ТӨКЕҢНІҢ ТҮСІ (әзіл-шыны аралас)

/uploads/thumbnail/20170709032755834_small.jpg

       Жуырда, қаладағы көп алқалы жиындардың бірінде, жергілікті әкімшіліктің шенеунігі Төкең, өзінше шешендігі ұстап кетіп, қатырып тұрып сөйледі-ау деймін, әйтеуір сондағы жұрттың бәрі даурығып, мұны жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелгені бар.

      - Ой, бәрекелді!..Әсілі, осы Төкеңді әкім етіп қою керек. Сонда бәрі түзеледі. Өзі елуді еңсеріп қалыпты-ау...Баяғыдан бері қалай байқамай жүргенбіз?..

       Төкең де кәдімгідей ісіңкіреп, ойланып қалды. «Несі бар, шынында да мен әкім болсам, өйтер едім… Бүйтер едім...» деген қиялмен үйіне түскі асқа да жеткен. Дастархан басында ұлы мен келіні отыр екен. Төкең төрге озып, тамақтанып болғаны сол еді, ішкі бөлмеден жүгіріп шыққан мектеп жасына жетпеген үш немересі: «О, атам келіпті ғой!..» деп шулап, бірі қолына шиыршықтап ұстаған газетпен басына ұрып, екіншісі жағасын жұлқылап, үшіншісі мойнынан қысып дегендей еркелеп, мұның әуре-сәуресін шығара бастады.Төкеңнің кейде немерелерімен осылайша жеңіл ғана алысып-жұлысып ойнайтын әдеті бар еді.Бұл жолы ондайға зауқы онша  соқпай : «Әй, қойыңдар түге!.. Аталарың бүгін сәл шаршаңқырап келді. Қазір аз ғана мызғып алайыншы, сосын сендермен жақсылап тұрып ойнаймын» деді де, бұрыштағы диванға барып, қисая салғаны сол еді, лезде көзі ілініп кетіпті де, түс көріпті.

        Түсінде Төкең қаланың әкімі болыпты-мыс. Бірақ қара басқанда, өзінің ана тілін, яғни қазақ тілін бірден ұмытып қалып, орысша шүлдірлей жөнеліпті дейді.Әрі-бері тілін бұрынғысына бұрайын десе, онысынан түк те  шықпай, қазақша жарты сөзді де есіне түсіре алмай, тілі өзіне бағынбай, ресми тілге еріксіз ауып кете береді-ей, о тоба!.. Оны айтасыз, мінез-құлқы да өзгеріп, қазақ тілін естісе құлағына біреу ине шаншып алғандай шоршып түсіп, мемлекеттік тілде жазылған жазуды көрсе, арқа-басы тырысып, кірпідей жиырылатынды шығарды. Оның үстіне, бұл бұрынғыдай «Төке» емес, енді  «Тупой  Мангуртович» болып кетіпті. Жанындағылардың өзін осылай атай бастағанына өкінбек түгіл, керісінше жүрегі жарылардай қуанып жүр-ей…

         Кабинетінде отыр екен дейді. Алдына екі-үш шал келіп, мемлекеттік тілде бірдеңе-бірдеңе дейді. Сөздерінен түйір нәрсе түсінсе бұйырмасын. Амалсыздан шалақазақ, шалажалаңаш, шаласауат аудармашы қызды шақырттырып алып: «Что они говорить? Переведи...» деп бұйырды. Сөйітсе, әлгі еріккен қақбастар: «Қаламызда қазақтар қаптап жүр. Алайда, мемлекеттік тілде білім беретін орта мектептер аз. Балаларымыз білім ұяларына сыймай жатыр. Анау екі мың оқушыға арнап салынған, бірақ бүгінде небары екі жүз-ақ бала оқып жүрген орыс мектебін қазақ мектебі етуге жәрдем беріңіз. Кәсіптік лицейлерде де қазақ топтарын ашуға мүлдем көңіл бөлінбей отыр. Шаһарда бірде-бір қазақша балабақша жоқ. Соған көмек қолыңызды созыңыз. Мекемелердегі іс-қағаздарын бірыңғай мемлекеттік тілге өткізу жұмыстары өте баяу жүргізілуде. Қаланың, көшелердің, оқу орындарының аттарын қазақшалау керек...» деп шұбыртып отыр екен ғой.

         Мұны есіткен Тупой Мангуртовичтің арқа-басы жыбырлап, қан қысымы тасып, әлгі қарияларды жек көріп кетті. Дегенмен,   өзінен бірер көйлек бұрын тоздырған тәжірибелі шенеунік-ұстаздарының: «Мұндайда қулық-сұмдық, яғни саясат қажет» деп айтқан ақыл-кеңесі есіне түсіп, екі езуін екі құлағына зорлап жеткізген күйі түлкіге ұқсап, жалғаннан жымиды-ай.

        - Ой, аксакалы, конечно Вы правы. Уже пора все это делать. Но, данный момент для этого в  бюджете  денги нету, - деп алдап-сулап, арқаларынан қаққан болып дегендей, әйтеуір бір бәле етіп, бәзер дегенде шығарып салып, құтылды – ау.

         -Ну, смотри, какие шустырые. Сразы захотелось все по казахский. Да, будет вам госязык, но только 2020 году! Интересно зачем, куда спешит? Впереди еще целый четерый года! Даже, если это начнем 2019 году, и то успеем. Черт знает, может быть там эту работу ещё на 29 лет продлеем. Ведь у нас до 2050 год тоже госпрограмма имеется. А вот тогда развивать казахский язык начинаем 2049 году. Успеем, успеем…- деп, олар кеткесін өзінен өзі біраз бұрқылдап алды да, кенет: « Правильно я говорю?» деген ол, жанында жезтырнақтікіндей тырнақтарын тазалап тұрған аудармашы қызға сұқтана қараған.

        - Ой, Тупой Мангуртович, конечно правильно, - деп жауап қатты ол екі иығын қиқаң еткізіп. - Я не понимаю, вообще зачем это госязык, ведь нам   и так хорошо.

         Тупой Мангуртович шалаказашкасының жауабына риза болып кеткені сонша, оның екі бетінен кезек-кезек шолп-шолп еткізіп, сүйіп-сүйіп алды…

          Көп өтпей кабинетке тағы бес-алты адам кірді. Бұлар ағылшынша сөйлейтін шетелдіктер екен.

        - Қалаңызға шіркеулер салып, қазақтарды шоқындырып, ұлт ретінде бүтіндей жойып жіберейік деп келдік. Инвестиция құйып, қазақ даласындағы байлықтың барлығын түгел сүлікше сорып алып, өз елдерімізге тезірек тасып алайық деген де мақсаттарымыз бар. Жоспарлаған жұмыстарымызды өте сәтті жүзеге асыру үшін бізге жер керек. Қазақ жерін жалға немесе сатып алуға рұқсатнама  қағаз беріңіз, пара үшін  әкелген ақшамыз да мол, - деді олар.

         «Ақша» деген сөзді естігенде, мұның құдды бір есіріткінің иісін сезген нашақордай, тамағы жыбырлап, екі көзі ақшаңдап шыға келді.

- Нет проблем! - деді  бірден беті бүлік етпестен. - Для этого вы дольжыны давать мне за взятку десять миллион долларов и имеете право все что хотите делать в моем территорий.

         Дәл осылай деген Тупой Мангуртович, олардың қолдарына дереу рұқсатнама қағаздарын да ұстата салды. «Сәнкиу, сәнкиулерін» қайта-қайта айтып, олар кетті жөніне, миллиондаған долларларды жамбасына басып, бұл қалды мұнда. 
         Қалтасы қампайғасын, көңілі де марқайып, сағатына қарап еді, түскі астың мезгілі таяп қалыпты. «Мемлекеттік маңызға ие бірталай істің басын қайырдым ғой. Енді үйге барып, тамақтанып келейін» деген қорытындыға келіп, сыртқа шыққан. Сөйітсе, қайсы автобуспен, қалай қарай жүру керек екені жадынан мүлдем өшіп қалыпты. Не істерін білмей,   дал болып тұрғанда, бір шалақазақ жігіт келіп: «Я ваш водитель. Ведь у вас имееться служебная иномарка, пожалуста сюда...» деп қиылып тұр. Машинаға жайғасқан соң әлгі жігіт тағы шүлдірледі.

         - Вы, Тупой Мангуртович, не переживайте. У нас акими в общественном городским транспортом не пользуется. По этому они какой автобус, по какому маршуруту, куда едет не знает. Вы тоже прывикните, все будет хорошо…

           Ол тағы да бір нәрселерді айтпақшы еді, үлгермеді. Машина үйдің жанына келіп қалыпты.

            Бұл үйге келгенде, әйелі мен балалары, немерелеріне шейін орысша сөйлеп жүргенін көріп, таң қалды. Тіпті әйелі: «Привет шал! У меня сегодня большой праздник — я приняла религия Иогова» деп қылмың-қылмың етіп, бұдан сүйінші де сұрап қояды. Неге екені белгісіз, бұл да бұған, құдды бір әкесі тіріліп келгендей, қатты қуанып кетіп, әйеліне  жүз мың долларды бере салды. Осы аралықта, балалары мен келіндері: «Папа, папа...» деп, немерелері: «Дедушка, дедушка...» деп еркелеп, бірі православияға кіргенін, екіншілері кәпірлердің тағы бір түсініксіз бытықы-шытықы ағымдарын қабылдағандарын мақтанышпен баяндап, бәрі бұдан сүйінші сұрап жатыр. Тупой Мангуртович  тегін келіп жатқан ақшаларды несіне аясын,  олардың да әрқайсысының қолдарына жеке-жеке  он мың доллардан ұстата берді.

              Кенет, Тупой Мангуртовичтің өзі де кәпір болғысы келіп кетті. Сондықтан, дереу «католик» дінін қабылдай салған. Бұған отбасы мүшелері тақияларын аспанға атқан қалпы шаттанып, мұны қызу құттықтап жатыр.

