Саят Қамшыгер - 1978 жылы 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Кезеңсу ауылында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін үздік аяқтаған. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, «Алаш және рух» жыр мүшәйрасының және басқа да республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Сары гүл» атты тұңғыш кітабы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. 2008 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жүректегі ағыстар» атты жыр жинағының авторы.
2005 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасына әдеби кеңесші.
Бақыт Бақытты шақ-балалық кезім екен, Өмір деген-мұңдарға төзу екен. Жүрегіңе иманды ұялатып, Бақыт деген бір Хақты сезу екен. Алланы сүй, саған сый қайтарады, Сонда ғана көңілің жай табады. Көркем мінез танытсаң-бақыттысың, Өмірің де гүл болып жайқалады. Иманыңмен түсірсең санаға шам, Байқалады нығметтер арада сан. Адамзатты сүйе біл жүрегіңмен, Бақытыңды егер шын бағаласаң. Тұнық сақта жүректің бұлағын сен, Басқа тебу бақытты-күнә білсең. Жаратқанның нәсібі бұйырады, Желкеніңді Аллаға бұра білсең. Адамзатқа ойланар уақыт бүгін, Екі дүние бақытын татыпты кім? «Тәубе» деген адамдар шын бақытты, Мұсылманның әр күні бақытты күн! Жау шапқанда«Тәуке хан қайтыс болған соң қазақ халқы бірлігінен айырыла бастады,алауыздық өршіді.Осыны пайдаланған жоңғарлар қазақ жеріне қапыда шабуыл жасады...»
«Қазақстан тарихы» 4-том, 318-бет
Дей көрмеші «мынау нені қозғады», Жау шапқанда есімде ел тозғаны. Алатауым ала бөтен дауыс сап, Қаратауым қарс айрылып боздады. Сабырымды өлеңіме сарқайын, Сезінбесем жыр азабын тартайын. Жау шапқанда Тарбағатай зарлады, Күңіреніп, қайғы жұтты Алтайым. Ұлытаудың қабырғасы сөгілді, Балқашымнан қаншама жас төгілді! Қасыреттен далам жатты дал-дал боп, Жоңғар шауып, бұлт құрсады көгімді. Жау шапқанда түсті қанша шаңырақ, Бірін-бірі ел жоқтауда аңырап. Қауымдарым азар болды жамырап, Ауылдарым мазар болды қаңырап. Жау шапқан кез еске салар құйынды, Қайтып айтам ұшқан бақыт,күйімді? Жекпе-жектен тайсалмайтын ерлерім Қапы қалып,тау-тау болып үйілді. «Елім-айлап» шығарамын дауысымды, Қапияда құдай атсын жау сұмды. Аруларым аруаққа айналып, Бесіктегі балам дағы шаншылды. Жоңғар—жауым қойынына тас тыққан, Айдаһарға айналғандай қастықтан. Қазақ қалай өз елінде бодан боп, Қазақ неге көз жұмады аштықтан?! Енді қалай болады екен тірлігің, Туған елмен бірге еді ғой кіндігің. Ынтымағым айрандай ед ұйыған, Іркіттейін іріді ме бірлігім?! Жау шапқанда тынысым да тарылды, Кім ұрлады ырысым мен барымды?! Ең болмаса бірлігімді қайтаршы, Тыңда құдай, «Елім-айды»,зарымды! «Елім-ай, елім-ай...» Баба рухымен сырласу Қожаберген Толыбайұлына Рухыңа бас иемін, тұғырлым-ау, Ел қорғап сан сүрініп жығылдың-ау. Мен сендей сом алтынның сынығымын, майданнан еш кем емес ғұмыр мынау. О,бабам! Ескерткішім—жыр,сарыным, Төбемде баянды боп тұрса күнім. «Елім-ай» жырыңдағы үніңмін мен, қорғаған жеріңнің бір жусанымын. Жау шапса жер апшысын қуырғандай, Сендей ер ел қорғауға туылғандай. Жырларың өр Рухымның сауытындай, Күйлерің ұрпақ үшін дулығаңдай. «Елім-ай» зары келер құлағыма, Алланың шыдап бердік сынағына. Дәуірмен бірге мен де жыр оқимын, Қазақтың Қожаберген жырауына. Ел азбас құшағында ақын барда, Өзегің өрт боп еді «аһ» ұрғанда. Жаныңа жалғыз Хақтан жақын бар ма, жауыңа жебе болып атылғанда?! Елдікті ұрпақтарың саялаған, Қанатын қыран құстай жаяды адам. О, бабам! Майдандарда найза болып, иманын бейбіт кезде аялаған! Ғасырлар ел жарасын емдегендей, Қазағым Жерұйығын көрген елдей. Ақындар өмір сүрер аңыз болып, Батырлар күн кешеді өлмегендей! Туған елім Анық басып жүрсем де жұрт алдында, Намысыңды туған ел, жырта алдым ба? Аманаты халқымның-бабаларым, Бар сенім мен үмітім-ұрпағымда ! Туған елім, Көрсеттің құрметіңді, Өтей алар ма екенмін міндетімді? Көңілімде көк байрақ желбіреуде, Қыран болып сүйсем бе күн бетіңді?! Жаппар ием! Ризамын, бас ұрылды, Алшысынан түсірдің асығымды. Туған елім,анамдай аялаймын, Мен сүйемін тәуелсіз ғасырымды! Иә,сүйем, сүйемін, тағы сүйем, Жүрмін әзір өмірдің ағысымен. Қызғалдақтай құлпырар қыздарым бар, Ұлым ертең сүйінер «барысымен». Туған елім, мәңгілік берік шынар, Туған халқым өзіңе серік,сыңар. Топырағың болсам ел,арманым жоқ, Өзегінен тіршілік өніп шығар...
