ГЕНОЦИД

/uploads/thumbnail/20170709032749021_small.jpg

Қазақтың жеріндегі байырғы автохондық қазақ деген ұлттың тұқымына тұз құйып, оны жер бетінен жойып жіберу үшін не істеу керек?

Ең бірінші тілінен, жерінен, қалыптасқан дәстүрлі дінінен, ділінен айырса болды, Жаңаөзендегідей бытырлатып автоматпен атпай-ақ, өзі де құрыды дей бер!

Қазақты ана тілінен айыру үшін, қазақтың тілін үштілді, төртілді, бестілді ету керек! Енді осыны білгенімше дәлелдеп көрсем:

Қазақ тарихын университеттегі студенттерге 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бастату күн тәртібіне қойылған ең өзекті мәселе болып тұр екен...

Бұл жерде тағы естеріңе сала кетейін, Күн көсеміміз «Қазақта шекара түгілі мемлекеттілік болмаған» дегенінде, сонысымен ол қазақтың тарихы да болмағанын меңзеген еді...

Жерін саудаға салып, сатып, 25 жылға қытайларға жалға беру керек!

Дінінен айыру да оп-оңай! Оны дәлелдеп те керек емес, ондай сынақ (эксперимент) баяғыда-ақ жүргізіліп іске асқалы қашан! Күннен де нұрлы Күн көсеміміз шетелдердің барша діни ағымдарын қол бұлғап, жарапазан айтып,  неғұрлым көп қылып елімізге шақырғаны ешкімге де құпия емес шығар? Тіпті әлгі үнділердің «кришна» деген «крышасы» мықты діндері қаншама қазақ жастарын өз діндеріне кіргізіп алып, Алматының Арбат алаңында сырнайлатып-кернейлетіп, би билетіп қойды. Тіпті оны айтасың, Қаскелең өзенінде сиырдың құйымшағын иіс сабынмен жуындырып, мүйіздеріне ақ бантик байлатып, тұяқтарына дейін қызыл лак жаққызып, сиырға табындырып қойды қазақтарды.

Салт-дәстүр діліміз де солай өзгерістерге ұшырап, жұмыртқа тауыққа орыс тілінде ақыл айтатын болды. Қоғамдық көліктерде бүлдіршіндей жастар шалқиып, шіреніп тұрып отырып алып, сақалы беліне түскен кәрілер тік түрегеп тұратын болды. Қыздарымыз ата-аналарын тыңдамақ түгілі жастарына жетпей 13-15 жаста бала тауып жатыр, ой сұмдық-ай, ақыр заманның балалары десең сол әне!

Әлемде Қазақстанда шат-шадыман, бай-қуатты (тек қазақ емес) тұрып жатқан 140 ұлттан басқа 200-ге тарта қазақ тілді емес мемлекеттер бар екен. Солардың бірде-бірінде екітілді, үштілді, бестілді деген саясат мүлдем жоқ дейді білетіндер. Төртілді демей отырғаным, премьердің орынбасары Дариға Назарбаева: «Қытай тілін үйреніңдер! Қытай – біздің тағдырымыз!» – деп еді, ең үлкен мінберден, саусағын шошайтып. (Айтпайын десем де болмай қалды, адамнан жасырғанды Құдайдан жасыра алмайсың).

Баланың тілі 12 жасына дейін қай тілде шықса, өмір бақи сол тілде сөйлеп өтеді. Мысалы жапон елінде олар балаларын 12 жасына дейін өз ана тілдерінің уызымен суарады.

АЛ, БІЗДЕ ШЕ?

Ал бізде айналасы үш-төрт айдың ішінде мұғалімдерімізді ағылшын тіліне үйретіп, ағылшын етпекші. Ой сұмдық-ай!

Сонда, апыр-ау десейші, билік 25 жыл бойы қазақ тілін үйрене алмай жүріп, мұғалімдерді айналасы 4 айдың ішінде ағылшын тілінің майталман маманы етпекші ме сонда?

Ағылшын тілінде биологиядан, анатомиядан сабақ береді екен. Ал сонда әлгі атақты ғалым Сара Назарбаева апамыздың жаңадан шығарған аса бағалы ғылыми ілімі «Өзіңді тану» деген сабағы қайда қалады?!

Ол апамыз соншама жыл көзінің майын тауысып «Өзіңді таны» (Самопознание)  ілімін не үшін шығарды, кісінің еңбегін бағаламау деген осы болар?!

