Өмір үдемелі өзгеріс үстінде. Өйткені, уақыттың жылдамдығы – қас-қағым, ағын судай зулап өте шығады. Сондықтан да өмір-өзеннің толассыз ағыны жедел іс-қимыл жасауды, уақыт талабына сай болуды өте-мөте қажет етеді. Жәй жүрудің, жайбарақат өмір сүрудің заманы өткен. Елбасы мәңгілік ел болуды, таяу жылдары әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына мемлекетіміздің лайықты орын алу идеясын бекерден-бекер көтеріп отырған жоқ. Бұл – мың ойланып, мың толғанудан соң шыққан шешім. Оны орындауға бізде мүмкіндік те мол. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары. Жалпы халықтың әл-ауқаты, тұрмыс дәрежесі жылдан жылға жақсарып келеді. Жақсылыққа қарай өзгерістер көп. Алға қойған мұрат, мақсаттарымыз да айқын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты, еліміздің бірлігі мен ынтымағы зор. Халықтар достығы біртұтас берік қамалды көзге елестетеді. Мұның жарқын мысалын әр облыстың, аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігінен, байыпты өмір сүру және лайықты еңбек ету үрдісінен терең пайымдап, танып, білуге әбден болады.
Қазіргі білім мен ғылымның, техникалық прогрестің қарыштап өсіп, жарыс сап дамып тұрған дүбірлі заманында уақыт, өмір талабына үн қосу – жергілікті билік органдарының алдында тұрған басты міндет екені айтпаса да түсінікті. Сонау батыстағы қазыналы түбекте, мұнайлы өлкеде тіршіліктің тамырына қан жүгіртіп, ел экономикасын еселеуге лайықты үлес қосып жатқан Маңғыстау облысы енбеккерлері арасында Елбасының бес институттық реформасынан туындайтын «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында айтылған тұжырымдар мен белгіленген ауқымды міндеттердің зор саяси және жоғары еңбек өрлеуін туғызғаны анық. Төменде Маңғыстау облысы әкімдігінің осы бағытта атқарған және атқарып жатқан жұмыстары жан-жақты сөз болады.
Маңғыстау облысы – республикадағы маңызды аймақтардың бірі. Оның әлеуметтік-экономикалық дамуы, халқының әл-қуаты, тұрмыс дәрежесі, жылдан-жылға жақсара түсуде. Қазыналы өлкеде Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен индустриалды-инновациялық даму бағдарламалары аясында бірқатар маңызды жобалар қолға алынып, іс жүзіне асырылуда. Бұл туралы үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында және тоғыз айда аймақта атқарылған жұмыстардың ауқымды екендігі жиі айтылып та жүр. Облыс әкімі Алик Айдарбаев атқарылған істер мен қол жеткен жетістіктерді аймақта өтетін түрлі жиындар мен облыстық мәслихат депутаттарының алдында берген есептерінде егжей-тегжейлі баяндап отыруды игі дәстүрге айналдырған.
Мысалы, аймақ басшысы мәслихат депутаттары алдында болған соңғы бір есебінде: «Қалыптасқан дәстүр бойынша біз бүгін сіздермен жеткен жетістіктерімізге талдау жасап, болашақта алға қойған мақсаттарымызды айқындауға жиналып отырмыз.
Өздеріңіз білетіндей, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында жергілікті атқарушы органдардың халық алдындағы есеп беру міндеттілігі күшейтілді. Бүгінгі уақытқа дейін аудандар мен қалалар әкімдерінің мәслихат депутаттары алдындағы есептері берілді. Есеп беру науқанын аяқтай отырып, бүгін біз облыстық деңгейдегі қорытынды кездесуде, 2016 жылдың 1-ші жартыжылдығы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, алдағы уақытқа міндеттерді белгілейміз» деп атап өтті.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалмағанын тілге тиек еткен облыс әкімі өңір дамуының негізгі индикаторларының тұрақты деңгейде сақталып отырғанын жеткізді.
Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 875 млрд. теңгені, ал нақты көлем индексі 97,6%-ды құрады. Соған қарамастан, Маңғыстау облысы республикада өндірілген өнімнің 11%-ын қамтамасыз етті. Мұнай өндіру көлемі 9 млн. тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 315 мың тоннаға аз. Алайда, соңғы жылдары газ өндіру көлемінің айтарлықтай өскенін атап өту қажет. Есепті кезеңде 1,4 млн.шаршы метр газ өндіріліп, өсім 14%-ды құрады. Бұл 2014 жылдың соңында іске қосылған «Шағырлы-Шөмішті» газ өндіру кен орнына тікелей байланысты.
Өңірлік экономиканы жаңғыртуға бағытталған шаралар, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту оң нәтижелерін беруде. Аталған саланың жалпы өнеркәсіптік өндірістегі үлесі бар болғаны 7%-ды құрағанымен, өсу қарқыны саланың серпінді дамуын көрсетеді.Ағымдағы жылда өндіру көлемі 17%-ға өсіп, 60 млрд. теңгені құрады.Бұл өсімді «Caspian Offshore and Marine Construction», «ЕРСАЙ», «ГММОС Казахстан», «Казазот» және «Стеклопластикалық құбырлар зауыты» сияқты кәсіпорындар қамтамасыз етті.
Дағдарыс жағдайында экономикалық өсімді және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев теңдессіз іс-шаралар қабылдады. Оның ең маңыздысы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі, ол – республикамыздың және өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту. Осы бағытта Маңғыстау облысында 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен, инвестициялық құны 175 млрд. теңге болатын 5 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні «Боржақты – Ерсай» темір жол құрылысы және Ақтау халықаралық сауда теңіз портын солтүстік бағытқа қарай кеңейту жобалары аяқталды. «Шетпе – Бейнеу» автомобиль жолы құрылысының жұмыстары да аяқталуда. Құрық портында паромдық кешені және «Шетпе – Жетібай – Ақтау» автомобиль жолы құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Тағы да құны 27 млрд. теңге болатын 24 жоба әлеуметтік, инженерлік және тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамыту бағытында іске асуда. Жұмыс барысында 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Облыстың бәсекелестік артықшылықтарын есепке ала отырып, экономиканың өсу резервтерінің бірі – инвестиция тарту бағыты болып табылады. Бұл біріншіден, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын дамытуға байланысты. Аймақ аумағы жалпы көлемі 2 мың гектарды құрайтын 6 субзонадан тұрады.
Бүгінгі күнге, 7 млрд. теңгеден астам бюджеттік инвестиция есебінен жалпы алаңы 493 гектар болатын екі субзона инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілді. Экономикалық аймақ іске қосылғаннан бері 74 млрд. теңге инвестиция тартылып, 231 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бюджетке 19 млрд. теңге көлемінде салықтар төленді.
Аймақта 12 мекеме белсенді қызмет етуде және мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Ең ірі мекемелерді айтатын болсақ, олар – «Кеппел Казахстан», «Арселор Миттал», «Азерсун», «Каспио пласт», «Каспий тас жол», екі үй құрылысы комбинаты және тағы басқалар. Осы фактілердің барлығы арнайы экономикалық аймақтың дамуына тартылған инвестициялардың экономикалық тиімділігін дәлелдеді.
Облыс көлемінде 634 мың халық тұрады. Бұл республикада халық санының өсімі бойынша екінші орынды көрсетеді. Жасыратыны жоқ, өңірлік экономиканың негізгі макрокөрсеткіштеріне толықтай қол жеткізуге әлемдік нарықтағы мұнай бағасының ұзақ уақыт бойы төмендеуі теріс әсерін тигізді. Бұл бірінші кезекте өнеркәсіп және инвестиция салаларына қатты әсер етті. Бүгінде өнеркәсіп өнімі 875 млрд. теңге көлемінде. Соған қарамастан есепті кезеңде Маңғыстау облысы республикада өндірілген өнімнің 11 пайызын қамтамасыз еткен.
Қазіргі таңда елімізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бұрын болмаған қаурыт сипатқа ие болып, осы бағытта көптеген игі шаралар жүзеге асуда. Бұл мәселеге Маңғыстау облысында да ерекше көңіл бөлінуде. Облыс әкімінің айтуынша аймақта 401 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы орайда ол негізгі үлес жеке тұрғын үй құрылысына тиесілі екенін және пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үй көлемінің 2 есеге өскенін айрықша атап көрсетеді. Осы орайда, пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үй көлемінің 2 есеге өскені қуантады.
