Ақтөбедегі қырғынның жай-жапсарын анықтап алмай заңға өзгеріс енгізу ерте емес пе?

/uploads/thumbnail/20170709023756308_small.jpg

Дін істері жөніндегі комитет сарапшылардың салафизм идеологиясына тыйым салу жөніндегі ұсынысын қарауды бастады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

«Қазіргі уақытта қоғамда, әсіресе, сарапшылар ортасында осы қозғалысқа тыйым салу туралы мәселе көп ұсынылуда. Біз барлық қырын зерттеп алуымыз керек. Оның үстіне біз осындай шешім шығарылған жағдайда мемлекеттік органдардың, Қазақстан мұсылмандары басқармасының бұған дайын болуын да түсінуіміз керек», - дейді Мәдениет және спорт министрлігі құрамындағы Дін істері комитетінің басшысы Ғалым Шойкин.

Ғ. Шойкин мұндай шешім қабылдау үшін көп жұмыс істеу керектігін айтады.

«Біз бұл мәселені кеңінен қарастыру керектігін түсінеміз. Егер қандай да бір радикалдық шара қолдансақ, онда біз пәтуалар, әдебиеттер, аудио, видеоматериалдар, уағыздар бойынша да шешім қабылдау керекпіз. Бұл өте үлкен жұмыс және оны бір шешіммен қамтуға болмайды», - деп отыр Ғ. Шойкин.

Бұған дейін «Аңсар» консультативті-реабилитациялық орталығының басшысы Асқар Сабдин де салафизм ағымына заңмен тыйым салуды ұсынған болатын.

«Ақтөбеге қатысты айтар болсақ, радикализммен уланған жастарға сыртқы ықпалдар болғанын көреміз. Олардың біреудің үндеуі немесе пәтуасы негізінде осындай әрекетке баруы мүмкін. Ақтөбедегі терактілер тиісті құқықтық шаралар қабылдауды қажет етеді. Мәселе осыған дейін лаңкестікке қарсы жұмыста ақпараттық және күш қолдану әдістері жиі қолданылғанымен, құқықтық алаң толерантты болып қалды. Мәселен, салафизмге қатысты тыйым жоқ. Егер біз терроризмнің тек салдарымен емес, себептерімен де күресеміз десек, осы терактілер салафизмге тыйым салу жөнінде саяси шешім  қабылдауға себеп болуы керек», - деген Сабдин «қазір елімізде 600-ден астам терроршының түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқанын, олардың басым бөлігі өздерін салафит санайтынын» айтып отыр. Дін істері комитеті елімізде 15 мыңға жуық салафизм идеясын ұстанушы бар деген ақпар да таратты. Бұл да аз көрсеткіш емес. 23- полкқа жетерлік адам. Сол себепті, лаңкестікке құқықтық тұрғыдан да тосқауыл қою жайы сөз болуда.

Яғни, қоғам тарапынан ұсыныс тасталды, салалық комитет сол ұсынысты қарауға кірісті. Айдың-күннің аманында оқ атылып, азаматтар қаза тауып жатқаны үлкен проблема екені сөзсіз. Осындай қанды қырғын орын алып жатқанда қол қусырып отыруға, заңның кем-кетігін реттемеуге болмайды. Белгіленген тәртіппен құқықтық жүйе жетілдіріліп, қолданыстағы заңнамаларға уақыт сұранысына сай өзгерістер енуі керек. Ақпарат ағынына көз салсақ, мүдделі тараптар заңға тиісті өзгерістерді енгізбей қоймайтын да сияқты.

Ал, сол заңға өзгеріс енгізгеннен терроризм жойылып кете ме деген де сұрақ туады. Біреулер кеше әлеуметтік желіні жабу керек, радикалдардың насихаты сол желілерде қатты жүруде деген ұсыныс айтты. Оған «Уахабизм идеясы ХҮІІІ ғасырдан бері ешбір әлеуметтік желісіз-ақ тарап келеді» деп жауап бергендер болды. қарап отырсақ – қайшылық көп. Оның үстіне заңды күшейтеміз деп, билік асыра сілтеп жібермей ме деген де күдік бар халықта. Ел ертең ауызашар беріп, өлім-жітім жөнелтуге, құдайы тамақ беруге әкімдіктен рұқсат сұрап әуре болмаймыз ба деп алаңдаулы. Яғни, ендігі уақытта қоғам болып заңдардың осындай орынсыз бюрократиялық кедергілерге толып кетпеуін қарауымыз қажет. Тіпті, тек діни радикалыизм емес, жалпы демократиялық құндылықтар шектеліп, цензура күшейіп кетпесін дейік. 

Ал, ең бастысы, Ақтөбедегі оқиға өзінің қорытындыланатын межесіне жетпей жатып, лаңкестердің нақты саны, ұстанған мақсаты, бұл терактіге не үшін барғаны, қандай қолдау болғаны сынды сұрақтарға толық жауап алмай жатып оған құқықтық баға беруге ерте сияқты. Тиісті заңдарға өзгеріс енгізу туралы бастама әзірге бастама күйінде қала тұрғаны да дұрыс болар. Ертең елдегі саяси ахуал өзгеріп, Ақтөбеде ойран салғандардың ешқандай да діни топтарға қатысы жоқтығы, әдеттегі криминалдық элементтерді белгілі бір мүдделі күштердің айдап салғаны анықталып жатса қайтеміз? Сол себепті де бұл мәселеде қоғам назары заңға енетін өзгерістер туралы дауға алаңдамай, ең терактіге қатысты тергеудің әділдігін бақылауға, тергеу ісіне тікелей араласу мүмкіндігі болмаса да, әлдебір дерек, дәйектердің қолдан жасалып кетпеуін қамтамасыз еткен жөн.

Жомарт Абдоллаұлы

Связанные Статьи