Қазақстандағы билік транзиті: КІМНІҢ ПРЕЗИДЕНТ БОЛУ МҮМКІНДІГІ БАР?

/uploads/thumbnail/20170709060702627_small.jpg

Кешелі бері ел аузында жүрген Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің денсаулық жағдайы туралы хабарлар ширек ғасыр бойы бір ғана адам басқарып келе жатқан Қазақстанның да саяси болашағына қатысты болжамдар жасауға итермелейді. Посткеңестік кеңістікте билік басында ұзақ отырған санаулы басшылардың бірі – біздің президент. Өзбекстанмен тағдыр-талайы ұқсас болғанымен Қазақстанның бауырлас елден бірқатар саяси ерекшеліктері, өзіне ғана тән ішкі интригалары да жоқ емес.

Қазақстанның іс басындағы президенті 2015 жылдың сәуірінде сайланған. Демек, Конституцияға сай өкілеттігінің аяқталуына әлі 4 жылдай уақыт бар. Яғни, президенттің ауысуы туралы әңгімелер қазіргі мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесіне байланысты болса керек.

Тақтан дәмелілер мен лайықтыларды тізбес бұрын, Қазақстанның негізгі заңы – Конституцияға үңілейік. Онда Президент өкілеттігі мен мәртебесін анықтайтын тұтас бір бөлім бар. Мемлекет басшысының өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатуғаа қатысты Конституцияның 47-бабының 1-тармағы былай дейді:

«Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады».

Алайда, Конституцияда да, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда да іс басындағы президенттің мерзімінен бұрын өз еркімен отставкаға кетуі туралы нормалар байқамадық. Осы ретте іс басындағы президент Н. Назарбаевтың президенттіктен бөлек және президенттік институттан жоғары тұратын «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы» деген де конституциялық мәртебесі бар екенін қаперде ұстаған жөн.

Ал, Ата Заңның 47-бабы 1-тармағында айтылған жағдайларға байланысты Президент қызметінен кетсе, Конституцияға сәйкес (48-бап) оның қалған өкілеттік мерзіміндегі міндетін атқару Парламент Сенатының төрағасына, ол мүмкін болмаса Мәжіліс төрағасына жүктеледі. Парламент спикерлері президент міндеттерін атқара алмайтын жағдайда, ол міндеттер Премьер-министрге артылады.

Сонымен, Ата заң аясында жүзеге асуы мүмкін тетіктерді ескере отырып, Қазақстан басшылығына лайық-ау деген саясаткерлерді бір шолып өтсек.

Ақпарат алаңында, сарапшылар арасында президент мұрагері, биліктің ауысуы, конституциялық реформа жайы бұған дейін де сан мәрте талқыланған. Сондай талдауларда келесі президент болуға лайық тұлға ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі аталады. Оған саясаткердің сыртқы саясаттағы беделі, БҰҰ Бас хатшысына орынбасар болуы, қазіргі президенттің ұстанымдары мен жүргізген саясатын ашық қолдайтыны сияқты бірнеше факторлар себеп болуы мүмкін. Соңғы уақытта Қ. Тоқаевтың Қазақстанда «ауа-райын жасайтын» Ресейге бүйрек бұра сөйлеген мәлімдемелері де көпті «тақтан дәмесі бар шығар» деген ойға жетелеуі мүмкін, әрине.

Алайда, қазіргі қалыптасқан жағдайда Сенат төрағасы Қ. Тоқаев тек 2015 жылы сайланған президенттің қалған өкілеттік мерзімінде, яғни, уақытша ғана президент бола алады.

Кейбір басылымдар мен саясаттанушылар біраз жыл ҰҚК-ні басқарған, президент Н. Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі Нұртай Әбіқаев тұлғасынан да келесі президент белгілерін көреді. Бірақ, ол болжамдардың дені Н. Әбіқаев Сенат спикері лауазымында отырған уақытта айтылғанын, қазір оның үлкен саясаттан «зейнет жасына толуына» байланысты тысқары қалғанын ескерсек, бұл нұсқаны әрі қарай қазбалаудың қажеті жоқ сияқты.

Президент командасындағы танымал саясаткерлердің бірі – Иманғали Тасмағамбетов. Қоғамдық пікірдің де негізінен осы кісінің жағында екенін айтып жүр көп кісі. Облыс басшылығы мен президент әкімшілігінде жетекші қызметтер атқарған, министрлер кабинетін басқарған И. Тасмағамбетов түрлі сараптау орталықтары түзген рейтингтерде де көш бастап жүр. Сондықтан, оның ниет танытып, президенттік сайлауға түсіп жатса қолдаусыз қалмасы анық.

Билік транзитіне қатысты сөз болғанда Елбасы туыстарының да аттары аталып жатады. Нұрсұлтан Әбішұлының бауырлары Қайрат Сатыбалды, Самат Әбішті тақ мұрагерлері ретінде көрушілер болғанымен, олардың әзіргі әлеуеті Елбасының тұңғышы Дариға Назарбаевадан әлдеқайда төмен. Оның үстіне Н. Назарбаевтың биылғы жылдың маусым айында Петерборда өткен экономикалық форумдағы «Қазақстанда әйел адам да президент бола алады. Менің үш қызым бар» деген әзілі де қоғамда көп талқыланып, Дариға Нұрсұлтанқызының пайдасына қорытынды жасауға негіз болғандай.

Айтса да, Сенат көрген саясаткерлердің ішінде Қайрат Мәми де бар. Бүгінде Жоғарғы сотқа төрағалық етіп отырған оны көп сарапшылар ешбір қаржылық-өндірістік топтарға, аймақ өкілдерінің ешбіріне бүйрегі бұрмайтын, бейтарап саясаткер ретінде бағалап жүр. Президент Н. Назарбаевқа жақындығы да бар Қайратқа қарсы астыртын шабуылдар жасалуда дегенді де естіп қалып жүрміз. Ол да Әбдірзақұлының әлдебір мүдделі топтардың ұйқысын қашырмаса да, көңілінде алаң туғызарлық қауқары барын білдірсе керек.

Билік баспалдағындағы жас шенеуніктер арасында қазір Астана әкімі болып отырған Әсет Исекешевті де президенттіктен үміткер ретінде көруге болады. Не дегенмен жаңа толқын өкілі, экономика, индустрия, инновация саласында тәжірибесі бар. Енді елорда басшылығына тағайындалып, бірнеше салаға бірдей басшылық жасау мүмкіндігін иеленіп отыр.

Тағы кім бар... Пиаршылары «супер әкім» жасаған Қырымбек Көшербаев, Бердібек Сапарбаев, соңғы уақытта Туиттер жұлдызына айналған премьер Кәрім Мәсімов? Аталған кісілер жас ерекшелігін ескеріп, халық арасындағы бет-беделдерінен хабарлары болса, ондайды ойына да ала қоймас деп білеміз.

Ел аузында жүрген саясат серкелерінің біразын тіздік. Алайда, қазақтың ендігі көшін бастауға лайық азаматтар осы тізіммен шектеледі деуден аулақпыз.

Дархан Мұқантегі

Связанные Статьи