Сенатор мақтааралдық диқандар пікірін тыңдады

/uploads/thumbnail/20170709104516880_small.jpg

 «Ақ алтынды» өңiрге iссапармен келген Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов аудан әкiмдiгiнiң үлкен мәжiлiс залында мақтааралдықтармен кездестi.

Сенатор Елбасының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» және  «Нұрлы жол» бағдарламалары мен жер реформасы бойынша қолға алынып отырған жұмыстар жайында баяндады. Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның нәтижелi жұмыс атқарғанын, Елбасы комиссияның мораторийдi тағы бес жылға ұзарту туралы ұсынысын қабыл алғанын айтты.

– Қазiр үлкен проблеманың бiрi – қалада да, ауылда да тұрғын үй салуға инфрақұрылымы жүргiзiлген дайын жер учаскелерi жоқ. Биыл республикада жерге кезекке тұрған адамдар 1 миллион 400 мыңға жеткен. Жер кодексiнде Қазақстан азаматтарына өмiрiнде бiр рет 10 сотықтан жер беру туралы талап та бар. Осының бәрiн ескере келiп, Сенат депутаттары тұрғын үй салу үшiн ауыл шаруашылығы жерiнен жер телiмiн беру мәселесiн күн тәртiбiне қойып отырмыз, – дедi Қ.Айтаханов.

Басқосуда сенатор жұртшылықты ашық сұхбатқа шақырып, олардың ұсыныс-пiкiрлерiне құлақ түрдi. Еңбек ардагерi, байырғы агроном Мекенбай Атабайұлы биыл да мақтааралдық диқандардың ағын су тапшылығынан зардап шегiп, қиналғанын ашына айтып, бұл мәселенi жоғары деңгейде дұрыс шешiлуiн өтiндi. Сондай-ақ, Мақтаарал – Шардара тасжолы тезiрек iске қосылса, елдi мекендер толық газдандырылса деген тiлегiн жеткiздi.

Қазыбек би ауылдық округiнен келген 80 жастан асқан еңбек ардагерi Сембек Жұматов суармалы жердiң сорланып, тұздануы жылдан-жылға өршiп бара жатқанына алаңдаушылық бiлдiрiп, тiк дренаждарды көптеп iске қосып, оның сапалы жұмыс iстеуiн бақылап, қадағалау қажеттiгiн айтты.

Аудандық мәслихаттың депутаттары Бақыт Жұмановпен Марат Дiлдәбеков сенатордан елдi мекендердегi iшкi жолдардың 80 пайызы жарамсызданып тозғандықтан, оған облыстық бюджеттен қаржы бөлдiруге ықпал етуiн өтiндi. Суармалы жердiң сатып алу бағасы төмендетiлiп, бидай егетiн жерлердi мемлекет иелiгiне алу керек деген ұсыныстарын бiлдiрдi.

Кездесу соңында Қ.Айтаханов тұрғындардың әрбiр көтерген мәселесi өзектi екенiн тiлге тиек етiп, алдағы уақытта оның тиянақты шешiмiн табуына күш салатынын айтты.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы. «Оңтүстiк Қазақстан». http://okg.kz/

Оставить комментарий

Связанные Статьи