ХАН КЕНЕ (Кеңесары Қасымұлына)

/uploads/thumbnail/20170709020346197_small.jpg

Қара шалдан бата алып, қараша үйден аттанған, 
Құдайының алдында шаһит кешіп, мақталған, 
Толқыны асау теңіздей тұла бойда тасып қан, 
Арыстандай ақырып, ата жауын шошытқан, 
Абылайдың ұрпағы, 
Сұлтандардың сұлтаны -
Əзірейіл көзімен сұңқардайын сұқтанып,
Шідерісі шешілген тұлпардайын тепсініп, 
Азаттыққа асыққан, 
Ей, менің ерен туған, ерлік қылған 
Хан Кенем!..

Сөздеріне түкіріп бодан қылмақ ұлықтың, 
Бір байрақтың астына батырларды жиып мың,
Дамыл таппай ұрысты далиған бұл далада, 
Ұйқы көрмей ал үйде, 
шырылдады шарана...

Кекілік Сеңгір дейтұғын қырғыздардың жерінде, 
Қырғыз-қазақ соғысты Майтөбенің белінде.
Əскері көп қырғыздар қоршауға алды қазақты, 
Жалғыз қалған Хан Кене, 
Өлім күтті азапты...
Екі рəкəт намазын оқып алып батырым, 
О дүние есігін ашып жатты ақырын. 
Абдырады сонда жұрт, жеңілдік пе, жеңдік пе? 
Басын шайқап, таңырқап өлім жеңген өрлікке. 
Тіліп, 
Кесіп, 
Азаптап, 
Салсаң да дағы жəбірге, 
Иілмейді ешқашан - иілген бас Тəңірге!..

 

Екі рəкəт бұл намаз - Хан Кенеден қалған бақ, 
Екі рəкəт намазбен - екі ғұмыр жалғанбақ.
Хан Кенем-ай!..
Сен құсап, 
Дінім үшін бұлқынып, 
Жұртым үшін жұлқынып, 
Шаһиттіктің шəрбатын 
Кетем кейде
Армандап...

Біржан Ахмер

Связанные Статьи