"Сөзде – қаңқу жаман". "Қытайға жеріміз жалға беріліпті" деген лақап лезде тарады. Әлеуметтік желіде сұр жыландай сумаңдап, бояуы қалыңдап, қапысыз отырғанда қойнымызға кірді. Осы жерде бір жайтқа назар аударсақ. Байбаламды бастаған орыстілді әріптестеріміз. Басқа маңызды нәрсеге мән бермей, осы нәрсеге ерекше көңіл аударғаны қызық. Бақсақ – әңгіменің ауаны мүлдем басқада екен. Қазақстан Республикасы Үкіметімен Қытай ауыл шаруашылығы компаниялары арасында ғана келісімшарт жасалыпты. Ол туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев хабарлады. Яғни, заң тілінде оны «концессиялық келісім» деп атайды. Концессиялық келісімшарт халықаралық келісімге жатпайды. Азаматтық-құқықтық уағдаластық қана. Мұндай әрекет – тәуелсіз мемлекет пен өзге елдің азаматтары және компаниялары арасында біржақты жасалатын ерекше келісімшарт. Қарым-қатынастары ұлттық, яғни, Қазақстан Республикасының заң актілерімен реттеледі. Жалға берілген аумаққа ерекше құқықтық мәртебе берілмейді. Мысалы, мұндай тәжірибені өткен ғасырдың басында Суэцк каналын Мысырдан концессиялық келісіммен жалға алған Ұлыбритания мысалынан көреміз. Кеңес Одағы 1921 жылы 14 концессиялық келісім жасады. Бірақ «Жаңа экономикалық саясаттан» бас тартқан кезде, мұндай келісімдер толығымен жойылды. Заңның мұндай нәзік тұсын әлде білмей, әлде қасақана түсінбеушілер бізді адастырғысы-ақ келеді. Жалға беру жайлы мемлекетаралық келісім жасалғандай етіп даурығады. Тұтас территория жалға берілсе – әңгіме басқа. Мысалы, Украинаның Қырым түбегіндегі Севастополь, Қазақстандағы Байқоңыр, Қырғызстандағы Қант әуежайы – Ресей Федерациясының жалға алған жері. Ол аумақта халықаралық талаптарға сәйкес жалға алушы мемлекеттің заңдары да қатар жүреді. Ал, концессиялық келісімшарт бойынша жалға алушы елдің заңдары мойындалмайды. Үкіметтің – қазағы селдір шығыс және теріскей аймақтардағы ауыл шаруашылығы жерлерін екінші бір күшті елдің компаниясына концессиялық келісімшартпен уақытша жалға беруі дұрыс қадам. Өйткені, мылтығын шошайтып орыс әскері келе алмайды. Путин ондай кезде Қытайдың қырына ұшырайды. Ал дәл қазір бүкіл әлем Ресейден теріс айналды. Қаржыгерлер биылғы Ресей экономикасының өсімі толық тоқтайтыны жайлы айтуда. Солтүстік көршіміз амал жоқ, экономикасы мен қаржы саласын Қытайдың ыңғайына қарай бейімдеп жатыр. Сондықтан, ең соңғы мүмкіндіктен Ресей де оңайлықпен айырылмайды. Босқа арандамайды. Ал біз осы уақытты пайдаланып, солтүстік пен шығыс, батыс өңірді оралман бауырларымызбен, оңтүстіктегі бос жұмыс күшімен толтырып алуымыз қажет. Мемлекетіміз әбден нығайғанша концессиялық келісім ыңғайлы болып тұр. Босқа даурықпайық. Осы шуды шығарған орыстілді басылымдар қазақтың мүддесін көздеген емес. Осыны ескерейік!
Тоқтар Жақаш, журналист
Фб парақшасынан алынды
Оставить комментарий