Бірінші кезекте, бұл қарқынды өсімге инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаржы көлемінің көбеюі себеп. Мысалы, ағымдағы жылы осы мақсатқа бірінші рет қомақты қаржы немесе 13 млрд. теңге бөлінді. Кезең-кезеңімен өңірдегі сумен қамту мәселесін шешу жалғасуда. Жұмыс екі бағыт бойынша жүргізілуде. Бірінші – ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту. Соңғы үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 47%-дан 58%-ға дейін өсті. Мысалға, ағымдағы жылы осы салаға 7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жалпы алғанда, «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру барысында орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған ауылдық елді мекендер саны 2011 жылғы 11 бірліктен 2016 жылы 35 бірлікке дейін көбейді. Екінші бағыт – ауыз су тапшылығын төмендету. Бүгінгі таңда өңірдегі су тапшылығының көлемі – тәулігіне 50 мың текше метр.
Болжамды есептер бойынша, өңірдің даму қарқынын есепке алғанда су тапшылығы 2020 жылы тәулігіне 70 мың текше метрді құрайтын болады. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы, ол – тұщыландырылған су өндіру көлемін арттыру. Өңірдегі бір үлкен жаңалық – теңіз суын тұщыландыратын жаңа зауыт пайда болады. Бұл туралы Маңғыстау облысы индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев ОКҚ-дегі баспасөз конференциясында мәлімдеді. Осындағы сөзінде ол: «Қуаттылығы мен инвестициялар сомасы жайлы қазір айта алмаймын. Себебі, инвестор енді ғана іріктелді. Бұл нысанға «ҚазМұнайГаз» жетекшілік етеді. Өйткені, нысан «ӨзенМұнайГаз» компаниясымен бірге жүзеге асырылады», – деп атап өтті. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда ҚМГ үш инвесторлардың бірін айқындады. «Тұщыландыратын зауыт Каспийдің жағалауына жақын жерде орналасқан. Тұщыландыратын суды теңізден алатындықтан, ол Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасады. Сол жерден су құбырымен су тартылады. Бірінші кезекте ол «ӨзенМұнайГаз» қажеттілігіне, халық мүддесіне және тұщы судың жетіспеушілігін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылатын болады. Бүгінде зауыттың қуаты тәулігіне 10 мың текше метрді құрайды. Жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасуда және оған биыл Ұлттық қордан 1,6 млрд. теңге несие бөлінді. Осы жұмыс нәтижесінде зауыттың өндірістік қуатын тәулігіне 20 мың текше метрге дейін көбейту көзделуде.
Қазыналы өлкеде жаңа заманның талабына сәйкес, шағын және орта бизнесті дамытуға құштар іскер адамдардың жаңа толқыны өсіп шықты. Осыған орай аймақ басшысы кәсіпкерлік салаға қолдау көрсетуді маңызды жұмыс деп қарайды. Бұл сала экономиканы дамытуға үлкен серпін беріп, аймақтардағы жұмыссыздық мәселесін шешуге мол мүмкіндік туғызуда. Кәсіпкерлікті дамытуға үлкен серпін беріп отырған «Бизнестің жол картасы – 2020», «Даму-Өндіріс», «Агробизнес – 2020» бағдарламалары аясында өңірде бизнес-климатты дамытуға тиісті жағдайлар жасалып жатқанын облыс әкімі ерекше атап өтті. Атап айтқанда, аудан орталықтары мен ауылдардағы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге байланысты қолға алынған жұмыстар аз емес.
