға қарағанда, 1918 жылы наурыз айында Семей қаласынан Тарбағатайдың теріскейіндегі Ақсуат ауданындағы Нұғыман Жұбанышұлы болысқа және Жәкула болыс пен Мүрсәлім болыстарға Алашорда басшылары Аягөз, Ұржар, Мақаншы жолдары арқылы Қытайға баруға бас сауғалауға алдын ала байланыс жасауды хабарлайды. Нұғыман болыс өз елінен сенімді серіктерін ертіп Тарбағатай тауының Қабарасу дейтін үлкен өткелі арқылы көшіп қытай жеріне өтеді. Нұғыман болыс ауылы Тарбағатайдың Қабарасуы арқылы Шәуешек қаалсының Ащылы, Жалғыз ағаш, Қаракітат деген жерлеріне босып келіп орналасыпты.

Байжігіт елінің тоғас руынан 1910-1916 жылдары қытайға босып келген Ағажан би ағайындарды орналастырып, Нұғыман Жұбанышұлы Ағажан би арқылы сол кездегі Дөрбілжің ауданының үкірдайы Таңғыт Еңсеұлына және Нұғыманның қайын атасы жұмық руының беделді қажысы Қыдырмолла (Нұғыманның кіші әйелінің әкесі) және Мамырбекұлы Қанағат болыстың ауылдарына хабарласып, алаш орда басшыларының Шәуешек қаласына келетінін хабарлайды.

1918 жылы мамыр айында қазіргі Бақты өткелдеріндегі (Көктұма ауылы, Абай облысы, Ұржар ауданына қарасты) сол кездегі саудагер шала қазақ Сарқали деген байдың үйіне Нұғыман болыс нөкерлерімен келіп, алаш орда басшыларының келетінінен кеңесіп, орналастыру жасайды.

Сарқали қорасынан орын әзірлеп, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсековтерді қарсы алу дайындығына Бақты ауылында болған ақын Әсет Найманбайұлын жауаптандырады. Алашорда көсемдері біраз күн демалып, тынығып алып, Шәуешек қаласына келеді. Алашорда басшыларының Шәуешек қаласына келетінін хабарлаған Шәуешек, Дөрбелжің, Толы, Шағантоғай аудандарының төрт үкірдай басшылары дайындықпен қарсы алу салтын өткізеді. Көксеген үкірдай, Таңғыт үкірдай, Нұртаза үкірдай, Қызыр үкірдай қатарлылар орналастыру жасады.

Қарсы алғандар құрамында сол кездегі татардың күтіп алу группасындағылар, Нұғыман Жұбанынұлы болыс, ақсақалдар Жүніс Жадыраұлы – орынбасар болыс, ақын Әсет Найманбайұлы, Майқыбай Сасанбиұлы, Жақып, Ағажан би, Мұрат Рамзый (татар ғалымы, тарихшы) өзбек байы Мерүйсұф (осы өзбек байы қорасына орналастырады, кейін Назарахмет дейтін адамның қорасына жатады).

Ахмет Байтұрсынұлы Музейі

Алаш орда басшылары Шәуешек қаласында біраз күн демалып, ел басшыларымен танысып, әңгімелесіп, кеңес өткізіп, Шинжаң өлкесінің сол кездегі губернаторы Иаң Зычыңға телеграмма жолдап, саяси баспана сұрайды. Бірақ еш хабар болмайды. Ел жайлауға шығар мезгіл болғандықтан, Таңғыт Еңсеұлы алаш орда басшыларын Дөрбелжің ауданының Обалы деген жеріндегі мекеніне қонақ болуға шақырып алып барады.

Таңғыт үкірдай ауылында болған кездерінде жұмық елінің би ақсақалдары келіп, бұл ауылда күнде жиын, күнде думанды той, мал сойылып, қызықты ел берекесіне ұласып жатады. Бір күні Мәсәлім би Таңғыт үкірдайға қалжыңдап: «Сіз намазға жүгінуді қашаннан бастадыңыз» дегенде, «бұлармен ежіктесіп, шариғат жайында айтысқаннан көрі намазымды жалғастырып жайға отырғаным абзал ғой» депті.

«Өзіңізді де қызылдың ділмарлары сыбағалап жүрмей ме» деп әзілдейді, астарлап. Бұл сөзінің мәнісі Совет үкіметін жақтайтын ақпарат саласындағылардың Міржақып Дулатовтың мақалаларына қарсы жазылған мақалалардағы таққан айыптауларын әзіліне қосып қойғаны екен.

Алаш орда басшылары маусым айының соңында Шәуешек қаласына қайтып оралып, сол кездегі Шәуешек қаласындағы Совет одағы елшілігімен жарым айдай кеңес өткізеді.

Соңында Ахмет Байтұрсынұлы оқу-ағарту министірлігіне орналастыру барлығын ұқтырады. Міржақып Дулатовты ақпарат саласында орналастыру болатындықтан хабарлы болады.

Райымжан Мәрсеков қайтуға пейіл білдірмейді. Керей руының үкірдайы Қызыр Мамырбекұлы Толы ауданының Қоңыроба сазындағы ауылына алып барады. Қызыр үкірдай Толының Нарынсу өзені бойында салдырған Жамбыл қорғанында бір взвод әскер ұстап мектеп ашқан екен. Сол мектепке Райымжан Марсаковты оқытушы болуға иландырады. Райымжан Марсаков сол мектепте төте оқу бойынша (Ахмет Байтұрсынұлы емлесі) оқуды жалпыластырады. Артынан қуғын түскенін сезіп, Іле аймағына қоныс аударып кеткенімен ұсталып әкетеді.

Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар Совет одағына қайтады. Алаш орда басшыларының Шәуешек қаласына келуіне байланысты ауылымен көшіп келген Нұғыман Жұбанышев сол жылы қыстап 1919 жылы Тарбағатай тауын асып, Ақсуат ауданына көне қонысына қайтып көшеді. 1921 жылы Нұғыман болысты Зайсан ауданына жиынға шақыртып, әскер жібереді, сол әскер атып тастаған.

2000 жылы қазан айында Тарбағатай ауданы әкімшілігі Нұғыманды еске түсіріп, кең көлемде ас беріп жиын өткізді.

Ахмет Байтұрсынұлы Музейі

Алаш орда басшылары Шәуешек қаласына келгенде Байжігіт тоғас руының орынбасар болысы Жүніс Жадыраұлы арнаулы күтуші болғанын әрі Ақаң қайтар кезінде базардан бір топ тақия алдырып, киюге әзірлегенде басына симапты. Сонда Міржақып Дулатов қалжыңдаған екен: «Босқын болып жүргенде сарт, ноғайдың тақиясы да басыңызға симады-ау» деп.

«Саған да қытайдың сармалескен шапаны қысқа болды емес пе» деп бір-бірімен әзілдесетіндері ел арасында аңыз болып таралып кеткен.

Алаш орда басшылары Тарбағатайға барып, Шәуешек қаласында тұрғандығының нақты дәлелі Мұхамметжан суретшінің оларды суретке түсіріп, естелік қалдырғаны. Бұл суретті 1955 жылы еліне оралған Мұхамметжанқызы Ахмет Байтұрсынұлы Музейіне тапсырған екен.

Ахмет Байтұрсынұлы Музейі

Алаш орда басшылары Тарбағатайға баруының оқу-ағарту, мәдениет істеріне ықпалы 

Қазақтың ардагер оқымысты басшыларының қытайдың Шинжаң өлкесіне, Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарына 1918-1920-1932 жылдары босқын болып, ағылып баруы Шинжаңдағы қазақ ұлтының оқу-ағарту, мәдени істеріне орасан зор ықпал жасаған тарихи маңызды оқиға болған. Ағартушы ғалым «Ахмет Байтұрсынұлы емлесі» жалпыласуы қазақ ұлтының оқу-ағарту ісінің көктемгі жауқазындай көктеуіне зор ықпал жасаған. Бұрынғы ашылған медресе, мектептерде «Әптиек», «Мұғалім сани» оқулықтары бойынша діни сауат ашу негізіндегі және «Қазан баспасынан» тараған орта тілдегі татар ұлты жазбалары бойынша оқу құралдары кең тараған, ортада оқыту тізімі болған.

1920 жылдардан бастап «Ахмет Байтұрсынұлы емлесі» бойынша «төте жазу» оқулықтары мектептерде қолданыла бастаған. Осы «төте жазуды» қолданған мектептер Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында көптеп ашылды. Бұл мектептерге оқытушы болғандар Совет одағынан (Қазақстаннан) бас сауғалап босып келген ұстаздар қауымы болғаны тарихтан белгілі.

Шәуешек қаласынан 1930 жылдары ашылған Тарбағатай гимназиясы, мектебі, төрт үкірдай мектебі, төртуіл мектептері осы Байтұрсын емлесі бойынша бастаған. «Төте оқыту» программасы бойынша Шәуешек қаласында алаш оқымыстыларының ізбасарлары: ақын Әбдікәрім Ынтықбай, Зият Шәкәрім, Тұрсын Жарқынбай, Шәкен, Қасымжан Сағымқұл, Құрманғали, Болысбек, Тұрсын Қозыбай, ақындардан Айтмұхаммет Қозыбаев, Мырзабек Шаяхмет, Қайырылбашар Ақшайықұлы қатарлы оқытушы ұстаздар болған еді.

Алаш орда оқымыстыларының қытайға босып баруына Совет одағы тыңшылары астыртын бақылау алып барған. 1937-1940 жылдары Шинжаң өлкесінің губернаторы болған жендет Шың Шысай әйгілі «алты саясат» дейтін желеуін көтеріп Совет одағымен көріністе достық орнатқан сылтаумен қазақ, ұйғыр оқымыстылары мен ел басыларын қарата «құрылтайға» шақыру сылтауымен қанды қырғын жазалау әрекетін жүргізген.

Алтай аймағынан Шарыпқан Көгадайұлы, Ақыт қажы Ұлымжыұлы, Тарбағатай аймағынан Омар үкірдай, Әлімғазы, Мырзасадық Қадырмолдаұлы, Іле аймағынан Мақмұт, Айса төре, Қожабек қатарлыларды, Үрімжіден Баймолла, Жүніс қатарлы көптеген қазақтың сол кездегі абыройлы да оқымысты басшыларын зұлымдықпен көзін жойған.

Шинжаң өлкесін мекендеген қазақ ұлтының оқу-ағарту, мәдениет, тарихи сауат алу жағындағы алаш орда оқымыстыларының ықпалы зор болған. «Оян қазақ» өлеңін жатқа айтатын қариялар мол еді.

Қасен Майқыбай, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Редакциядан: Мақала көнекөз қариялардың естеліктеріне негізделіп жазылған. Редакция мақаладағы тарихи деректер мен кісі есімдерін, сөз тіркестерін автордың жазған қалпында беруді ұйғарды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір