Маусым айының ортасында АҚШ Үкіметі Үндістанға түрлі тарихи кезеңдерде заңсыз әкетілген екі жүзден астам мәдени жәдігерді қайтарды, - деп хабарлайды Qamshy.kz «PTI» агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл мұралар Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің АҚШ-қа сапары кезінде тапсырылған. Аса құнды тарихи заттардың көбісі 2000 жыл бұрынғы заманға жатады. Кейбір жәдігерлердің құны 1,5 миллион доллардан асады екен. Бұл заттар тарихтың аумалы-төкпелі кезеңдерінде ұрланып, АҚШ-тағы қара базарда саудаға қойылған жерінен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолына түскен. Қазіргі кезде бағалы тарихи заттардың он екісі Үндістанда көпшіліктің тамашалуы үшін арнайы көрмеге қойылған.
АҚШ осындай жолмен өз аумағындағы жат жұртқа тиесілі мұралардың барлығын қайтара ма? Мысалы, АҚШ мұражайларында Ирактың 90 мың жәдігері бар екен. 2013 жылы Ирактың Шумер, Вавилон дәуіріне тиесілі 10 мың көне заты АҚШ-тың Корнель университетіне берілген. Ирактың туризм және тарих жөніндегі министрлігі 2003-2004 жылдар аралығында 130 мың тарихи жәдігердің заңсыз әкетілгенін мәлімдеді. Ал мамандар ұрланған жәдігерлердің саны 200 мыңнан асуы мүмкін деген болжам айтуда.
Осындайда, шет елге кеткен Орта Азиялық мұраларды да іздейтін уақыт жетті-ау деген ой келеді.
Дана Қамшыбек