Созақ ауданының ауыл шаруашылығы саласын сөз еткенде әсіресе, осы саланы дамытуға мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиеден бастаған жөн секілді. Себебі мұнда микронесиелік ұйымдар арқылы кәсіпкерлерге төменгі пайызды қарыздар берілуде. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының салалық жобасы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдаламасының екінші бағытына қызығушылар қатары артқан. Мамандар «Жұмыспен қамту-2020 Жол картасы» бағдарламасы аясында несие алғысы келгендердің басым бөлігі мал шаруашылымен айналысуды қалайтындар дейді. Соның бірі Созақ ауданының тұрғыны жеке кәсіпкер Қайрат Ашимов. Ол өз ісін кеңейту мақсатында (ірі қара мал, сиыр бағу, ет өңдеуге) несие алу үшін аудандағы Жұмыспен қамту орталығына құжаттар тапсырған. Екінші бағытқа жауапты маман құжаттарын қабылдап, несие алу үшін “Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау” АҚ қорына жолдама берген. Кайрат Рамазанұлы “Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ – нан 2016 жылы сәуір айында екі миллион теңге несие алды. Бағдарлама бойынша алған несие ауылдағы кәсіпкерлерге үлкен көмек беретіндігіне ризашылығын айтады.«Бағдарламаға қатысқаным үшін шексіз ризамын. Соның арқасында жеке шаруашылығымды дамытып, жоғары табысқа қол жеткізуді мақсат етіп отырмын»,- кәсіпкер.
ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Сәтжан Полатовтың мәліметінше облыста биыл «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында 50 мыңға жуық адамды қамту жоспарланған. «Бағдарлама шеңберінде білім барларды, білімі жоқтарды қайта даярлаудан өткізіп, сонымен қатар жұмыс іздеушілерді шағын несиелер арқылы жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар»,- дейді ол.
Айта кетейік, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының басты мақсаты тұрақты, нәтижелі жұмыспен қамту, халықтың әл-ауқатын көтеру және кедейшілікпен күресу, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету болып табылады. Ал бағдарламаның екінші бағытының сипаты : ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына көмек көрсету. Кәсіпкерлікті ынталандыру азаматтардың жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы олардың экономикалық белсендігін арттыруға бағытталған.