Кеше Ақтөбе қаласында болған лаңкестік әрекет бүкіл елдің үрейін туғызды. Оның дақпырты тек Қазақстан емес, әлем елдеріне тарап жатыр. Ресми түрде оқиғаға лаңкестік әрекет деген баға берілді. Қалада лаңкестікке қарсы операция режимі енгізілді. Қарулы күштер мен арнайы органдар күшейтілген жағдайда қызмет атқаруда. Бүгін таңертең тағы да қала ішінде атыс болып, бірнеше қылмыскер өлтірілді, бірнешеуі қолға түсті деген де ақпарат тарауда.
Қоғам мүшелері, қарапайым азаматтар мен сарапшылардың бұл мәселеге орай пікірлері де әр алуан. Ресми мәлімдемелерге сенімсіздікпен қараушылар да жоқ емес. Алайда, қанды қол қарақшылардың бұл әрекетін оған қандай мақсатта барса да ақтауға келмейді. Жазықсыздан жазықсыз алты адам қаза тапты, оншақты адам жарақат алды. Екі бірдей қару-жарақ дүкені тоналып, полиция басқармасы мен әскери бөлімге шабуыл жасалған. Қарақшылар негізгі соққыны осы әскери бөлімнен алған. Ол заңды да. Ал, лаңкестердің шабуылдау нысаны ретінде әскери бөлімді таңдап алуының өзі арам жоспарларының алысты көздегенін аңғартса керек.
Бұл оқиға елдің тек құқыққорғау, күштік құрылымдарын ғана емес, тұтастай мемлекеттік жүйенің жұмысын сыналған, иедологиялық саладағы ақауларды сынаған жағдай болып отыр. 2011-2012 жылдары да осындай оқиғалар орын алып, арнайы операциялар кезінде бірнеше лаңкес қаза тапты, қаншамасы қамалып, бірқатар ұйымдар мен сайттардың жұмысына тыйым салынды, қауіпті әдебиеттер тәркіленді. Бірақ, араға бес жыл салмай қарулы қақтығыс тағы қайталанып отыр. Бұл жолғы ауқымы да, лаңкестік жоспарлардың сипаты да басқаша. Сарапшылар бұл терактілердің алдыңғысынан әлдеқайда қауіпті, әлдеқайда алыс жоспарларды көздейтінін айтып отыр.

Сарапшы Марат Шибутов кешегі Ақтөбедегі жағдайдың бес жыл бұрынғы оқиғалармен ұқсастығын айтып отыр. Ұқсастығымен қоса, содан бері лаңкестік ұйымдардың біршама жетілгенін айтады.
«2011 жылғы сценарий қайталануда, бірақ, біршама қатаң түрде. Енді радикалдар минаны дұрыс жинайтын болады, бұрынғыдай өздері де жарылып кетпейді. Олар өз қателіктерінен сабақ алуда. Жалпы, террористер тактикасының жақсарғаны байқалады», - дейді ол.
Лаңкестік әрекеттер мен ондай ұымдардың не себепті батыс өңірлерден шығатынына да сарапшының өз пікірі бар.
«Бұрын онда (Батыс аймақтарда – ред.) ислам діні оңтүстік өңірге қарағанда қатты тарамады. Сондықтан, жаңадан дінге бет бұрушылар көп. Ал, жаңадан келушілер радикалдардың ішінде ең көп үлеске ие. Оған қоса батыс халқы жауынгер келеді, сонымен бірге онда мұнайшылар мен басқа халықтың арасындағы кіріс деңгейінің алшақтығы зор. Сондықтан, батыс өңірде тарихи, әлеуметтік-экономикалық және діни факторлар бір жерге тоғысып, осындай күрделі жағдай туғызып отыр», - дейді ол.
Саясаттанушылар Расул Жұмалы мен Досым Сәтбаевтың да пікірлері бір жерде тоғысады. Олар да Ақтөбедегі жағдайдың кездейсоқтық еместігін айтады.