              Қысқасы, осындай қарбалас тіршіліктерден кейін жанұясымен шүйіркелесіп, тамақтанып дегендей, түстен кейін жұмысқа келсе, ойпырмай... әкімшіліктің алдында бір топ адам тұр!

         - Әне, келе жатыр! - деген олардың арасындағы ұзын бойлы, зор денелі, бұйра шашты, қара мұртты, қараторы жігіт қолын шошайтып, бұған қарсы жүре берді. - Әй, тілі мен дінін, ұлты мен жерін сатқан опасыз, бері кел!..

           Әлгі жігітке ерген топ та бұған жақындай түскен. Барлығының түрлері сұсты, қолдарында жуан-жуан бір-бір келтектері бар. Олардың мына арынын көрген Тупой Мангуртович зәре-құты қалмай, қаша жөнелді. Алды-артына қарамастан, басы ауған жаққа қарай ор қояндай орғып-орғып зымыраған мұны аналар да өкшелеп, қуып келеді…

             Кенет, Тупой Мангуртовичтің өкпесі аузына тығылып, ауа жетпей алқынып, дәрмені құрып, алға басқан аяғы кері кетіп, албасты басты да қалды. Қуғыншылар болса қиқулап, таяп қалған. Осы бір мәулетте әлгі қара мұртты, қараторы жігіт жетіп келіп, мұның желкесінен темірдей қатты сауақтарымен шап беріп ұстап алды да: «Әп, бәлем, қолға түстің бе?!.. Иттің баласы... Мен сені қазір...» деп, екінші қолындағы зілдей келтекпен басына сарт еткізіп, бір ұрды. Тегеурінді соққыдан басы айналған Тупой Мангуртовичтің көз алдында төңіректегі дүниенің бәрі төңкеріліп жүре берген. Сөйіткенше болған жоқ, қуғыншы топтағы басқа жігіттер де жетіп, бірі жағасынан, екіншісі шашынан… алып, улап-шулап, жұлмалай бастады. Тупой Мангуртович бейшара, дем жетпей, жаны мұрнының ұшына келгенде, көзін тарс жұмып алды да, лажсыздан: «Ойбай!.. Ойбай!..  Қойыңдар түге!.. Екінші қайталамаймын!.. Кешіріңдер мені!.. Кешірегөріңдерші!..» деп бар дауысымен қазақшалап бақырып, ізінше өкіріп-өкіріп жылап жіберді.

         Сол-ақ екен, әлгілер әп-сәтте қолдарын мұның жағасынан босатып, тым-тырыс бола қалса болар ма! Бұған және өзінің тосыннан қазақша сайрай жөнелгеніне таңырқаған бұл, көзін жайлап ашып, жан-жағына қараса… міне қызық, бағанағы «мызғыған» диванның үстінде әлі жатыр екен ғой.Төңірегінде қолдарына шиыршықтап ұстаған бір-бір газеттер бар үш немересі көздері бақырайып, бұған таңырқай қарап қалыпты. Шамасы, әлгінде ұйқысұрап айқайлағанда  мұның дауысы тарғыл-тарғыл болып шыққан-ау, немерелері шошып қалған тәрізді: шаштары тіп-тік, өңдері ақ қағаздай аппақ; бұл сәл оқыс қимылдаса, үшеуі үш жаққа, үріккен қояндардай зыта жөнелейін деп тұр. Ал, анадай жерде шай құйып отырған келіні мен оның жанындағы ұлы бұған көздерінің астымен қарап қойып, ішек-сілелері қатып, сылқ-сылқ күледі.

         Аяқ астынан есітілген қолайсыз қатты дауыстан қорқып кеткен әйелі де, ермек етіп отырған тігісін тастай сала, ішкі бөлмеден атып шығып: «Әй, не болып қалды, сонша?!..» деп үрпие қараған. Бірақ ол мына көріністі көріп, жағдайды тез аңғара қойды да: «Е, тұқымы құрымағылар-ай, сендердің  аталарыңнан басқа ермектерің жоқ па?  Бір мезгіл түскі үзіліске келгенде де маза бермейсіңдер, бәтшағарлар...» деп кейи сөйлеген күйі қайтадан ішкі бөлмеге кіріп кетті.

         -Уһ, түсім екен ғой, - деді Төкең өңі болмағанына шүкіршілік етіп, кәлимасын қайтарып жатып. - Қой, бүйіткен әкімі құрысын. Әкім боламын деп тілімнен, дінімнен , ар-ұятымнан, ұрпағымнан айырылар жағдайым жоқ. Бұрынғы оқытушылық жұмысыма қайтып, өзгелердің ұрпақтарының да төл тіліміз бен дінімізден безбеуін, жеріміз бен салт-дәстүріміздің  киесін сезінуін, ар-ұяттан аттамауларын қадағалап, дұрыс тәрбие беруге өз үлесімді қосайын. Халқымның қарғысына ұшырамайын…

        Осылай деген Төкең, сол күннің ертеңіне-ақ, әкімшілікке барып: «Мені өз еркіммен жұмыстан босатуыңызды сұраймын» деген мазмұнда жазылған арызын тапсырды…

Әбдісәли Дәулетбаев,

тәуелсіз журналист

Связанные Статьи