03 Сәуір, 2024 NEWS
Көрнекі сурет
Әрбір отандасымызға әлеуметтік желіде жалған ақпараттар кезіккен болар. Әсіресе саяси науқан, апаттық және төтенше жағдайлар кезінде фейк ақпараттар белең алып, дүрбелең туғызып, халықты әбігерге салатыны тағы бар.
Қазіргі төтенше жағдай кезінде адамдар жалған ақпаратқа алданып, оның рас не жалғанын тексермей, таратып жатқандарды да кездестірдік. Осы кейіптегі ақпараттық сауатсыздық өз кезегінде апатпен арпалысып жатқан құтқарушылардың жұмысын қиындатады. COVID-19 пандемиясы кезінде тараған жалған ақпарат кесірінен адамдар вирустың шынында бар екеніне сенбеуі соған дәлел. Нәтижесінде карантин шараларын сақтамаған адамдар жаппай ауыра бастап, дерттің дендеп кеткеніне куә болдық. Аурухана науқас адамдарға толып, сыймаған халық үйінде емделіп, карантиндік локдаун жариялайтындай деңгейде жағдайдың нашарлағанын білеміз. Сәйкесінше жалған ақпарат көбейген сайын ақпараттық сауатты болудың да маңызы арта бермек.
Күмәнді хабарламалардың рас не өтірік екенін қалай ажыратамыз? Бұл сұрақты арнайы ақпараттық қауіпсіздік саласының маманы Шыңғыс Айнабекке қойып көрдік:
Маманның айтуынша, Біріншіден шыққан ақпараттың дереккөзін тексеру керек. Ақпарат ресми үкімет веб-сайттары, жергілікті БАҚ және төтенше жағдайларды басқару ұйымдары сияқты белгілі және сенімді дереккөзден тарауы тиіс.
Екіншіден әртүрлі дереккөздердегі ақпаратпен салыстыру керек. Мысалы, телеарна жаңалықтары мен ақпараттық ресурстарды шолып шығыңыз.Егер сізге келген ақпарат өзге еш жерде тарамаса, оның жалған болуы ықтимал.
Үшіншіден. Фотосурет немесе бейне материал келсе, оның түпнұсқа екеніне көз жеткізіңіз. Себебі ол материал осыдан бірнеше жыл бұрын жарияланған немесе мүлде басқа мемлекетте түсірілген болуы да мүмкін. Ол үшін интернет желісінде метадеректерді талдауға арналған сайттар жеткілікті.
Мұндай жағдайдағы тағы бір сенімді серігіңіз бар. Ол сіздің ішкі логикаңыз. Егер бір ақпарат тым сенімсіз немесе даулы болып көрінсе, оның жалған болуы әбден мүмкін.
Одан бөлек ақпарат үрей туғызып, үстемелетіп, эмоцияңызға әсер ететіндей формада берілсе, оның фейк болу ықтималдығы да аса жоғары деген сөз.
Заңда жалған ақпарат таратушыларға 20 АЕК айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілік көзделген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір