Байқасақ, қазір Қазақстанда шариғат талаптарына сай киімдер көбіне-көп араб және үнді-түрік стилінде сатылымға шығып, қазақтың салт-дәстүріне сай орамал тағу, кимешек кию артта қалып бара жатқандай, - деп жазады "Айқын" газеті.
Әрине, соңғы жылдары әрі діни талаптарға сай, әрі ұлттық ұстанымдарды ескеретін, тіпті заманға сәйкес тігілген киім үлгілерін насихаттау бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да, кейбір ателье, сән үйлері де бірқатар игі бастамалар көтерді. Қайбір жылдары ҚМДБ «Әсем киім – әйел көркі» сияқты байқаулар жариялап, шариғат пен салт-дәстүрден аттап өтпейтін киім үлгілерін шығарған дизайнерлерге қомақты сыйақы тағайындады. Білуімізше, Миланда білім алған AIMA брендінің негізін қалаушы, жас дизайнер Аида Маханбетова да мұсылман киімдерінің сән үлгісін қалыптастыруға атсалысып келеді. Мұнымен қоса, танымал отандық дизайнерлер өз киім үлгілерін мұсылманша киімдер ретінде қарастырмаса да, бүгінгі таңда жабық, етегі мен жеңі ұзын көйлектердің сәнге айналып отырғанын алға тартады. Содан болар, Аида Қауменова сияқты атақты дизайнерлердің қолынан шыққан төл бұйымдарды тек шоу-бизнес өкілдері ғана емес, айтыскер, ақын қыз-келіншектер де киіп, ұзын көйлекке деген сұранысты арттырып отырғаны анық. Бұл, әрине, қуантарлық жайт.
Қоғамды алаңдатып отырған басқа мәселе – ірі мегаполистерде бет-аузын тұмшалап, ниқаб киіп, тіпті көзді көрсетпес үшін көзілдірік тағып, қолды көрсетпес үшін қолғап киіп жүретін қыз-келіншектер де кездесіп жатады. Бұл жайт әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, үлкен дау-дамайға ұласқаны анық. Тіпті желі белсенділерінің айтуынша, «қара жамылмай, ақ кимешек тағыңдар!» дегендей үндеулерден кейін Ханафи мәзһабын ұстанбайтын кейбір дәстүрлі емес ағымдардың өкілдері белсенділерге қоқан-лоққы көрсетіп, жекеге жазып, үркітіп-қорқытуға тырысқан. Бет-аузын тұмшалап, ниқаб киюді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғалымдары да қолдамайды.
– Ниқаб тағу – кейбір халықтың әдеті. Шариғатта айқын бұйырылмаған. Ханафи мәзһабында бет әурет жер емес, – деп бастайды әңгімесін ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы. Әйел адамның әурет жері – түгел денесі, яғни беті, тобық пен табаны, екі қолынан басқасы әурет боп саналады. Сол жерлерін жабу керек. Бұл шариғаттың парызы. Ал бетті парыз дәрежесіне көтеріп, міндетті түрде жабу керек деу шариғатта дұрыс емес. Кимешек кие ме, орамал таға ма, ең бастысы, шаш жабылып, әурет жерлері көрінбесе болды.
Ал, ҚМДБ өкілі Айдан БОЛШЫБАЕВ:
– Біз, біріншіден, өзіміздің қандай қоғамда өмір сүріп жатқанымызға көңіл аударуымыз керек. Әр елдің өзіне тән салт-дәстүрлері бар, ал шариғи үкім шығаруда дәстүр де дәлел ретінде қарастырылады. Араб мемлекеттерінде ниқаб кию қалыпты жағдай. Бұл ғасырлар бойы қалыптасып кеткен үрдіс. Ол жерде қара жамылу, ниқаб кию адамдар арасында дау туғызбайды. Ал елімізге басқа мәдениеттің үрдісін әкеліп, мұны діннің негізі ретінде көрсетуі халықтың арасында белгілі бір деңгейде түсінбеушілік туғызатыны сөзсіз. Сондықтан ҚМДБ шариғи талаптарда маңызды емес болған мәселелерді асыра сілтеп, халықтың арасында жайсыздық тудыруды құптамайды, – деген ойын білдіреді. Дін қызметкерлерінің айтуынша, шариғатта қара жамылып киіну керек деген арнайы ұстаным да жоқ. Бұл орайда Айдан Болшыбаев: «Жалпы ниқаб – ғалымдардың арасында тартысты мәселе, себебі, Құран мен сүннетте бұған қатысты ашық дәлел жоқ. Сондықтан бұл мәселеде ғалымдардың жасаған ижтихад үкіміне сүйенеміз, ал ғалымдардың көпшілігі ниқаб киюді міндетті (уәжіп) емес деген үкім берген. Сондай-ақ бұл соншалықты маңызды, бірінші кезектегі мәселе де емес. Әлсіз деректер кездескен болса да, оны міндетті түрде орындау керек деген ұғым шықпайды. Сәл болса да жан-жаққа қарауымыз керек» дейді. Ал «Айқын» газетінің «Ниқаб кию қай діни ағымдарда міндет саналады?» деген сұрағына Айдан Болшыбаев: «Ниқабтың киілуіне көбінесе сәләфиттік ұстанымдағы ағым өкілдері мүдделі. Олар сондай бір сүннет амалдарда, оның ішінде маңызды емес болған тұстарда қаттылық танытып, дінімізде міндетті болып саналған уәжіп істерді тәркі етіп жатады. Бұл олардың хадис дәрежелерін дұрыс ажырата алмауының кесірі. Сондықтан біз үшін ғалымдарымыз салып кеткен жолмен жүріп, мәзһаб ұстануымыз керектігі тағы бір дәлел», - дейді.