ЕҢСЕЛІ ЕЛІМ
(немесе Тәуелсіздік жыры)
Еңселі елім! Бұзылмай тұрсын қаймағың, Өнерім — олжа, олжамды саған байладым. Алпамыстайын өседі халқым сағаттап, Желбіреп тұрса қыранды көк ту — байрағым. Дүниеден өткен бабалар аңсап азат күн, Шалқисың бүгін жолынан өтіп азаптың. Тәуелсіздігім көзінің ақ пен қарасы, Қара орман халық — қарға тамырлы қазақтың! Еңселі елім! Гүлдей бер Азия төсінде, Баянды бақ боп Астана тұрсын Есілде. Қазағым менің! Салтанат, сәнің жарасып, Ұзаққа барсын тарихтың керуен көшінде. Ұлың мен қызың қамшысын салсын намысқа, Әр қазақ сонда айналар бір-бір арысқа. Бірлікте болсақ жеріміз біздің Жерұйық, Елдердің басқа азуы батпас барысқа. Еңселі елім! Мерейің өсіп тұр анық, Асыр сап балаң, Халқымыз жатыр қуанып. Азаттығыңды жар салып жүр ғой Әлемге Ұрпағың қолға көкпеңбек түсті ту алып. Қорғаймын сақ боп Алтай мен Орал арасын, Жалаймын тілмен халықтың болса жарасын. Тәуелсіз елім! Жүрегі сенсің жаһанның, Жаратқан Алла қолдасын қазақ даласын! Мен көктемді сағындым Мен көктемді сағындым, көктем мені, Жаным жылу аңсайды көптен бері. Әр күндерім тағдырдың тартуындай, әрбір мезгіл— өмірдің өткелдері. Жол күткендей көңілім жүр елеңдеп, Шуағымен көктемнің гүл егем көп. Көктем маған келеді бүршік атып, көктем маған көшеді бір өлең боп. Өтіп жатыр ай жылжып, күн жаңарып, Сағынышым мұңменен жүр жамалып. Әрбір күннен көктемді іздеп жүрмін, әр көктемнен күтемін бір жаңалық. Сәнді екенін өмірдің сан ұқтырған, Мен көктемді сағындым сауық құрған. Күтудемін көктемді, ал көктем ше? Үйден шықпас арудай зарықтырған. Қиялыммен басамын айға да адым, Ғұмырымның әр сәтін аймаладым. Көктем маған өлең боп көшкен кезде, Бәлкім мен де көктемге айналамын! Балама сыр Мен түбінде қайтамын, Жарға барам, Ал одан сәл бұрындау Шарға барам. Туған жердің топырағын жастық етем, Менен қалған жолды сен жалға, балам! Ал, қазірше керекпін сүйікті елге, Елің үшін бақ пен құт жиып терле. Қанаттары қайырылған қыран құс ем, Мен жетпеген жетші сен биіктерге. Алуан түрлі жүйрік бар менен де елде, Бәлкім бір күн айналам өлеңдерге. Мейлі, алтын күн батыстан шықса дағы, Мен бармаған сүңги біл тереңдерге. Хикметті бол толы іші қазынаға, Бұл өмірден түңілме, қажыма да. Ырыс пенен ынтымақ елде деп біл, Қай күнде де халықтан ажырама. Бала кезден сырласам жиі өмірмен, Жаратқанға құл боп бас иемін мен. Көздің нұры, жанымның бөлшегісің, Сені, балам, осылай сүйемін мен! Қандасыма үшбу хат Аман болсын деген қазақ даласы, Ар ма ағайын, ел мен елдің арасы. Паналады-ау босағасын жат жұрттың, Бір кездегі бай-бағланның баласы. Көктей өтіп шекараның қамалын, Жетуді ойлап тозды ұлтан, табаның. Елге жетсең табар едің қалайда, Әз бейітін әже менен бабаның. Құшағына алар келсең өр елің, Сен оралсаң кеңейеді көлемім. Атажұртқа