Жеріміз кең болса да халқымыз аз. Өткен жылы 1 қыркүйекте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда халық саны 17 млн. 75 мың адамға жеткенін хабарлаған болатын. Онда қазақтардың үлесі 11 млн. 1 мың 739 адамға жетті деп көрсетілген еді. Ал, биылғы мәліметке сүйенсек, қазақтар Қазақстанның 65,6 пайызын құрап, 11млн. 287 мың адамға жеткен. Алайда, жалпы әлемде қанша қазақ бар екенін ешкім нақтылы айта алмайды.
Қазақта «көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар. Көп болғанға не жетсін?! Жақында өзге елдер әлемдегі қазақтардың жалпы саны 20 миллионға жуық деген ақпарат тартты. Иә, сол межеге қашан жетеміз деп жүргенде бұл ақпарат бізді елең еткізді. Ал, біз осыған дейін жер бетінде 15 миллион қазақ бар деп келдік. Олай болса, сол шетелдіктердің санағына көз жүгіртіп көрейік. Негізі санақ Түркия үкіметінің зерттеуімен жасалған екен.
1. Өзбекстанда ресми деректер бойынша 2 миллион 500 мың; 2. Қытайда 2 миллион 250 мың; 3. Ресейде 1 миллион 310 мың; 4. Моңғолияда 120 мың; 5. Түркіменсанда 125 мың; 6. Ауғанстанда 45 мың; 7. Түркияда 30 мың; 8. Германияда 17 мың; 9. Тәжікстанда 16 мың; 10. Иранда 53 мың 700; 11. Украинада 15 мың; 12. Францияда 15мың; 13. АҚШ-та 10 мың; 14. Беларуссияда 5 мың; 15. Канадада 5 мың; 16. Әзірбайжанда 3 мың; 17. Грузияда 3мың; 18. Пәкістанда 5 мың; 19. Молдвада 3 мың; 20. Англияда 2 мың; 21. Литвада 3 мың; 22. Швецияда 1 мың; 23. Эстонияда 1 мың; 24. Арменияда 1 мың; 25. Австралияда 1 мың; 26. Аргентинада 700; 27. Иорданияда 300; 28. Израильде 200; 29. Финляндияда 64; 30. Белгияда 2 мың; 31. Аустрияда 900 деп көрсеткен.
Бұл есепке сүйенсек, жер бетінде 17 миллион 800 мыңнан артық қазақ бар екен. Бүл тағы 2010-2012-2013 жылдардағы мәліметтер негізінде қаралыпты. Дәл қазіргі есеп бойынша жер жүзіндегі қазақтардың саны 18 миллион деуге негіз бар деп болжам жасапты түріктер.
Күнсұлтан ОТАРБАЙ, «SKIFNEWS.KZ».
Оставить комментарий