«2010-2011 жылдарды еске түсірейікші. Ол кезде де осындай лаңкестік әрекеттер болып, мемлекеттік мекемелерге, ҰҚК ғимараттарына шабуыл жасалды. Ол кезде мемлекеттік билік күшіне еніп, шаралар қолданды. Салалық агенттік құрылды, арнайы органдарға қосымша өкілеттілік берілді. Қысым күшейді. Бірақ, сол кезде сарапшылардың көбі, ішінде мен де бармын, күштік әдістермен шектелуге болмайтыны, идеологиялық және тәрбиелік бағытта да жұмыс істелуі керектігін ескерттік. Яғни, оқиғаның салдарымен емес, себебімен күресу қажет еді», - деген Расул Жұмалы радикалдық ағымға өткен азаматтармен жұмыстың тиімсіздігін баса айтып отыр.
«Біреу қандай да бір ұйымда не ағымда жүргені белгілі болса, оны нысанаға алып, қудалау басталады. Бұл мәселені шешпейді. Ондай адам мұндай әрекеттен соң одан әрі тығырыққа тіреледі. Сондықтан, мұндай мәселеде репрессияға емес, түсіндіруге, идеологиялық жұмыстарға, дәстүрлі діннің негіздерін насихаттауға жүгіну керек», - дейді Расул Жұмалы.
Саясаттанушы Досы Сәтбаев та идеологиялық жұмыстағы бірқатар әттеген-айлардың барын мойындайды. Оның ойынша жастармен жұмыс жүйеленбесе мәселенің масштабы да ұлғая бермек.

«Мен қазір өте қауіпті трендті бақылап отырмын: егер 1990 жылдары осындай сипаттағы негізгі тұтқындаулар елдің негізінен оңтүстік бөлігінде және өте сирек болатын, кейін батысқа ойысты, қазір олар елдің барлық өңірлерінде болуда. Яғни, радикалдық ұйым мүшелері республиканың барлық территориясында бар деген сөз. Және де тек жастар арасында ғана емес. Теріс ағымдарға ерген бизнесмендер, орта тап өкілдері пайда болды. Бұл радикализм мен экстремизм вирусы түрлі демографиялық, этникалық, әлеуметтік топтарға тарап жатқанын білдіреді», - дейді Досым Сәтбаев.
Саясаттанушы билік органдарына «Барлық Қазақстан азаматтарына еліміздің экстремизм мен терроризм алдында қиын жағдайда тұрғанымызды анық айтып, елдің барлығын қырағылық пен мұқияттылыққа шақыруға» кеңес береді.
Ал, нақты Ақтөбедегі жағдайға байланысты Д. Сәтбаев олардың дайындық деңгейінің төмендігін байқағанын айтады. Бұл және де еліміздің барлық өңіріндегі жағдай. Алайда, ол Ақтөбедегі оқиға жаппай шабуылдардың хабаршысы деп санамайды.
«Қазақстанда барлық радикалдарды бақылау мүмкін еместігін айту керек. Белгілі бір экстремистік ұйымды бақылауға болады, ал, өз үйлерінде жиналып, ешкімге ештеңе айтпай әрекет ететін, радикалды үгітке уланған, лаңкестік әрекетке дайындалған топтарды анықтау қиын. Сол үшін де азаматтардың өздерінің қырағылығы керек. Олардың жиналып жүргенін күштік құрылымдар, басқа органдар куәгерлерден естіп білуі керек», - деген ол экстремистік бағыттағы ұйымдардан жұртты сақтандырудың жолы азаматтық секторды дамыту, қоғамдық ұйымдарды көбейту керек дейді.
«Әлсіреген оппозицияның орнын радикалдар баса алады. Үкіметтік емес ұйымдар неғұрлым көп болса, экстремистердің де мүмкіндігі азаяды», - дейді Д. Сәтбаев.

Терроризм табиғатын зерттеп жүрген саясаттанушы Ерлан Қарин де елде жойылған лаңкестік ұйымның орнына жаңасы пайда болмауына назар аудару қажеттігін айтады.
«Бұрын мұндай көптеген топтар белсенді фазаға жетпей жойылып отырды. Сондықтан біз олар туралы көп уақыт естімей келдік, тікелей қатермен бетпе-бет кездеспедік. Бірақ, бір жұмыс радикалдарды анықтап, жою болса, екінші жұмыс олардың орнына басқаларының келмеуіне жол бермеу. Бұл басқа проблема және өзінше міндет жүктейді», - дейді Е. Қарин.
Саясаттанушылардың қай-қайсысы болмасын лаңкестікпен күрес тек күштік операциялармен, атыс-шабыспен шектелмеуі, адасқан ағымдар мен адастырушы ахилардың атын атап, түсін түстейтін ағартушылық жұмыс қажеттігін айтады. Идеологиялық саладағы осы олқылық жойылмай мұндай қатер де сейілмек емес.
Әзірлеген: Дархан Мұқантегі