Түлкiбастың алмасы ауданның брендiне айналмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшiн «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығынан 400 миллион теңге бөлiнген.
Ауданда алма бауларды қайта жаңғыртып, жемiс-жидектi аймаққа айналдыру мақсатында 2015 жылы 725 гектар жерге алма бауы егiлiп, жалпы көлемi 2791 гектарға жеткен. Биыл «Максимум» АИО-дан алынатын қаржы кәсiп ашуға ниеттi әлеуметтiк жағдайлары төмен және жас отбасыларға жататын 50 шақты шаңырақ иесiне берiлiп, алма баудың көлемiн 4 мың гектарға жеткiзу жоспарлануда.
Сонымен бiрге осы жұмыстардың оңды iске асуына польшалық инвесторлар да атсалыспақ. Шетелдiк бағбандар таулы өлкеде алма бауын егiп қана қоймай, сауда-логистикалық орталығын салуды да көздеп отыр. Сөз жоқ, осы жобалардың барлығы жүзеге асқанда бағбандардың өнiмдерi iшкi нарықпен қатар, елiмiздiң өзге аймақтарына да шығарылып, саудаланатын болады.
Қазiр түлкiбастық бағбандар өнiмнiң ысырапсыз сақталып, өңделуi жөнiнде бас қатырмайды. Жоспарлы жұмыстарды атқару үшiн жергiлiктi әкiмдiк жемiс-жидектер сақтайтын 9 қойма, «Үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында iске асқан жемiс-жидек концентраттарын және табиғи сусындар шығаратын 3 кәсiпорын ашты. Ауданда бау-бақша, жемiс-жидек, көкөнiс өнiмдерiн барынша көбейту және өңдеу, сонымен қатар сақтау бойынша жұмыстар алдағы күндерi де жалғасын таппақ. Қысқасы, Түлкiбас ауданы алманың отанына айналатын күн тақау.