Өздерінің бала-шағалары қазақ тілінен жұрдай болып, мақұрым қалған биліктің басқалармен не шаруасы болсын, қалтада түгілі, шетелдердегі оффшорлық шоттарында миллиондаған доллар (миллиардтап десе де артық емес) қаражаты бар билік ерегістірсең «айт-шу!» деп ертең шетелге тартып отырады, ал не істейсің оған сосын?

«Қазақша білмейтін 500 мың бала бар» – дейді, жерден жеті қоян тапқандай Ұлттың бас ұстазы Сағадиев Ерлан! Елімізде 3000-нан астам орыс мектебі тұрғанда бұл қайта өте аз сан! Қала сайын салынған христиан және тағы басқадай шіркеулерді айтпағанда...

Осындайда еске түседі екен, білімде жолы болмаған бұрынғы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Қазақстан Республикасының мемлекеттік  тілі – қазақ тілінің конституциялық құқын табанының астына басып, езгілеп тұрып, жат елдің мемлекеттік тілінде, яғни, орыс тілінде баяндама жасап, айды аспанға бірақ шығарып еді!

Оған намыстанған Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Аслан Сәрінжіповқа ескертпе жасап еді, оған Қазақстан сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев күжірейді, Асланға ара түсіп. Әйтеуір құдай оңдағанда Еңсегенов еңсесі түссе де, әупірімдеп оңай құтылып, бір жаны қалып еді Қасекеңнің қаһарынан. «Мен әлгі жай әйшейін...» деп күмілжімегенде кім білсін немен аяқталар еді уақиғаның соңы?..

Жалпы айтқанда, жыл сайын ауыстырылып келе жатқан білім министрлеріне қарап қалған ештеңе жоқ, бар бәле жоғарыда, сонау жоғарыда!

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС

Содан, қызды-қыздымен «Сингапурдан үлгі алайық» депті биліктің білгіштері. (Мен бұл жерде жемқорлық туралы айтып отырмын). Ал жарайды, қане үйренейік! Сингапурдың президентінің жемқорлықпен қалай күрескенін айтар болсақ, ол ағатайымыз, Ли Куан Ю-ді айтып отырмын, жемқорлықпен күресті тап өзінен бастап, тойымсыз ашкөз туыстарының бәрін жеңдерінен сүйрелегеннен сүйреп отырып, түрмеден бірақ шығарыпты, ал керек болса!

Ал біздің Ғасыр ғұламасы басшымыз осындай ерлік жасай алар ма еді деген күнаһар ойдан аулақ болған жөн, басыңнан айрыласың «өз еркіңмен». Не болмаса жүрегіңнен өз-өзіңді екі рет атып, контрольный оқты тап құлақ шекеңе атасың, әйтпесе оңай өле салу қазаққа бұйырмаған.

ӘЙ, ОСЫ МЕН ДЕ...

Бірді айтып, бірге далақтап шауып кеткеніме кешірім өтінемін. Басын әлгі немен бастап едік осы?

Ә, я, геноцидтен бастадық білем?

Қысқаша айтар болсам, геноцид деген:

  1. «Үштілділік» деген – қазақтың ұрпағын туған тілінен айырып, қазақтан дүбәра ұлт жасау. «Мемлекеттік тіл» деген мәртебесінен айыру. Қазақ мектептерін жаптырып тастау. Бұны рухани геноцид дейді екен ғылыми тілмен айтар болсақ.
  2. Қазақтың жерін сату деген – қазақ ұлтын жерсіз қалдыру!

25 жылға «жалға беру» деген, елімізге, жерімізге қытайларды неғұрлым қаптатып, қазақ ұлтын ассимиляциялау арқылы қытайға сіңіріп жіберу және 25 жылдың ішінде қазақ жеріне қытайларды ие (қожайын) қылу.

  1. Қазақты бөлшектеп, көп дінді ету – қазақты алтын қазығы діңгегінен айырып, біріне-бірін қарсы қою, тіпті жау ету.
  2. Ділінен айыру – қазақ ұлтының ғасырлар бойы қалыптасқан ата-баба салт-дәстүрінен айырып, оны мейлінше азғындату, рухани аздыру.

Міне, қазақты жою деген оп-оңай екен!

Ал «ұлт ретінде жер бетінен жоғалып кетпес үшін не істеу керек?»  десеңдер, тез арада Үш жүздің басын қосып Ұлттық Құрылтай жасап мынау ұры-қары, жемқор, сатқын билікке сенімсіздік (импичмент) жариялау керек!

(Үш Жүздің басын қосып деп отырғанымды дұрыс түсіну керек, трайбализм биліктен бастау алып отыр, қара халықта тұрған ештеңе жоқ, бәріміз – қарға тамырлы қазақпыз).

Қуаныш МҰҚТАЙ

Связанные Статьи