Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Майра Айсина Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.
«Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы мен іспен айналысуын ұйымдастыру мәселесі бүгінгі таңда анағұрлым өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі болып отыр.
Тіпті Білім және ғылым министрлігінің ресми деректері бойынша оқушыларды ұйымдастырылған жазғы демалыс түрлерімен қамту деңгейі төмендеп келеді. Мысалы, 2010 жылы ол 92,7 пайызды, 2012 жылы – 91,4 пайызды құраған. Бірақ тексере келе бұл сандар да өте жоғары екеніне көз жетеді, өйткені балалардың қысқа уақыт болатын мектеп жанындағы лагерьлерін ұйымдастыру олардың жазғы каникул кезеңінде демалысын, бос уақыты мен бір іспен айналысуын ұйымдастырудың негізгі бағыты болып қалуда. Онымен тек кіші сынып оқушылары қамтылады, және де көбінесе тамақтандырусыз, демалыс үшін қажетті жағдайларсыз ұйымдастырылады, сондай-ақ жоғары сынып оқушылары жинау және мектептің жаңа оқу жылына дайындалу бойынша екі апталық практикамен қамтылады.
Кезінде жекешелендірілген көптеген балалар лагерьлері қазіргі таңда мақсатты пайдаланылып отырған жоқ, жұмыс істеп тұрғандары – құлдық принципі бойынша ұсталынуда, солардың өзіне деген жолдама құны қымбат болғандықтан, жағдайы осал, көп балалы отбасылардағы балалардың басым көпшілігіне қол жеткізу екіталай.
Жазғы еңбек тоқсанында балалар мен жасөспірімдерді еңбекке тәрбиелеудің ең жақсы дәстүрлері, өкінішке орай, жойылып, бүгінде оны жандандыру, еңбек пен демалыс лагерьлерінде, жоғары сынып оқушыларының еңбек отрядтарында, оқушылардың өндіріс бригадаларында, мектеп орманшылығында еңбек дағдылары мен істей білуді баулу мәселесімен жалпы айтқанда ешкім айналыспайды.
Балалар мен жасөспірімдерді жазғы кезде сауықтыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, мүдделі орталық,жергілікті органдардың күш-жігерін үйлестіру бойынша жүйелі ұйымдастырушылық жұмыс мектептерден еріксіз ақпарат жинаумен шектеліп, нақты жағдайды көрсетпейді. Іс жүзінде оқушылардың негізгі бөлігі жазғы кезде өздерімен-өздері болады. Бұған қоса, отбасы институтының бәсеңсуіне байланысты, балалармен және жасөспірімдермен тәрбие жұмысы, олардың жазғы кезеңдегі бейәлеуметтік жүріс-тұрысының алдын алу шаралары жоққа шығарылады.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, тиісті орталық және жергілікті атқарушы органдарға қалыптасқан жағдайды зерделеу, оның ішінде мыналар:
1) жазғы каникул кезінде балалар мен жасөспірімдер демалысының, сауықтырылуының және іспен айналысуының жүйелі мониторингін жүргізу және бақылау тәжірибесіне қайтып оралу;
2) жекешелендірілген және басқа қызмет түріне қайта бағдарланған лагерьлерді қайтару, жұмыс істемей тұрған лагерьлерді қалпына келтіру есебінен балаларды сауықтыруға арналған сауықтыру мекемелерінің, балдырғандарды оңалту профилакторийлерінің желісін дамыту жөніндегі арнайы («Баспана» бағдарламасына ұқсас) бағдарлама қабылдау мүмкіндігін қарастыру (Осы мәселемен айналысам дегендер мемлекетпен қатар жеке инвестициялар салуына болады, Қарағанды облысы бастамашыларының бір жобасы бар, қоса беріліп отыр);
3) жазғы кезде жоғары сынып оқушыларының іспен айналысуын қамтамасыз ету, олардың денсаулығын нығайту мақсатында жазғы еңбек тоқсанын жандандыру бойынша шараларды іске асыру;
4) жалға алынған лагерьлерде түрлі конфессия өкілдерінің балалар демалысын ұйымдастыру оқиғаларына байланысты қаладан тыс лагерьлердің қызметін бақылауды күшейту мәселесін қарастыру;
5) балалардың суда қауіпсізідігі мәселесін пысықтау, үлкен суда құтқару станцияларын құру мәселесін пысықтау, оларды сүңгу құралдарымен, жағажай аймақтарымен жабдықтау;
6) оның ішінде білікті психолог-педагогикалық, спорт-дене шынықтыру кадрларын, медициналық мамандарды даярлау проблемасын шешу, лагерь жағдайында балалармен жұмыс істеу үшін аға және отряд бастаушысы мектебі жүйесін қайта қалпына келтіру;
7) Қазақстан тарихын зерделеуде балалардың ой-өрісін кеңейту, қызығушылығын тудыру, экскурсиялық қызмет түрін, ішкі туризмді дамыту мақсатында жазғы сауықтыру лагерьлерінен келген балалардың ұйымдасқан топтары астанадағы, облыстық орталықтардағы, курорттық аймақтардағы мұражайларға, ойын-сауық орталықтарына барған кезде олар үшін тегін кіру билеттері мәселесін қарастыру;
8) жазғы демалысты ұйымдастырудың барлық түрлерін және олармен балалардың және жасөспірімдердің қамтылуын көрсете отырып, жасы бойынша динамикада соңғы 5 жыл ішіндегі оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде ақпарат беру бойынша нақты шаралар қабылдау туралы тапсырма беруіңізді сұраймыз.
Балаларды сауықтыру демалысын, жасөспірімдердің жазғы еңбек тоқсанында іспен айналысуы жүйесін дамыту өскелең ұрпақтың денсаулығын анағұрлым жақсартуға және көптеген проблемалардан құтылуға мүмкіндік береді.
Сәуле Досжанова
Оставить комментарий