Үй жануарларынан жұғатын ауруларға қарсы ветеринариялық шаралар бар ма?
Сұрақ: Үй жануарларынан адамға жұғатын аса қауiптi ауруларға қарсы қандай ветеринарлық шаралар атқарылуда? Бұған Шымкент ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлiмi басшысының орынбасары Төрәлi ЖҰБАНОВ жауап береді,-деп хабарлайды QAMSHY.KZ
Төрәлi ЖҰБАНОВ, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлiмi басшысының орынбасары:
– ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2015 жылғы 30 қазандағы «Ветеринария саласындағы нормативтiк-құқықтық актiлердi бекiту туралы» бұйрығына сәйкес «Профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi ауруларының тiзбесi» бекiтiлген. Тiзбеде жануарлардың 69 аса қауiптi аурулары көрсетiлген. Соның iшiнде Шымкентте қауiптi аурулардың 15 түрiне бюджет қаражаты есебiнен екпе жасалса, 25 түрiне диагностикалық зерттеулер жүргiзiледi. Олар: құтырма, бруцеллез, ауески ауруы, лейкоз, лептоспироз, листериоз, пастереллез, топалаң, туберкулез, аусыл, күл, инфекциялық анемия, қарасан, қойдың жұқпалы эпидидимитi, брадзот секiлдi кеселдер.
Осының iшiнде адамдардың жиi шалдығатыны, емi созылмалы түрде өтетiнi – бруцеллез ауруы. Биыл бұл кеселдi анықтау үшiн 20864 iрi қара мал, 36985 уақ мал зерттелiп, 24 iрi қара мал мен 69 уақ малдан бруцеллездiң белгiлерi анықталды. Ауру малдар арнайы мал сою бекетiнде санитарлық әдiспен өңдеуге жiберiлдi.
Б.ДАРҒОЖИНА okg.kz
Оставить комментарий