Алматы облысы Талғар аудандық сотының тергеу судьясы Бақытбек Есентаевты қамауға алу мерзімін бір айға ұзартты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін ұзарту туралы санкция 29 шілде, жұма күні қабылданды. Келесі күні Талғар аудандық сотында ұстау мерзімін осы жылдың 10 қыркүйегіне дейін ұзарту туралы шешім қабылданды», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Осылайша Б. Есентаев 10 қыркүйекке дейін Талғардық тергеу изоляторында болады.
Оны қамауға алу туралы алғашқы сот шешімі 13 маусымда қабылданған болатын.
Б. Есентаевқа алғашында ҚР ҚК-нің 106-бабы (Қасақана ауыр дене жарақатын салу) бойынша айып тағылып, кейін ол 99-бап бойынша, яғни, адам өлтіруге оқталды деп айыпталды.
Б. Есентаевтың қолынан жарақат алған 42 жастағы келіншегі Б. Есентаева ауруханадан шыққан соң, емін Германияда жалғастыру туралы шешім қабылдаған.