Асылжан Мамытбеков: Жер дауын көтерушілер ел бірлігіне қарсы әрекет етуде

/uploads/thumbnail/20170709004734934_small.jpg

Еліміздің ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өзінің Фейсбуктегі парақшасында жер дауына қатысты ойын білдіріп, аграрлық ел саналатын Аустралия тәжірибесінен үйренеріміз көп екенін айтыпты. Жердің бай-бағланға сатылып, шетелдіктерге арендаға берілуіне қарсы шығып жатқандардың дені қазақтар мен қазақ тілділер болса да, министр мырза мәлімдеме-постын не үшін орыс тілінде ойқастатып отырғанын түсінбесек те, айтқандарына назар аударғанды жөн көрдік. Сонымен, Асылжан Мамытбеков «Мағынасыз айқай немесе мағыналы үнсіздік» (Двусмысленность или умолчание со смыслом) деп ат қойған ол постында не дейді?

Ең алдымен елді 1 мамыр – Бірлік күнімен құттықтаған министр жазбасын соңғы уақытта елдің әр өңірінде қылаң беріп жатқан наразылық шараларына баға беруден бастапты.

«Өкінішке орай, соңғы уақытта біздің осы бірлігімізді бұзып, елімізде түсінбеушілік пен жік туғызу үшін көп нәрсе жасалуда», - деген ол жерге қатысты заңдағы өзгерістердің барлығы әлемдік тәжірибеге, экономиканың сан қатпарлы талаптарына толықтай сай екенін тағы бір қайталап өтіпті.

«Адамдар, оның ішінеде бизнестегілер, инвестияция құюдың, әсіресе, оның әлемдік экономика қиын жағдайда тұрған сәттегі маңызын жақсы біледі. Қазіргі заманғы соғыстар мен қарсылықтардың негізгі құралы ретінде инвестицияларға қол жеткізуге бөгет келтіретін санкциялар мен шектеулердің қолданылуы да тегін емес», - деген А. Мамытбеков «Жер кодексіне» енгізілген өзгерістердің ең алдымен инвестиция тартуға бағытталғанын айтады.

«Қазіргі Жер кодексі экономиканың аграрлық секторына инвестиция тартуды жеңілдету үшін әзірленді. Сонымен бірге, шетелдіктерге жер учаскелерін жеке меншікке беру туралы мәселе көтермейді. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде Аустралия билігі Қытайдың жеке компаниясына жер сату туралы келісімді «ұлттық мүддеге қатер төндіргені үшін» бұзғаны туралы айтылуда. Осылайша, либералды ел Аустралияның өзі біздегідей емес, жер сатудан бас тартып отыр деп көрсеткілері келеді.

Алайда, АҚШ, Ұлыбритания, Германия және басқа елдер туралы ештеңе айтпайды.

Бірақ, толық мәтіннен жекелеген сөздерді жұлып алуға болмайды. Иә, Аустралия, нақтырақ айтсақ, сол елдегі арнайы орган – шетелдік инвестицияларды реттеу жөніндегі кеңес (Foreign Investment Review Board (FIRB)  қытайлық инвесторлардың австралиялық компанияны сатып алу жөніндегі келісіміне шектеу қойды.

Осы фактіні бізге Аустралия шетелдік азаматтарға және заңды тұлғаларға жер сатып алуға рұқсат бермеді деп жеткізуде», - деген министр бұл келісімнің мемлекеттік емес, жеке компания жұмысына қатысты екеніне назар аудартады.

«Енді осы фактілерге мұқият үңілсек. Әңгіме S. Kidman & Co компаниясына тиесілі 11 млн га жерді 370,7 млн аустралия долларына (289 млн АҚШ доллары) сату туралы болып отыр. Бұл бұғаттау жер сатуды жоққа шығармайды. Өйткені, осы оқиғадан кейін инвесторлардың арнайы консорциумы құрылды, оның 80 пайызы қытайлық Dakang Australia Holdings-ке, қалған 20 пайызы аустралиялық Australian Rural Capital-ға (мұның 55 пайыз үлесі қытайлық Shanghai Pengxin Group қорынікі) тиесілі.

Қазіргі уақытта келісім шетелдік инвестицияларды реттеу кеңесінің және қаржы министрінің қарауында жатыр. Оның мақұлдану, мақұлданбауы осы органдардың шешіміне байланысты болмақ», - деп аустралиялықтардың саясатын шемішкеше шаққан министр бұл елдің жерді шетелдіктерге жалға беріп қана қоймай, сатуға да ешқандай тыйым салмайтынын атап өткен.

«Бұл жерде Аустралия заңдары жерді шетелдіктерге сатуға ешқандай да тікелей тыйым салмайтынын (!!!) атап өту керек. Ал, Аустралия ауыл шаруашылығына келетін инвестициялар 11,4 миллион АҚШ долларынан асқан жағдайда арнайы мақұлдауды ғана қажет етеді. Тек, сауда-саттық туралы шетелдік меншік регистрін басқару туралы салық комитетін құлақтандырса жеткілікті. Кеңестің келісімдердің күшін жоюы сирек кездесетін, бір жылда бір рет қана болатын жағдай. Бұдан бөлек, келісіммен міндеттелмейтін басқа да шарттар бар. Ал, шетелдіктерге жерді жалға беру мәселесінде Аустралияда мүлдем шектеу жоқ», - дейді А. Мамытбеков.

Осы орайда министр жерге араша сұрап жүрген ағайынның уәждерін түсінбейтінін айтыпты.

«Маған біздің азаматтардың толқуы мен дабылы түсініксіз болып отыр. Жер дегеніміз – Отан мен Ана ұғымында қабылданатын қасиетті құндылық емес пе? Менің ойымша, соңғы оқиғалар бізде де азаматтардың ақпараттануын жақсартып, осындай сауда-саттықтардың ашықтығын көрсететін аустралиялық шетел инвестицияларын реттеуші кеңес іспеттес институт құру қажеттілігін көрсетіп отыр. Егер басқа да азаматтарда қандай да бір ұсыныс болса жер ресурстарын басқаруға өкілетті орган Ұлттық экономика министрлігіне хабарласуына болады», - деген А. Мамытбеков әңгімесінің соңында «ұсыныс-тілектерден» өз басын аулақ әкетіп, Е. Досаев басқаратын министрлікке қарай жол сілтеп жіберіпті.

«Тікелей аграрлық секторда жұмыс істейтін адамдар толық әрі дұрыс ақпараттарға ие. Ал, алаңдаушылық білдіріп жүргендердің дені осы мәселемен  бірінші рет бетпе-бет келіп отырғандар»,  - деген министр уәжі осыған дейін де айтылып келе жатқан «арандатушылар» мен «адасушылар» туралы үйреншікті жарапазанның жалғасы секілді.

Дархан Мұқантегі

Связанные Статьи