Танидзаки Джюничироу
жапон жазушысы
(1886-1965)
Бұл пенделер надандықты биік парасатқа балап, дүние қазіргідей қатігездіктен қажалмаған кезде болыпты. Бек бағландардың қамсыз жүзін мұң бүркемеген, сарайдағы бикештер мен гэйшалардың күлкісі таусылмасын деп, шешенсымақ, қылжақбастар, олардың шадыман тірлігі үшін еңбек еткен, дүниеде еркіндік билік құрған кезең екен. Садакуро, Джирая, Наруками сияқты даңқты қаһармандар театр сахналары мен суретті романдарда әйел бейнесінде көрініп, сұлулар мықты боп, көріксіздер әлсіз саналды. Пенделер әдемі көріну үшін бәріне дайын, Тәңір сыйлаған тәнін жусаң да кетпейтін сұйықтықпен сылауға да барды. Жарқыраған сызық пен бояу сол кездегі кісілердің терісінде ойнақ салды.
Ол уақытта жолаушылар таңдап тұрып тәніне ғаламат сурет салдырған жүк тасушының күймесіне ғана мінетін. Йошивара мен Тацумидің бикештері тәнін таңбалатқан жігіттерге ғашық болды. Құмар ойыншылар, өрт сөндірушілерден бастап ауқатты қалалықтар мен самурайларға дейін денесін оюлатты. Анда-санда Рйоугокуде тән бояушылардың жиыны өтіп, қатысушылар бір-бірінің арқасынан қағып, мүсіндерінің таңғажайып безендірілгенін айтысып, арқа-жарқа болатын.
Сэйкичи деген қолы құтты жас тән безендіруші бар еді. Асакусаның Чярибуны мен Мацушимамачидің Яцухэй, Конкондзироуы сияқты шеберлерінен кем түспейтін даңқты, талай жанның тәні оның қылқаламының астына жібек тәрізді төселген. Тән безендірушілердің жиынында мақтау алған туындылар оның қолынан шыққан. Дарумакин градациялық өңдеудің шебері болса, Каракусагонта қызыл минерал жарқылымен, ал Сэйкичи батыл сурет, көркем сызықтарымен танылды.
Тойокуни мен Кунисаданың Укийоэ көркемсурет мектебінен өткен Сэйкичи кәсібін тән бояушылыққа ауыстырғанмен тәжірибесі оның ғажайып шеберлігі мен сезімталдығынан көрінді. Жүрегін жаулайтындай сұлу мүсін болмаса шеберді ештеңе көндіре алмайтын. Кейде келушілер шебердің сурет пен бағаға қатысты көзқарасымен келісуге мәжбүр болатын, содан соң бір ай, тіпті екі ай бойы ине азабына төзуі керек-ті.
Жас шебердің жүрегінде ешкім білмейтін іңкәр сезім мен жасырын қиял бар еді. Кісілердің терісіне инені сұққан кезде қып-қызыл боп ісінген дененің дірілінен ләззат алатын, еркектер ыңыранғанда, қиналысы неғұрлым күшейген сайын Сэйкичи соғұрлым рахаттанатын. Суретті өңдеу мен қып-қызыл минерал бояуды сіңіру сияқты ең азапты сәттер оған үлкен рахат сыйлайтын. Күніне шамамен бес-алты жүз тал инені қабылдап, бояуы сіңу үшін ыстық суға түсіп шыққан адамдар өлімші халде Сэйкичидің аяғының астына құлаған күйі қимылсыз қалатын. Бұндай аянышты көрініске Сэйкичи салқынқанды қарап тұрып: «Шынымен де ауырады, ә?!» дейтін күлімсіреген күйі.
Шыдамы жетпеген еркектер жантәсілім алдындағы азапқа түскендей тісін шықырлатып, ыңыранса шебер: «Эдо (Токио) ұлы емессің бе? Шыда. Сен бар болғаны иненің әлсіз сұғылғанын ғана сезіндің» деп, моншақтаған жасы жүзін жуған адамға көзінің қиығымен қарап, инесін сұққылай беретін. Төзімді жан бар күшін жинап, қабағын шытпастан шыдап бақса «Қасарысып қалған неме екенсің өзің. Қазір көресіні көресің. Енді төзе алмастай етемін» деп, аппақ тістерін ақситып күлуші еді.