Биыл «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында шаруа қожалықтары үшін 510 миллион теңге көлемінде субсидиялар бөлінді. Бұл қаржыға 23 құдық қазылып, 36 фермерге қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, егін және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, олардың өнімдерінің сапасын арттыруға шаруа қожалықтарын субсидиялау шарасы одан әрі жалғасуда. Мақсат – аймақ халқын өз өнімдерімен қамтамасыз ететін кәсіпорындар санын көбейту және өнім сапасын жақсарту. Өңірдің жайсыз климат жағдайына қарамастан, жергілікті фермерлер, заманауи технологияны, атап айтар болсақ, тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы жылыжай шаруашылығын кеңейтуді қолға алуда. Бүгінде аймақта тұрақты жұмыс істеп тұрған жылыжай саны 2 есеге өсті. Ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ, нан-тоқаш өндіруші кәсіпорындар саны да артып отыр. Бұл – күнделікті назардағы мәселе. Биылғы жылы Бейнеу ауылында Жаңаөзен сүт зауытының филиалы, Ақшұқыр ауылында шұбат және қымыз өндіретін цех ашылды. Мал соятын бекеттер салынуда. Ағымдағы жылдың шілде айында Приозерный кентінде ет өнімін тереңдетіп, қайта өңдейтін заманауи мал сою бекеті іске қосылды. Мұның бәрі халықтың және тауар өндірушілердің сұраныстарын қанағаттандыру талабынан туындап отырған шаралар болып табылады. Өйткені, уақыттың өзі соны қажет етуде.
Аймақ басшысы өз есебінде халықты жұмыспен қамту аймақ үшін маңызды міндет болып қала беретінін жиі айтады.Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар да аз емес. Әкімнің атуынша, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге көзделген барлық бағдарламалар бірінші кезекте жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, облыс кәсіпорындарында жаппай жұмыстан босату фактілерін болдырмауға бағытталады. Жиында белгілі болғандай, еңбек нарығы көрсеткіштерінің тұрақты динамикасы байқалуда. Экономикалық белсенділік деңгейі 82,1 пайызға дейін өсіп, жұмыс істейтіндер саны 17 мың адамға көбейіп, 265 мыңға жеткен. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 16 мың адамнан 9 мыңға немесе 2 есеге дейін азайған. Жыл басынан бері 12 762 жұмыс орны құрылған. Алик Серікұлы өз баяндамасында облыс әкімдігі бірінші кезекте жастарды жұмыспен қамтуға мән беріп отырғанын айтты. Бұл бағытта 2015 жылдан бері аймақта «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасы сәтті іске асуда. Аталған бағдарлама алдымен жастарды кәсіптік оқытудан өткізу және келешегі зор жобаларға жұмысқа орналастыру арқылы өңіраралық еңбек мобильдігін арттыруға бағытталады. Қазір осы бағдарламаның алғашқы нақты нәтижелері көрінуде. Мысалы, осы бағдарлама аясында, Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 153 жұмыссыз жастары Ақтау қаласындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылды. Олардың барлығы жатақханамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жастарды жұмысқа орналастыру үшін кәсіпорындар тапсырысы бойынша оқыту ісі ұйымдастырылуда. Бұл шараның да тиімді нәтиже берері сөзсіз.
Сондай-ақ, кәсіптік оқытудың кезеңдік бағдарламасымен Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 300, Жаңаөзен қаласының 100 жұмыссыз жастары қамтылмақ. Бұған жергілікті бюджет қаржысы есебінен 400 млн. теңгеге жуық қаржы жоспарланған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша, халықаралық стандарттарға сай жұмысшы мамандар даярлауға ұсынған бюджеттік сұраныс қолдау тапты. Аталған 400 маманды даярлауға республикалық бюджеттен тағы қосымша 75 млн. теңге қаржы бөлінген. Мұның бәрі жас адамдарға жасалып жатқан қамқорлықты айқындайды.
Маңғыстау облысы индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев сондай-ақ, ОКҚ-дегі баспасөз конференциясында бірінші және екінші бесжылдықтың индустриалды картасын қалыптастыру аясында өңірге инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап көрсеткен болатын. Оның айтуынша,ҮИИДМБ шеңберінде 2010-2014 жылдары аймақта индустриалды картасының 33 жобасы іске асырылған. Аталған жобалардағы инвестициялардың жалпы сомасы 218,8 млрд теңгені құрады. 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған. Басқарма басшысы атап көрсеткеніндей, өңірлік индустриалды картасының екінші бесжылдығы 24 жобадан тұрады. Инвестициялардың жалпы сомасы – 144,5 млрд теңге. Осы жобалардың жүзеге асырылуы 1900-ден астам жаңа жұмыс орындарының ашылуын көздейді. Сондай-ақ, 2015 жылы 44,1 млрд теңгелік инвестициялар бойынша 10 жоба пайдалануға беріліп, 618 жұмыс орны ашылған. 2016 жылы жалпы сомасы 85,8 млрд теңгеге 10 жобаны іске қосып, 628 жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бүгінгі таңда олардың 4 жобасы пайдалануға берілген.