асықтың-ау армандап, Сағыныштың ерттеп мініп төбелін. Заман тыныш, сені күтіп тұр елің, Бұл жақта да ерттеулі тұр күреңің. Атамекен — өз жұртыңа келуден, Үмітіңді үзе көрме, тілерім. Өзге жұрттан мен сендерді қызғанам, Өз елінде бұлаңдасын қыз, балаң. Халқымыз бар сағынысып қауышар, Қалпымыз бар, жүрек мынау, сыздаған... Атажұртпен табыстырып тағдырың, Қандай ғажап тамашалау таң нұрын. Домбырамен қосылғандай қыл қобыз, Шырқайық бір еркіндіктің ән-жырын. Қандасына бола алатын бек тіреу, Қазағың бар өзге жұрттан тектілеу. Қай қиырда жүрсе дағы қазағым, Оттан ыстық Отаны оның тек біреу!Досым келді
Досым келді ауылдан, бұл – жаңалық, менің жаным қалада жүр қамалып. Жаймашуақ күн сынды көктем келді, айналасын жап-жарық нұрға малып! Шіркін дәурен! Ауылдың тектілігі, Балалықтың жалт етіп кетті күні. Досым келді бал күндер белгісіндей, ертіп алып жанына епті ініні. Достың сөзі ақ бұлтпен теңескендей, Сурет болып ауылым елестердей... Ол сөйлесе жүрекке жыр қонақтап, Алматыда ауылдың лебі ескендей. Досым келді көңілді жадыратып, Әкелгендей ауылдан жаныма құт. Алыстағы ауылдан сәлем әкеп, іздеп келер досыңның бары-бақыт. Досым келді айтып сыр, жаңалығын, Ол – бөлшегі шын достық ғаламының. Қимай-қимай досыма қол бұлғаймын, Ұзап бара жатқандай балалығым... Сағыныш Әке, сені ажал ерте тауыпты-ау, Сезем, ол жақ бұл дүниеден жарықтау. Сен кеткенде мен түгілі, мүжіліп, таулар дағы аласарып қалыпты-ау... Көзімде — жас, Жүрегімде — сағыныш, Сағынышты, құстар, көкке алып ұш. Әке,сенсіз өткен ғұмыр, тіршілік енді маған мағынасыз сабылыс. Қайран арман көкке қанат жайған-ды, Енді міне, бір қазыққа байланды. Сен кеткелі төңкеріліп дүние, Көктем — күзге, жазым қысқа айналды. Әкем менің! Айбынды едің, асқар ең, Бауырына алды сені басқа әлем. Ұлдарыңды желбіретіп жалаудай, қыздарыңа құшағыңды ашқан ең. Жаның — көкте, мекен етті аспанды, Сені іздеген көңілдерден жас тамды. Сағыныш пен өкініші астасқан, әке,сенсіз күндер енді басталды! Жанайқай Ылғи жұмыстан қайтып бара жатқанда көшенің бір бұрышында темекі тартып тұратын қазақ қызын көремін. Күнде өтемін жаныңнан, Шылымнан у тарады. Өткендей от, жалыннан, Жаным жанып барады. Арттырасың мұңымды, Қазылғандай молам мың. Қыз тұтатса шылымды, Азғаны ма қоғамның? Жанға салсаң сен сызат, Шылым емес дауасы. Алматының сенсіз-ақ Тарылуда ауасы... Кеттім бейне құздардың Құрдымына құлдырап. Түтінінен қыздардың Болашақ тұр бұлдырап. Қайғы қалсын тасаңда, Қыр гүліндей жайнашы. Қыз дегенің қашанда Аналардың айнасы. Айықсаңшы дертіңнен, Бақыт күнге басташы. Қазақ қызы, өтінем, Темекіңді тасташы?! Шылым деген айтар ем, Сәні емес қой еріннің. Басқа жолмен қайтар ем, Ол жақтан да жеріндім... Темекіде сары у бар, Қарашы бір сыйқыңды. Шылым сорған арулар Бола алмайды сүйкімді!