Шебердің арманы ғажайып әйел тәнін тауып, оған өзінің жан дүниесін өрнектеу болды. Ол үшін сұлу жүз бен көркем мүсін ғана емес, әйелдің мінезі де өте маңызды. Шебер Эдоның түрлі-түсті аудандарының атақты сұлуларын түгел зерделеп шыққанмен, көңіліне ұнағаны табылмады. Әлі көрмеген жанның келбетін жүрегінде өрнектеп, үш –төрт жылын бос қиялмен өткізсе де, ойындағы арманын тастамады.
Тура төртінші жылдың жазында Фукагаваның Хирасэй мейрамханасының маңынан өтіп бара жатып, суретші дарбаза алдында тұрған күймедегі арудың аппақ аяғын байқап қалды. Суретшінің өткір көзіне адамның аяғы оның жүзі сияқты талай нәрсені аңғартқан-ды. Бикештің балтырынан өткен асыл жоқ еді шебер үшін. Тізілген нәзік саусақтар, Эношима жағалауындағы меруерт қабыршақтар сияқты, інжу маржанға балаған жұмыр өкше, таудағы кәусар табанын жуғандай жылтыр тері. Бұл еркектердің қанын кешіп, мәйітін басып өтетін аяқ қой. Осы аяқтың иесін суретші ұзақ жыл іздеген. Нағыз хас сұлу деп ойлады ол.
Сэйкичи жүрек дүрсілін басып, бейтаныстың жүзін көрмекке күйменің ізін қуғанмен, екі-үш бұрылыстан соң көлеңке көзден таса болды.
Сэйкичидің сезімі ғаламат ғашықтыққа ұласып, жыл өтті. Бесінші жылдың көктемгі таңы. Суретші Фукагаваның Сага ауданындағы қонысында тіс тазалағышын тістеп, құмырадағы омото гүлін тамашалап тұрғанда, бақтағы шарбақ қалқасынан бір қыз көрінді. Сэйкичи айдаһар һәм жыланмен өрнектелген хаориге (кимоно сыртынан киетін киім түрі) қарап, таныс гэйша жіберген болар деп түйді.
«Әпкеміз бұл хаориді сізге беріп жіберді, арқасына бір сурет салып беруіңізді сұрайды...» деп, бойжеткен запрангүл түсті фурошики орауын ашып, ішінен әртіс Иваи Тоджякудың суреті бейнеленген қалың қағазға оралған әйелдің жібек кимоносы мен хатты шығарды. Хат иесі хаориге қатысты өтініш жазыпты, соңында хатты жеткізген бойжеткен жақында гэйша болатынын, өзінің «сіңлісі» ретінде қол астына өтетінін айтады да, қызға оң көзімен қарауды өтінеді. «Бұрын көрмеген сияқтымын, соңғы уақытта бұнда келмедің бе?» деді, Сэйкичи қыздың мүсінінен көзін алмай. Жасы шамамен он алты, он жетіде болар деп ойлады, бірақ қыздың жүзінде толымды сұлулық бар еді, айлар бойы уақытын сауық - сайран мекенінде өткізіп, талай еркектің жанын елпіткен көркем мүсін. Ол елдегі бар былық пен бүкіл байлық тоғысқан астанада өмір сүріп, осы ортада өткен ғажап жігіттер мен қылымсыған бойжеткендердің сиқырлы туындысы іспетті еді. «Сен былтыр маусымда Хирасэй жақтан күймемен қайтпап па едің?» деді, Сэйкичи қызды дәлізге отырғызып, бинго сандалиін киген нәзік аяғына бажайлай қарап. «Иә, ол кезде әкем тірі болатын, Хирасэйге мені жиі апаратын» деп, қыз астарлы сұраққа күлімсірей жауап қатты. «Бес жыл өтіпті, сені күткеніме. Бүгін жүздессем де, аяғың есімде қалыпты. Саған көрсететін бір затым бар, жоғары көтерілейік» деп, Сэйкичи қайтуға ыңғайланған қыздың қолынан тартып, дарияға қарайтын екінші қабаттағы шеберханасына апарды. Қос орам шығарып, бірін қыздың алдына жайып салды. Бұл көне Чу императорының сүйіктісі, қытай ханшайымы бейнеленген сурет еді. Картинадағы бикеш інжу-маржанмен безендірілген тәждің салмағын көтере алмай, балюстрадаға сүйеніп, молынан пішілген жібек көйлегінің етегі баспалдақтан төмен төгіліп, оң қолына жанан ұстап, сарай бағындағы құрбандыққа әкелінген еркекке қарап тұр. Аяқ-қолы шынжырмен төрт жақтан темір бағанға байланған, ақырын күтіп, ханшайымның алдында басын салбыратып, көзін жұмған еркек бейнесі ғажап бейнеленіпті.
Бойжеткен көркем картинаны көргенде көзі жайнап, еріндері дірілдеп кетті. Сол сәтте оның жүзі картинадағы ханшайымнан аумай қалған-ды. Суреттегі тылсым сырлы «өзін» тапқандай. «Бұл картинада сенің жан-дүниең көрініс тапқан» деді, Сэйкичи күлімсіріген күйі бойжеткеннің көзіне қарап тұрып.
«Соншалықты үрейлі дүниені маған неге көрсеттіңіз?» деді, бойжеткен көкпеңбек болған жүзін Сэйкичиге бұрып. «Бұл суреттегі бикеш сенсің. Оның қаны сенің бойыңда бар» деді де, суретші екінші орамды ашып жіберді. Картина «Көң» деп аталады екен. Суреттің қақ ортасында жас қыз сакураның бұтағына сүйеніп, аяғының астында жатқан сансыз еркектің мәйітіне қарап тұр. Қызды айнала жеңіс жырын жырлаған құстар ұшып жүр. Картинадағы қыздың көзінде тәккапарлық пен шаттық түсі бейнеленіпті. Бұл соғыстан кейінгі көрініс пе, гүлді бақтағы көктем суреті ме ? Картинаны көрген бойжеткен өз жүрегінде жасырын жатқан бір нәрсе барын сезді.
«Осы картинада сенің болашағың бейнеленген. Еркек атаулы бұдан кейін сен үшін өмірін қиятын болады» деп, Сэйкичи қыздан аумай қалған суреттегі бикешті нұсқады. «Бейнебір келесі өмірімде дүниеге келген (Будда діні бойынша адам бірнеше рет туылады Ш.Ж.) өзімді көргендеймін. Тезірек суретті жабыңыз» деп, қыз орамнан теріс айналды да татамиге жайғасты. Содан соң «Расында өзімді сол суреттегі әйел сияқты сезінемін. Шыдау мүмкін емес, алып тастаңызшы» деді.
«Жақсылап қарасаңшы. Қазір қорқынышты болғанмен үрей сезімі өтпелі ғой». Сэйкичидің жүзінде мысқыл бар еді. Қыз басын көтермеді. Кимоносының жеңімен жүзін көлегейлеп, «Өтінемін, мені босатыңыз. Сіздің қасыңызды болуға қорқамын» деп бірнеше рет қайталады. «Тоқтай тұр. Мен сені ғажап аруға айналдырамын» деп, Сэйкичи қызға тақады. Кимоносының қойнында голландиялық дәрігерден алған хлороформ толы шиша жасырылған еді.
Күн сәулесі өзен бетіне түскенде сегіз татами көлемдегі шеберхана өртенердей қызды. Су бетінде жүзген сәуле қамсыз ұйықтап жатқан қыздың жүзіне, шйоджидің (жапон үйіндегі бөлмеаралық есік) қағазына алтын толқындар тудырып дір-дір етеді. Есікті жауып тастап, тәнді нақыштайтын құралдарын қолына алған Сэйкичи сол сәтте тапжылмастан отырып қалды. Суретші сол сәтте алғаш әйел сұлулығын сезінді. Сұлудың жүзіне тесілген күйі он, жүз жыл бойы осы бөлмеде отырсам да құмарым қанбас деп ойлады. Ежелгі Мемфис тайпасы Мысыр жерін пирамидалар мен сфинкстермен безендіргені сияқты Сэйкичи қыздың мінсіз тәнін махаббатымен боямақ еді.
Суретші сол қолының шынашағы, атсыз саусағы мен бас бармағының арасына қысқан қылқаламының ұшын қыздың арқасына тигізіп, жоғарыдан бастап оң қолмен ине салуға көшті. Жас тән безендірушінің жаны бояумен бірге еріп, теріге сіңіп жатыр. Спирт араласқан Рюкю (Жапонияның Оңтүстік өлкесі) қызыл минералының әр тамшысы суретші өмірінің тамшысына айналғандай. Суретші бояудан өз жүрегінің түсін көрді.
Түс ауып, көктемнің жаймашуақ күні батуға тақады, Сэйкичидің қолы бір сәтке де тынған жоқ, арудың ұйқысы да бұзылмады. Бойжеткеннің неге қайтпағанын білуге келген гэйшаның өкіліне «Ол қыз қайтып кеткен» деп қайтарып жіберді. Ай өзен жағасындағы үйлерге сәулесін түсіріп, арғы беттегі Чйошю мейрамханасы шатырының үстіне көтерілсе де, тән нақыштау ісі жартысына да жетпеген еді. Сэйкичи шырақ жарығымен жұмысына берілген. Әрбір тал сызықты түсіру суретшіге оңай соқпады. Инені сұғып, суырған сайын терең күрсініп, сол ине дәп бір өзінің жүрегіне қадалып жатқандай сезінді. Біраздан соң иненің ізі дәу джйороу өрмекшісінің пішініне ие боп, аспан ағарғанда жауыз құбыжық сегіз аяғын созып, қыздың арқасында жайылып жатты.
Көктем түні жоғары - төмен жүзген өзендегі қайықтардың ескегінің дыбысымен ашылып, таңғы желмен желбіреген ақ желкеннен сейіле бастаған тұман ішінде Накасу, Хакодзаки, Рйоуган аралдарындағы үйлердің шатыры күн сәулесімен жарқыраған шақта, Сэйкичи қылқаламын қойып, қыздың арқасына жабысқан өрмекшінің сұлбасына көз жүгірттті. Суретшінің өмірі осы суретте еді. Жұмысын бітірген суретшінің жан-дүниесі біртүрлі босап қалды.
Қос көлеңке қозғалыссыз. Бір кезде Сэйкичидің қарлыққан бәсең үні естілді: «Сені ғажап аруға айналдыру үшін жанымды салдым, бұдан былай бүкіл Жапонияда сенен асқан сұлу болмас. Бойыңдағы үрейің сейілді. Еркек атаулы сенің аяғыңның астындағы көң...»
Қыздың ернінен жібектей нәзік дыбыс шықты. Есін жинай бастағандай. Әрбір ауыр тыныстаған сайын өрмекшінің аяқтары бейнебір тірі жәндік тәрізді жыбырлап, қозғалады.
«Қиын-ау саған. Тәніңді өрмекші құшып жатыр». Осы сөз айтылғанда қыз көзін ашты. Көз ай жарығын молайтқандай, жарқ-жұрқ етіп, жігіттің жүзіне түсті.
«Арқамдағы суретті тезірек көрсетіңізші. Маған өміріңізді қиған екенсіз, мүмкін бұрынғыдай да сұлу болып кеткен шығармын?!».
Қыздың сөзі ұйқылы-ояу айтылса, семсердей өткір еді.
«Бояуы қанық болу үшін қазір ыстық суға түсуің керек. Қиналсаң да шыда» деп, Сэйкичи қыздың құлағына жанашырлықпен сыбырлады. «Шынымен сұлу болсам, қандай қиындыққа болса да төземін» деп, қыз тәнінің ауырғанына қарамай күлімсіреді.
«Аай, ыстық су ашытып жатыр... Өтінемін, мені жалғыз қалдырып, екінші қабатқа барыңызшы, бейшара халімді ер адамның көргенін қаламаймын»
Қыз ыстық судан шыққан соң сүртініп те үлгермей, Сэйкичидің қолын қағып тастап, ауыр азапқа жаны шыдамай бүк түсіп еденге құлады.
Алба –жұлба шашы бетіне төгілді. Арт жағында айна бар. Айнадан аппақ қос өкше көрінеді. Кешеден бері өзгерген қыздың қылығына Сэйкичи қатты таң қалды. Екінші қабатқа көтеріліп, жарты сағат өткенде жуылған шашын екі иығына түсіріп, үсті-басын ретке келтірген қыз көтерілді. Ауыр азаптың ізі де қалмаған, көзі мөлдіреп, дәліздің жақтауына сүйенген күйі тұманданған аспанға қарап тұр.
«Мына суреттерді тәніңдегі таңбамен қоса саған сыйлаймын, енді қайтуыңа болады» деп, Сэйкичи орамдарды қыздың алдына қойды.
«Бұрынғы үрейден толық арылдым. Сіз менің аяғымның астына төселген көң болдыңыз» деп, қыз жанарын семсердей жарқ еткізді. Қыздың құлағында жеңіс жыры жаңғырып жатты. «Қайтарыңда тәніңдегі таңбаны тағы бір рет көрсетші» деді Сэйкичи.
Қыз үнсіз басын изеп, иығынан кимоносын түсірді. Таңғы сәуле тәндегі таңбаға түскенде арудың арқасы жарқ етті.
Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева