Ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылатыны туралы Үкiметтiң 2016 жылғы 9 қыркүйектегi кеңейтiлген отырысында Мемлекет басшысы тарапынан берiлген бiрқатар тапсырмаларды орындау бойынша облыс әкiмi Б.Атамқұловтың төрағалығымен өткен кеңейтiлген аппараттық мәжiлiсте айтылды.
Елбасының кооперативтер құру жобасы Оңтүстікте орындалуы туралы атқарылған жұмыстар кең түрде талқыланды.
Облыс басшысы аудандар мен қалаларда кәсiпкерлiк пен ауыл шаруашылығы кооперацияларын жаппай дамыту мәселесiне ерекше тоқталды. Осыған орай, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Оңтүстiк Қазақстан облысында «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы қолға алынып отыр.
– Мемлекет басшысы Үкiметке облыс әкiмдерiмен бiрлесе елдi мекендерде кооперативтер желiсiн ұлғайтуды тапсырып отыр. Бұл өз кезегiнде iшкi нарықты жергiлiктi ауыл шаруашылығы өнiмдерiмен қамтып, қайта өңдеу кәсiпорындарының желiсiн ұлғайтпақ. Бұл жұмыстарды Мақтарал, Қазығұрт, Ордабасы, Төлеби, Сарыағаш аудандарында белсендi атқаруды тапсырамын, – дедi Б.Атамқұлов.
Сондай-ақ, көршi облыстарда сүт өнiмдерiне деген сұраныстың жоғары екенiн айтқан облыс әкiмi аталған өңiрлермен әрiптестiк байланыс орнатуды жүктедi. Алға қойған мiндеттердiң барлығы тұрғындарды жұмыспен қамтуға қатысты екендiгiн қадап айтты.
Ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайтуды, экспортқа шығаруды қамтамасыз етуде ұсақ тауар өндірушілердің мәселелерін кешенді шешу үшін, ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңына сәйкес, облыста кооперативтерді құру белсенді жүргізілуде.
Бүгінде облыста 8 мыңнан аса ұсақ фермерлік шаруашылық 81 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерге бірігіп, жұмыс атқаруда. Олар даму бағыттары бойынша 19 бірлік мақта шаруашылығы, 30 бірлік астық, 4 бірлік сүт өндірісі, 13 бірлік ірі және ұсақ мал шаруашылығы, 3 түйе шаруашылығы, 3 жүгері өсіру, 4 жылыжай, 5 тағы басқа шаруашылықтардан құралып отыр. Сонымен қатар, биыл облыста 14 машина-тракторлық станциясы (МТС) құрылды. МТС-тер құрамында 108 доңғалақты тракторлар, 7 шынжыр табанды тракторлар, 28 астық оратын,9 жем-шөп оратын, 4 жүгері оратын комбайндар мен 186 басқа техникалар бар.
Оставить комментарий