Діни басқарма өкілдері шариғат талаптарына сай киінуде дұрыс үгіт-насихаттық жұмыстардың жүргізілмей отырғанына өкініш білдіреді. Есесіне, соңғы жылдары сәләфиттік бағыттағы сайт пен блогтар да артып барады екен. Олар өз ұстанымдарына сай үгіт-насихаттық жұмыстар атқарып, мұсылмандар арасында түсінбеушіліктің орнауына, өзара бөлінудің пайда болуына да кері әсер етуде екен.
Діндарлардың айтуынша, отандық және шетелдік мұсылманша киімдердің баға алшақтығы да қыз-келіншектерді көбіне-көп сырттан әкелінген тауарларды тұтынуға мәжбүрлейтін көрінеді. Отандық өнімдердің қымбат бағада сатылуы нарықта ұлттық стильдегі киім үлгілерінің қалыптасуына да кері әсер етіп жатқанға ұқсайды. Өз кезегінде Айдан Болшыбаев:
– Елімізде шариғатқа, дәстүр талабына сай тігілген киімдердің құны арзан болмағандықтан, қыз-келіншектер көбінде шетелдің киімін сатып алып киеді. Бұл жерде мәселенің бір шеті нарықтық саясатқа да байланысты шығар, ол жағын мамандарымыз жақсырақ білсе керек. Айтайын дегенім, егер қазақ мұсылман әйелі шариғат аясында киінгісі келсе, көбінде араб үлгісінде тігілген киімді сатып алып киюіне тура келеді. Ал онымен қоса киімнің дәстүрімізге сай болуын қаласа, ондай тауарларды сатып алуға көбінде қаражаты жетпейді. Сондықтан бұл қазақ мұсылман әйелдерінің киім үлгілерінде араб мәдениетіне ұқсап бағуының бірден-бір себебі шығар, – дейді.
Біз де отандық сауда үйлері мен базарларда сатылып жатқан ұзын көйлектердің бағасын білуге тырысқан едік. Әрине, ірі ойын-сауық және сауда орталықтарында орналасқан атақты отандық дизайнерлердің киімдері ел жоғары бағалайтын бренд болған соң, 100 000 теңгеден жоғары тұрады. Содан болар, мұндай киімдерді танымал, бақуатты қыз-келіншектердің ғана киіп, сатып алуға мүмкіндігі бар. Түркиядан әкелініп жатқан көйлектердің бағасы 30 000-40 000 теңгеден бастау алады. Ресейден әкелініп жатқан киімдер 20 000-25 000 теңгенің үстінде. Ең арзаны көршілес Қырғызстаннан әкелініп жатқан киімдер. Базарлардағы бағасы 3000 теңгеден, сауда үйлеріндегі бағасы 5000-8000 теңгеден басталады.
Орамалдардың бағасы да әрқилы. Мәселен, Adili сияқты ұлттық ою-өрнектермен айшықталған орамалдар бренді баға жағынан сәл қымбаттау. Әнші, сазгер Роза Әлқожаның да ұлттық нақыштағы орамалдар топтамасын ұсынып, ел назарына әрі шариғи ұстанымдағы, әрі салт-дәстүрден алшақтамайтын тауарларды ұсынуы әйелдер қауымына үлкен қуаныш сыйлағаны анық. Бастан сырғымайтын матадан тігілген, сапасы жоғары өнімдердің әу бастан-ақ қолжетімді бағада болғаны үлгі тұтарлық жайт.
Орамал – ұят пен иманның бір белгісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Әрбір діннің мінезі бар. Исламның мінезі – ұят, – деген екен. Дін жолындағы азаматтар тағы бір хадисті еске салады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ұят пен иман бір-бірімен өте тығыз байланыста. Егер біреуін алып тастаса, екіншісі өзі кетіп қалады» деген екен. Ал Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Әй, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы» («Ағраф» сүресі, 26-аят), – деп бұйырған. Ең қиыны әрі ең өкініштісі – бүгінде әйелдер қауымының киімді киіну үшін емес, шешіну үшін пайдаланып отырғаны. Ашық-шашық киінудің зиянын дәрігерлер де, білікті психологтар да талай айтып-ақ жатыр. Бірақ қазіргі қазақ әйелінің образы – қысқа шорты мен терең декольте көйлек кигендер мен аузы-басын тұмшалап, қара ниқабқа оранғандардың арасында боп тұр. Ғасырлар бойы ақ сәукеле, ақ орамал таққан нағыз қазақ қызының образы ата-баба салтын тәрк еткен дәстүрлі емес ағымдардың ықпалынан жоғалып кетпесе екен деуден басқа амал жоқ.