Елбасы мақта саласын дамытуда алға қойған межелердi өзi тiкелей бақылауға алды. Сөйтiп, Оңтүстiк Қазақстан облысында еркiн экономикалық аймақ құрылып, Қазақстанның мақта-тоқыма кластерiнiң алғашқы қазығы қағылды.
Ендi осы iстiң жемiсiн көрiп отырмыз. Өйткенi, облыста өндiрiлген мақта талшығының 30 пайыздан астамы терең өңделiп, яғни жiп иiретiн, мата тоқитын, жаңа үлгiдегi бәсекеге қабiлеттi дайын бұйымдар өндiретiн фабрикалар iске қосылды. Мыңдаған жұмыс орны ашылды, ал, бұл көрсеткiш егемендiктiң алғашқы жылдарында небәрi 3-4 пайыздан аспайтын едi.
Егер облыста өндiрiлген мақта және оның жанама өнiмдерiн терең өңдеп, дайын бұйым жасап экспортқа жiберсек, 2 млрд. АҚШ долларына жуық табыс табар едiк. Қазiргiдей экономикалық дағдарыс белең алып, мұнай бағасы арзандап жатқан уақытта мақта саласын дамытып, оны терең өңдеп, тауарларды экспортқа шығару елiмiздiң экономикасын бiршама дамытуға оң әсерiн тигiзерi сөзсiз.
Соңғы жылдары қазақ мақтасы бүкiл әлемдiк мақта өсiретiн мемлекеттер арасында өнiмдiлiк бойынша бейресми рейтингте алдыңғы қатарлы орындарды иеленiп жүр. Мақта өндiретiн 95 мемлекеттiң арасында елiмiз 2013 жылы 11-шi орында болса, 2014-2015 жылдары 10-шы орыннан көрiндi. Өнiмдiлiк әр гектардан 29,5 центнерден асты.
Облыста бұл көрсеткiштi жақын арада әр гектардан 35-40 центнерге жеткiзуге толық мүмкiндiктер бар. Өйткенi, мақта өндiру саласында әлi пайдаланылмай жатқан мүмкiндiктер және кедергiлер жеткiлiктi.
Егер жүзеге асатын iс-шараларға тоқталатын болсақ, ең бiрiншi ұсақ жерi бар шаруаларды iрiлендiруден бастау керек. Қазiр елiмiзде «Ауыл шаруашылығы кооперативi» туралы заң шығып, оны орындау үшiн барлық жағдай жасалған. Алда орындайтын мақсаттарға жердiң құнарлылығын арттыру жолында ауыспалы егiстi ендiру, ол үшiн мақта саласын әртараптандыру, ағын сумен толық қамтамасыз ету, жердiң мелиорациялық ахуалын жақсарту, тұқым шаруашылығын жүйеге келтiру, азот, фосфор тыңайтқыштарымен толық қамтамасыз ету жатады. Жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жолдарын жеңiлдету, тиiмдi субсидиялау жолдарын қарастыру, мақта тазалау зауыттарына қолдау көрсету сияқты бiрқатар жұмыстар сапалы орындалса, мақтаның өнiмдiлiгi еселеп артар едi.
Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесi.
«Оңтүстiк Қазақстан». http://okg.kz/