ЭКСПО-2017: Мемлекет – шебер ұйымдастырушы

/uploads/thumbnail/20170709091219573_small.jpg

Жуырда ғана Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінде болып, құрылыс қарқынымен және павильондардың контенттік мазмұнымен мұқият танысқан болатын. Н.Назарбаевтың жоғары бағалауынан соң, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қоғамдық кеңес отырысында баяндама жасап, көрмеге дайындық барысы жөнінде әңгімелеп берді.

Кеңестің өткен отырысында аталып өткендей, құрылыс жылдың соңына дейін аяқталады. Ал күрделі нысан  – сфераның құрылысы соңын ала жүзеге аспақ. Қазіргі сәтте халықаралық павильондардың аяқталып қалғанын айтқан А.Есімов, қазан айында оның барлық мемлекеттік қатысушыларға тапсырылатынын да жеткізді. Айтуынша, қазірдің өзінде олар бекітуге өздерінің жобаларын тапсыруды бастаған, олардың көпшілігі өте қызықты. Тағы бір маңыздысы – діттелген мақсатқа сай көрмеге 100 мемлекет қатысатын болады. Қазіргі саны – 98. Оған 18 халықаралық ұйым қосылады. Ал 20 ел өздерінің ұлттық күндерін белгілеп те қойды.
Көрменің ең қызықты павильоны – Үздік практикалар аумағында қойылатын жобаларды іріктеу бойынша құрамына беделді сарапшылар, оның ішінде бірнеше Нобель сыйлығының лауреаттары кіретін Халықаралық іріктеу комиссиясы үстіміздегі жылдың 15 қыркүйек күні жобалар бойынша өз шешімін шығарады. Әлемнің түкпір-түкпірінен 133 өтінім келіп түсті, алайда олардың ішінен тек 25 жұмыс іріктелетін болады.  
«Көрменің өткізілу уақыты жақындаған сайын, оның тақырыбына деген үлкен қызығушылықты байқап келеміз. Мысалы, жуырда Финляндияның қатысуы туралы келісімшартқа қол қойылды. Олардың ұлттық павильон комиссарының сөзінше, әдетте Финляндия ЭКСПО-ға қатысса, тек Солтүстік Еуропаның басқа мемлекеттерімен бірге болған. Біздің көрмеде олар жеке экспозиция жасауға шешім қабылдапты. Өйткені, энергия үнемдеу мен «жасыл технологиялар» саласындағы алдыңғы қатардан табылатын әйгілі фин компаниялары жеткілікті», – деді А.Есімов.
Көрме барысында көтеріліп отырған проблемаға трансұлттық компаниялар қызығушылық білдіруде. ЭКСПО серіктестерінің қатарында Циско, Самсунг, Шелл, ДХЛ, Шеврон, Дженерал электрик және тағы басқа халықаралық корпорациялар бар.  Олар 125 млн. еуро көлемінде демеушілік көрсеткен, бұл бағытта жұмыс жалғаса береді.
Сондай-ақ көрменің мәдени бағдарламасы әзірленуде. Оның мейлінше қызықты да мазмұнды, әрі бағасы көңілге қонымды болуы қарастырылуда. Бұл ретте отандық әртістер мен ұжымдардың қатыстырылуы да назардан тыс қалмаған.
Басқарма төрағасы өз баяндамасында атап өткендей, өткен жылы  құрылыс барысына 296 отандық компаниялар қатыстырылған. Тікелей және жанама түрде Астана мен өңірлерде 46 мың жұмыс орны қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, құрылыстан 131 миллиард теңгені үнемдеп қалудың мүмкіндігі туды.
Қоғамдық кеңес отырысының тақырыбы – туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталған басқарма төрағасы, бұл тұрғыда ел үшін ЭКСПО әкелетін мүмкіндіктерді айтып өтті. Мысалы, шетелден 350 мыңға жуық қонақ күтілуде. «Соңғы уақытта миландық ЭКСПО басшысы Джузеппе Саламен тығыз байланыста болдым. Оның айтуынша, Италия мен Миланның өзіне туристердің келу қарқыны көрмеден кейін де елеулі түрде артты. Италияның өзі туристер көп баратын ел болып табылады. 

Шанхайда да ЭКСПО-дан кейін туристер көптеп ағылды. Мұның құпиясы неде? Менің ойымша, олар көрме беретін мүмкіндіктерді барынша дұрыс пайдалана алды», – деді А.Есімов.
Өз сөзінде әлемдік туризм саласында күтпеген жерден күтпеген ойыншылар көріне бастауы мүмкін екендігін баса айтқан басқарма төрағасы, 10 жыл бұрын Грузияның Түркия мен Греция елдеріндей клиенттердің елеулі бөлшегін өз елдеріне тартқанын мысалға келтірді. «Бүгінгі таңда «New York Times» басылымы Грузияны 2015 жылы баруға ұсынылатын 50 елдер қатарына енгізді. Олар арнайы мемлекеттік орган – Ұлттық туристік әкімшілікті құрып, ол осы саланы табысты дамытып келеді. Халқының саны 5 миллионға жетпесе де, қазіргі уақытта жыл сайын 2 миллионға дейін туристер қабылдауда», – деді ол.
2015 жылға арналған Дүниежүзілік туристік ұйымының жариялаған есептемесінде саланың өсуі байқалып, келушілер саны 4%-ға артқан. Әлемдік шаруашылықтың көптеген салалары орнында қалып немесе құлдырауды көрсетіп отыр. Басты әлемдік турист «тасымалдаушыларының» бірі Қытай АҚШ-пен және Ұлыбританиямен қатар тұр. Бұл ретте А.Есімов атап өткендей, осы ұйымның басшысы Қазақстанда дұрыс ұйымдастырған жағдайда, туризмнің болашағы үлкен екендігін байыптап отыр. Маусым айында ДСҰ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, енді ЭКСПО шеңберінде кем дегенде 100 елдің өкілдерінің қатысуымен ауқымды халықаралық туристік форум өт­кізу жоспарлануда.
Әлеуетті, мықты туристік нысандары бар өңірлерде қарапайым халық өздерінің үлкен қаражат үстінде отырғандықтарын әлі де түсіне бермейді. Осылай деген А.Есімов, Байқоңыр ғарыш айлағына жыл сайын 3 миллионға дейін туристер келетіндігін, әр турист шамамен 1000 доллар қалдырса, Қызылорда облысында 3 миллион турист көміртегін игерумен салыстыруға келетіндей сала құра алатынын айтып өтті.
Осы орайда беделді мемлекеттік туризмді дамыту органын құру қажет пе? Бұл сауалға жауап бере отырып: «Мемлекет – нашар менеджер деген пікір бар. Мүмкін солай шығар. Бірақ мемлекет – ең жақсы ұйымдастырушы. Тағы да Грузияны мысалға келтірейін – бұл ел соңғы онжылдық ішінде осы салада үлкен қадам жасады. Бұл мәселемен айналысатын мемлекеттік құрылым – Ұлттық туризм әкімшілігі өзін өте тиімді құрылым ретінде көрсете білді. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Израиль, Хорватия, Филиппин, Үндістанда бұл министрліктер көптеген мәселелермен, айталық өз мемлекетін халықаралық ілгерілетуден бастап маман дайындаумен  айналысады. Басқа елдерде бұл – жергілікті жағдайға қатысты не агенттіктер, не ұлттық компаниялар. Бірақ бірде-бір маңызды кәсіби мемлекеттік құрылымы жоқ туристік державаны еш жерден таба алмайтыныңыз анық», – деді басқарма төрағасы.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Оставить комментарий

Связанные Статьи