Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің бір топ оқытушысы бүгін өздері тұрып жатқан жатақхана алдына жиналып, наразылық шарасын өткізді. Айтуларынша, оқу орнының басшылығы жатақхананы жалға алу құнын жоғарлатып, өздерін оны босатуға мәжбүрлеп жатыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Алайда университет әкімшілігінің бұған айтар өз уәжі бар.
-Біздің қазір баратын жеріміз жоқ. Үйіміз де жоқ, жеріміз де жоқ. Мен мысалы 2 баланы асырап отырмын, қайда баратынымды білмеймін. Осы университетте жұмыс істеп жатқаныма және мына жатақханада тұрып жатқаныма 25 жыл болды, - дейді оқытушы.
Жатаханада тұру мерзімі тамыз айының 15-не дейін деп берілген ескертпе қағаздарын қолына қысқан ұстаздар бұл жерден шықсақ барар баспанамыз жоқ деп зар илеуде. Қазір бұл жерде 750-ге тарта қызметкер тұрады екен. Білім ордасының басшылығы бұдан былай жатахананың әр шаршы метріне 2050 теңгеден төлейсіңдер деп қысқа қайырыпты. Есептегенде ай сайын 97-130 мыңдай теңге шығады екен. Алайда жалақымыз 100 мың теңгеден аспайды деген оқытушылар бұл жаңашылдыққа наразы. Ал жоғарғы оқу орнының басшылығы биыл университет 500 магистрант, 40 доктарант пен 4 мыңға жуық жаңа тәлімгер қабылдайды. Олардың барлығын жатақханадағы орынмен қамту мүмкін болмай тұр -дейді.