Президент ШҚО-ның даму барысына оң баға берді (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709032715193_small.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Мемлекет басшысы Өскемендегі әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Президент аймақтың аяқ алысына оң баға беріп, өңір басшыларына бірқатар міндет жүктеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz 24.kz -ке сілтеме жасап.

Бұл – бір жылда 5 мыңға жуық науқасқа өмір сыйлап отырған Қан орталығы. Өткен жылы іске қосылған ғимаратқа Елбасы алғаш рет келіп отыр. Соңғы технологиямен жабдықталған нысанда күніне 100-ден аса тұрғын қан тапсырады. Бүгін де өзгеге көмектескісі келгендер таңертеңнен бері келіп жатты. Олардың бірі өңірдегі әскери бөлімнің сарбаздары. Қайырымды іске құлшына келген жауынгерлердің риясыз пейілдеріне шын ризашылығын Мемлекет басшысы да білдірді.

Орталыққа жылына 24 мың литр қан жиналады. Олар өңірдегі барлық ауруханаларды жанға қымбат сұйықтықпен қамтып отыр. Ағзаға қажетті қанды дер кезінде науқасқа құю үшін мұнда 300-ге жуық маман тәулік бойы талмай қызмет етуде. Президент олармен де тілдесіп, атқарып отырған істерінің маңыздылығын айтты.

«Орталық үшін ең маңыздысы – донорлар жағдайы», - деді ол. Сондықтан әрқайсысының көңіл-күйін сұрап, қан тапсыру сауапты әрі денсаулыққа пайдалы екенін еске салды. 

Архат Төлесов қызыл тіршілік көзінің қадірін біледі. Хал үстіндегі оған дәл өзі сияқты бейтаныс адамның араша болғанын еске алады. Аурудан айыққан соң бірден қан тапсыруды әдетке айналдырыпты. Содан бері екі жыл бойы үзіліссіз орталыққа келіп тұрады. Жаңа ғимаратқа көңілі толатынын білдіріп, мақтанатынын айтты.

Архат Төлесов, қан тапсырушы:

- Ай сайын жаңа орталыққа келіп қан тапсырып жүрмін. Енді менің қаным басқа да адамдарға керек болады. Содан кейін өз қаным басқаларға да екінші өмір сыйлайды деп.

Рафхат Қайырбеков, қан тапсырушы:

- Екі ай сайын тапсырамын. Азаматтық борышым деп есептеймін өзім. Рамазан айында сауап болсын деп таңертеңнен келіп тапсырып жатқан жайым бар. Әр азамат көмегін аямайды деп ойлаймын. Денсаулығымыз жеткенше тапсырамын деп ойлаймын.

Гүлдар Матаева, ШҚО қан орталығының зертхана меңгерушісі:

- Осы залымызда құрал-жабдықтарымыз заманға сай. Ең бірінші біздің мақсатымыз – донордың көңілінен шығу. Әрбір донор біздің мақтанышымыз.

Нысанның халық үшін пайдалы тұстары көп. Мұнда арнайы жасақталған тоңазытқыштар бар. Оның ішінде сирек кездесетін қан түрлері қажетті көлемде ондаған жылдар бойы сақталады. Бұған дейін ондай мүмкіндік болмайтын. Одан өзге арнайы құрал-жабдықтар кез келген инфекция түрін анықтап, 100% қауіпсіздікке кепілдік береді.

Хайрулла Жигитаев, ШҚО қан орталығының директоры:

- Жылына 30-32 мың адам келеді. Солардың қанын аламыз. Шынын айтқанда, халқымыз түсініп келіп жатыр. Өз қанын бергендер өз жанын бергендей. Сол кісілер келіп қандарын тапсырады.

Кешен салынғанша Қан орталығы қаладан шеттегі ескі ғимаратта болған. Дәрігерлер ол жердегі құрал-саймандардың да тозығы жеткенін айтып талай дабыл қағып еді. Қан ескі әдіспен алынып, оған ұзақ уақыт кететін. Ал қазір ол күндер артта қалды.

Ағзамыздағы ең қажетті сұйықтық су жаңа құралмен тексеріледі. Бұрын тапсырылған қанды толық сараптамадан өткізу үшін дәрігерлер жарты күндерін сарп ететін. Ал қазір құрылғы небәрі жарты сағатта-ақ қанның жарамды не жарамсыз екенін анықтайды. Демек қорытынды тез шыққан сайын қажетті қан науқасқа да ертерек жетеді.

