• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Мамыр, 14:28:57
Алматы
+35°

Фото: Президенттің баспасөз қызметі

Су астында қалған үйлер, қырылған мал, жарылған бөгет. Қазақстанның он бір аймағын жайлаған су тасқынының нақты шығыны әлі де артып келеді. Қазіргі мәліметке, сүйенсек Азаматтық қорғау қызметтері 118 мыңға жуық адамды эвакуациялады. 6 мыңға тарта жеке тұрғын үй су астында қалған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әрбір қираған үй үшін мемлекет бюджетінен 22 миллион теңге бөлінетінін хабарлаған. Сонымен қатар азаматтарға бөлінетін төлемақы, мал-мүлік, мемлекеттік мекемелер, балабақша, мектеп, аурухана сынды ірі нысандарды қалпына келтіру жұмыстары бар. Президенттің "Бәрін қалпына келтіреміз" деген сөзі әрине жанға медеу. Бірақ мемлекеттің күллі шығынды өтеуге қаржысы бар ма? Қауқары жете ме? Бұл сұрақтардың жауабын экономист маман Айбар Олжайдан сұрап көрдік:

– Соңғы дерекке сай, 5708 тұрғын үй су астында қалған, егер әр үйге 22 миллион теңгеден бөлінетінін есепке алсақ, тұрғын үй салуға ғана шамамен 125 млрд теңге кетеді енен. Оның сыртында мал-мүлік, төлемақы, мемлекеттік мекемелерді қалпына келтіру, ТЖ-мен күресу жұмыстарына жұмсалатын шығын бар. Осының бәрі жобамен қанша қаражат керек етуі мүмкін деп ойлайсыз?

– Тұрғын үй үшін 125 млрд теңге бұл қазіргі шығын көлемі. Негізі одан да көп болатын секілді. Себебі тұрғын үйден бөлек инженерлік коммуникацияға, яғни құбыр мен электр жүйесіне нұқсан келсе, оны қайта жөндеп шығу өте қымбатқа соғады. Сонымен қатар тасжол, әлеуметтік инфрақұрылымдар, кәріз жүйелерін қалпына келтіру де уақыт күттірмейтін жұмыстар. Үкімет резервіндегі ақша қазір 300 млрд теңгедей. Ал шығын көлемі шамамен 2 млрд доллар, яғни 800-840 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

– Мұнша қаражатты мемлекет қайдан алады? Үкіметте осындай форс-мажор жағдайлар үшін бөлек қаржы қарастырылған ба?

– Біздің бюджетте оған арнайы бөлінген 2 млрд доллар жоқ. Үкімет қазір барлық ішкі резервтерін қарап жатыр. Жылдың аяғына дейін 300 млрд теңге үкімет резерві бар. Одан кейінгі қадам ұлттық компаниялардан 2023 жылғы барлық дивиденттерді және үлестірілмеген пайданың толық көлемін алатын секілді. Жақын арада компаниялар барлық дивидендтерді 100 пайыз үкіметке береді деген шешімді күтуге болады. Бәйтерек холдингіне қарасты компанияларды қоса алғанда, шамамен 100-150 млрд қосымша шығаруға мүмкіндік бар. Самұрық-Қазына тағы 100 млрд дивиденд береді. Сонымен біз 500 млрд-қа жеттік. Әрі "Форбс" тізімінде бизнестегі жеке капиталды адамдар бар. Олар қазірден көмек ретінде беріп бастап кетті. Оларды тағы кішкене сілкісе 100 млрд теңге шығаруға болады. IPO-да компаниялардың сатылған акцияларынан тағы 30 млрд қосылады, ол акционер қолында. Қалған ақша әрине ұлттық қорға тіреледі. Бізде тағы бір мәселе бар. Үлкен трансұлттық корпорация "ERG"-дің дивидендін көп жылдан бері пайдалана алмай отырмыз. Өйткені Стати соты бойынша сол дивидендке бұғат салынған. Ондағы қор ақырындап 1 млрд долларға жетіп қалды. Бәлкім соны пайдалансақ, біраз мәселемізді шешер едік.

– Сырттан қарыз алу ықтималдығы қандай?

– Сырттан қарыз алу ықтималдығын қолдамаймын, ішкі резервтеріміз де жетерлік. Ішкі қарыз алу мүмкіндігі жақсы. Ішкі қарыз алу жүйесін көбейтуге болады. Ол үшін Қаржы министрлігі көбірек облигацияларды шығаруы керек. Бірақ оның барлығы бюджеттік параметрде есептелген, ішкі қарыз белгілі деңгейден асып кетпеуі керек. Біз ол деңгейге негізінен жақын тұрмыз. Егер ол межеден асып кетсек, бекітілген бюджеттік кодексті бұзатын боламыз.

– Тасқын салдарының ауқымын айтып бере аласыз ба? Осы миллиардтаған қаржыны жаймашуақ күнде өзге салаға бағыттаған болсақ, елдің нендей түйіткілді мәселесін шешер едік?

– Бізде негізі бұл ақшаның басым бөлігі жол салу мен жөндеуге қарастырылып отырған еді. Енді жол құрылысына бағытталған қыруар қаржыны осы апат салдарымен күресуге салатын боламыз. Осыған байланысты биыл және алдағы бір жыл мүлдем жол құрылысынсыз қаламыз. Экономикамыздың негізгі жоғалтатын тұсы осы болады. Себебі магистральді жолдардың жақсаруы экономикамызға тікелей жақсы әсерін беретін еді. Мысалы: Логистиканың дамуы, отандық компанияларға түсетін тапсырыстар экономикаға өзіндік бір әсерін беретін. Сондықтан алдағы екі жылда жолымыз нашарлап кететін болады. Экономикамызға әрине бұл күтпеген шығын. Бірақ құрылыс саласына бәрібір импульс болады. Бұл елімізді тұралатып, құлатып кететіндей шығын емес. 56 млрд доллар ұлттық қорда ұстап отырмыз, ішкі резервтеріміз өте мықты, алтын валюталық қорларымыз жетеді. Бұл шығыннан Қазақстан толық құлап қалады деуге келмейді. Бірақ әрине біраз жоспарымызды кейінге шегеретіні анық.

Бағлан Тұрғанбек

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір