Әкем ағасының майдан даласынан жазған хаттарын «көзіңнің қарашығындай сақта» деп маған аманаттап кетті. Кәдімгі үшбұрышты «дала поштасынан» жазылған хаттар. Көзімді сулап отырып оқитын хаттарынан оның елге деген қимас сағынышын сеземін. Көмескі тартып жазулары өше бастаған хаттарын ежіктей отырып, нүктесіне дейін жаттап алдым десе де болады, мына бір хатында «Бауырым,- деп бастаған екен, - біз кеңес одағының әр пұшпақ жері үшін қиян - кескі соғыспен шегінудеміз. Егер жерден айрылсақ, елдігімізден айрылатынымызды, елдігімізден айрылсақ халқымыздан айрылатынымызды білеміз. Сол үшін жеріміздің әр сүйемін қасық қанымыз қалғанша қорғаудамыз.
Қазір шабуылға шығамыз, Інім аман-есен кездесуге жазсын,- деп хатын келте аяқтапты. Осы хаттан соң ағамнан хабар үзілсе керек. Әкем хабар-ошарсыз кеткен ағасын өмірінің соңына дейін іздеумен өтті. Оны интернеттің «мемориал» сайты арқылы ағамның Беларусия жерінде жерленгенін білдім. Ағам сүйем жерді жастанып жауға бермей жан тапсырыпты!!!
Кеңес халқы әр сүйем жер үшін қанын төксе, біздің үкімет 1млн.700 мың га «бос жерді» сатуға шығарғанын, оның сыртында тағы да 100 млн. га. бос жатқан жер бар көрінеді. «Бос жер» деп айтуға қалай ауыздары барғаны, егер оның егесі қазақ халқы болса. Өзім Бабаларымнан қалған жердің сатылуына да, жалға берілуіне де қарсымын…
Кешегі Дарабоз Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек батырлар қан кешіп жүріп, ұлтарақтай жерді ұлғайтып оның асты- үстін байлыққа толтырып ұрпақтарына тастап кетсе де, қазақты ел қылатын есті хан бұйырмапты. Әбілхайыр хан қарақан басы үшін қазақ жерін Ресейге қосып, қазақтың ой-арманын 300 жылға шегеріп тастаған…
Немере ағамның зираты Беларусия жерінде болған соң алаңсызбын, өйткені Беларуссияда жер сатылмайды, Беларусияда біздегідей «бос жер» жоқ, жер иесі Беларустар. Олардың Лукашенко деген көреген басшысы жер сатылса билігінен де, елінен де айрылатынын біліп, колхоз, совхоздарды таратпай беларус шаруаларының қолына беріп қойған. Ал бізде тәуелсіздік алғаннан кейін жер егесі колхоз-совхоздар таратылып жіберілді!!!
Жаңа ғана оқып-біліп отырмын Астананың іргесінен 27 мың га жерді Германия азаматы Роберт Шумахер сатып алып, траншея қазып шекара орнатып қойғанын. Ал, қытайлықтар 1млн 700 мың га жерді сатып алса, ол жерден мүлдем айрыламыз ғой!!!
Алланың нұры дарыған Елбасы: «Халық қолдамайтын заңның керегі жоқ. Халықпен ақылдасыңдар... Халықтың Жерді сатуға қарсы шығып, көшеге шыққанына бір жағынан риза болып отырмын...» деген пәрменіне риза болдым, сондықтан жер сатылмасын, жалға да берілмесін, жер егесі қазақ халқы.
Ерсін Ерғалиев