Мемлекет басшысы экономика үшін маңызды сала автокөлік өндірісінің жұмысымен де танысты. Облыстағы «АЗИЯ АВТО» компаниясы өрісін кеңейтіп, үлкен зауыт құрылысын бастапты. Жаңа жобамен таныспас бұрын Нұрсұлтан Назарбаев осы уақытқа дейін елімізде шығарылған темір тұлпарларды көріп шықты.

Компания небәрі 3 жылда 260 мыңнан аса көлік шығарып үлгерген. Бұл нарықтың 51%-ын құрайды. Ел қоржынына осы уақытқа дейін 350 млн АҚШ доллардай салық түсірген. Бұрын тек қаңқасын жетілдірумен айналысып келген кәсіпорын енді дамудың жаңа сатысына көтерілді. Мекеме басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрылысы басталған жаңа зауыттың жобасын көрсетті.

Жоспар бойынша кәсіпорын іске қосылса, ЖІӨ-ге 1,1 млрд АҚШ долларға дейін өсім береді. Қосымша 12 мың адам жұмыс табады. Жыл сайын түскен табыстан салық есебінде ел қоржынына 30 млрд теңге салынады. Автокөліктерді жинауға қажет құрал-саймандардың 50%-ы отандық өнім болады.

Ержан Мандиев, «АЗИЯ АВТО Қазақстан» компаниясының бас директоры:

- Салынып жатқан зауыт қосымша жұмыс орындарын береді. Ел қазынасына салмақты салық төлейді. Екіншіден, қарапайым халық үшін біздің автокөліктеріміз қолжетімді болады. Сапасы да басқа автокөліктерден кем болмайды. Қауіпсіздік талаптарына сай, экологиялық таза өнім шығарамыз. Темір тұлпарлар сырт келбеті жағынан да әлемдік брендтерден кем түспейді.

Тізілген көліктер арасынан соңғы кезде сәнге айналған электромобильді де байқауға болады. «Сұраныс болса, көліктің ол түрін де жасауға қауқарымыз жетеді», - дейді компания басшылары. Ең бастысы, әрбір өнім тұтынушылар үшін қолжетімді бағада шығарылып отыр.

Алмас Тоқтаубеков, «АЗИЯ АВТО Қазақстан» компаниясының маманы:

- Мен жұмыс істеп отырған 5 жылдың ішінде біз шығарып отырған брендтердің ішінде модельдік топтамамыз бірнеше есеге көбейді. Менің жұмысым өте жауапты. Өйткені автокөлік жиналғаннан кейін оның қауіпсіздігіне мен жауап беремін.

Жақында ғана Елбасы кеңейтілген отырыста қаланы көріктендіру үшін таксилерді ретке келтіруді тапсырған болатын. Ал бүгін «АЗИЯ АВТО» компаниясы бірыңғай такси үшін арнайы көлік үлгісін көрсетті. Тапсырыс болып жатса, алдағы уақытта олар жаңадан бой көтеріп отырған зауытта құрастырылатын болады.

Шығыс Қазақстан облысының ғана емес, бүкіл ел экономикасының қозғаушы күшіне айналатын көлік зауытының құрылысы 2 жылдан соң аяқталады. Дәл қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Ірі кәсіпорын 500 гектар жерді алып отыр. Мұнда жылына 120 мың автомобиль шығарылады деген жоспар бар.

Шығыс Қазақстан облысы – индустриалды аймақтың бірі. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен инвесторларды тартуда алда келеді. Өңір экономикасы әлемдік өзгерістерге қарамастан қарқынды дамуда. Өткен жылдың өзінде тұралап қалған 100-ден аса әлеуметтік нысанның 95-і аяқталған. Жыл сайын бір ықшамаудан пайда болып отыр. Бұл халық санының өсіп, өңірдің кеңеюін білдіреді.

Президент жалпы аймақтың аяқ алысына оң баға берді. Бірақ әлі де істелінетін жұмыстардың баршылық екенін қаперге салды. Сондай-ақ Елбасы Тәуелсіздік жылдары әрбір аудан мерейтой жылды дәл осылай жемісті аяқтау қажеттігін жеткізді.

Связанные Статьи