Аса, мәртебелі оқырман!
«Қамшы» сайтының 微信 бетіндегі оқырман саны он күннің ішінде мыңнан асты. Бұл күнделікті Web-сайтымызды қарайтын 2000 оқырманды қоспағандағы мәлімет. Әу бастан әлемдегі бар қазақтың тұтастығын ту еткен ақпарат алаңымыз Алланың қолдауымен осылайша күн санап өркендеп келеді. Бұл, әрине өздеріңіз сияқты нағыз ұлт жанашырларының еңбегі. Ұлтқа үнсіз қызмет ету – жазылмаған заң. Осы тұрғыдан алғанда «Қамшының» 微信 қосымшасын дос-жаран, ағайын-туыстарына жіберіп, атсалысқан азаматтарды Алаш бірлігіне қалтқысыз қызмет еткендер деп түсінеміз.
Біз ешқандай мемлекеттің, ешқандай ұлттың, ешқандай биліктің жауы емеспіз. Біз адам баласына бейбітшілік, ынтымақ, нұрлы болашақ қана тілейміз. Дегенмен, біздер үшін ең маңыздысы - сол адамзат өркениетінен ойып орын алатын қазақ дейтін халықтың ертеңі.
Біз 微信 бетіндегі оқырманның көбейгені арқылы ешқандай қаржылық табысқа қол жеткізбейміз. Біз web-сайт бетін қарайтын мың сан оқырман арқылы ешқандай экономикалық кіріс кіргізбейміз. Бізге керегі – сайт бетін қарайтын оқырман саны мыңдап артып, Қазақстан сайттарының ішінде рейтингіміз жоғары болса, сол арқылы бүгінгі билікке сөзімізді өткізіп, қазақ көшіне қамшы салсақ, қазақтың жағдайын жақсартсақ деген арманшыл көңіл ғана.
Біз мемлекет тарапынан немесе белгілі топтар тарапынан ешқандай қаржылық демеу көрген жоқпыз. Яғни ешқандай мүдделі топқа жұмыс жасамаймыз. Тиісті қаржыны ұлтым деген санаулы азаматтардың тиын-тебенімен құрап отырмыз.
Иә, «Біз» деп отырғанымыз - сіз, ол және мен, әрбір қазақ...
«Бұл оралмандардың сайты», «Шетелден келгендердің сайтына кірмейміз, мақала бермейміз» деген сөздерді де естідік. Оған бола жасыған жоқпыз. Қылышынан қан тамған Кеңес одағының өзінде «5 миллион қазақ тілегі кемшілік жолына сыймайды» деген Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның сөзін медет тұттық. Яғни миллиондаған қазақ бір тілекте, бір ниетте болса ол ешқандай кемшілік емес. Мейлі дүниежүзінің қай жерінде жүрседе миллион Алаш ұрпағының сөзі бір жерден шықса бұл кері кеткендік емес жеткендік. Соны аңғарғандықтан да, 微信 қолданушылардың көп сандысы Қытай қазақтары екендігін ескеріп, ақпаратымызды Ахмет Байтұрсынов әліпбиімен таратып отырмыз. Осы орайда 21 ғасыр дейтін ақпарат заманында қазақ жұртының өзара пікір алысуына түсіністікпен қарап отырған Қытай үкіметіне де айтар алғысымыз бөлек.
Әлқисса, «Қамшы» әуел бастан қазақтың ғылым-біліміне, әдебиет-мәдениетіне, намысына, ең бастысы «Ұлы көшіне» қамшы басу мақсатымен ашылған. Әлі де сол мақсат, сол мүдде. Ендеше, осы жұмыстың күткен биігінен көрінуіне атсалысып жатқан өздеріңізге – мың сан қазаққа тағы бір мәрте алғыс!
«Қамшының» ұранын ойлағанымызда «Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды» деген сөз санамызға ғайыптан құйылып еді. «Қамшыны» қолында ойнатқан қазақ, алты таспа бұзау тісті төбесіне үйіргізбейтініне көзіміз жетіп келеді.
Айта кетерлігі, 微信 қосымшасындағы оқырмандар саны «Қамшы» порталының Қазақстандағы рейтинігісіне ешқандай әсер етпейді. Егер мақаланың астындағы 阅读原文 деген сөзді басып жатсаңыз оның жөні бір басқа. Онда «Қамшының» нақты web-сайт бетіне өткен оқырман болып саналасыз. Яғни рейтинг бір сатыға болса да көтеріледі, биліктің бір адамы болсада қазақ үніне назар аударады деген сөз.
Ал кейбір ұялы телефондарда қаріптеріміз дұрыс көрінбей жатса, ол үшін кешірім сұраймыз. Жоғарыда айтқандай біз тек санаулы азаматтардың көмегіне ғана сүйенеміз. Соның салдарынан адам күші де, техникалық қуатымыз да жетіспей жатады.
Ұмытып барады екенбіз, «Қамшы» Қазақстан Респбуликасының Мәдениет және ақпарат министрлігінен Қазақстандағы және шетелдегі қазақтарға ақпарат тарататын «Ақпараттық агенттік» мәртебесін алған. Бұл мәртебе үшін де 2 жыл тынбай қызмет етуге тура келді. Есесіне сайда саны, құмда ізі жоқ ақпарат алаңы емеспіз. Біздің үнімізді тыңдап, тілегімізге құлақ түретін қазақ билігі бар.
Құрметті, оқырман!
Қазақтың бүгінгі тәуелсіздігінің негізін қалаған – 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметі. Ал Алашорда үкіметінің іргетасын қалаған атақты «Қазақ» газеті болды. Осы басылымның жарық көріп, таралуына тек Қазақстандағы ғана емес Қытайдағы қазақтар да дер шағында қол үшін созды. «600 сом жібердік»(6000 қойдың бағасы) деп үкілі сәлем жолдаған Алтай мен Күнес жұртының хаты соның дәлелі. Ол уақыт - империялық Ресейдің «жендеттік пиғылы» ұшына жеткен кезең еді...
Құдайға тәуба! Қазір басқа дәуір. Өркениетті мемлекеттер демократия принциптерін ұстанады. Бізге 600 сом жіберіп қанатымен су сеппеседе, оқырманның сайт бетіне кіріп, әр мақалаға тиісті пікір білдіргені қажет. Өйткені, бұл - сіздің «Қамшыңыз»! Бүгінгі ақпарат дәуірінде өзге ұлттармен тең тұрамыз десек, «Қамшымыз» әрдайым қолымызда жүрсін. Ол - құрал, ол - қасиет. Қолында қандай да бір мүмкіндігі бар әрбір қазақ «Қамшыға» атсалысып жатса қуана құптаймыз. Өйткені бұл бар қазақтың «Қамшысы».
Оставить комментарий