Бұларға теңіз портын солтүстікке кеңейту, «Тенарис» италиялық трансұлттық компаниясының мұнай сұрыптамасының құбырларына жоғарғы санатты бұрандалы қосылысты кесу бойынша зауыт құрылысының жобасы, әзербайжандық «Azersun Holding» компаниясының өндірісі мен логистика орталығының құрылыс жобасы және «ҚазАзот» ЖШС өндірістік қуаттарын жаңғыртудың бірінші кезеңі жатады. Сонымен қатар, 2017 жылы жалпы сомасы 9,2 млрд теңгеге үш жаңа жобаны іске қосып, 545 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. 2018 жылы – 5,4 млрд теңгеге бір жоба мен 120 жұмыс орнын ашу жоспарда бар көрінеді. Бұдан өзге, ағымдағы жылдан бастап облыс әкімдігі инвестицияларды тарту жұмыстарын жүйелендіру үшін, «Маңғыстау кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ЖШС жанынан инвесторларға қызмет көрсету орталығын құру туралы шешім қабылдады. Бұл шетелдік инвесторлармен қоса, жергілікті бизнес өкілдерімен де жұмысты тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Ал,«Azerun Holding» логистика орталығының күші жылына 1000 тоннаға дейін көкөністер мен жемістерді ұнтақтауға толық жетеді. Бұл орталық Ақтау портының аумағында орналасқан, тоңазытқыш камералары бар. Мұнда 3 заманауи үлгідегі үлкен қойма болып табылады. Бүгінде паром кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қажетті нысандардың құрылысы үшін барлық алаңдар дайын тұр. Көптеген алаңдарда жер жұмыстары аяқталған.
Индустрияландыру картасының іске асуы – инвестиция тартудың тағы да бір тиімді құралы. Картаның екінші бесжылдығын іске асыру аясында 2016 жылы құны 90 млрд. теңге болатын 11 жоба іске асырылып, 660 жаңа жұмыс орны құрылады. Бір жоба Елбасының қатысуымен шілде айында республикалық телемостта іске қосылды. Ол – «Казахстан Пайп Тредерс» компаниясының «Премиум» сыныпты газды құбырлар шығаратын зауыты. Зауыт құрылысы әлемге белгілі италиялық «Тенарис» компаниясының инвестициясын тарту арқылы жүзеге асырылды және оның өндіру қуаты жылына 49 мың тонна бұйымды құрайды. Аталған жоба – осындай жоғары технологиялы жабдықтар шығаратын Қазақстандағы жалғыз зауыт. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде 90 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.
Инвестиция тартудың және кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді құралдарының бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы. Жыл басынан бері аталған бағдарлама аясында жалпы құны 3 млрд. теңге болатын 61 жоба мақұлданып, 768 жұмыс орны сақталды және 90 қосымша жұмыс орны құрылды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, өткен жылдың осындай мерзімінде 29 жоба қабылданған болатын.
Бұдан басқа, өңдеу өнеркәсібі саласында қызмет ететін кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Даму-Өндіріс» бағдарламасының сәтті іске асуын атап өту қажет. Бүгінгі таңда құны 10 млрд. теңге болатын 53 жоба қаржыландырылды және 940 жұмыс орны құрылды.
Ұлттық кәсіпкерлік палатасы және «Даму» қорымен бірлесе отырып, биылғы жылы облыста кәсіпкерлікті дамыту бойынша қосымша шаралар қабылданған. Өңірлік микрофинанстық ұйым, кәсіпкерлерге қызмет көрсету, инвесторларды тарту және оларға қызмет көрсету орталықтары құрылды. Туризм саласындағы жобаларды қаржыландыру бойынша өңірлік бағдарлама іске қосылды. Бұл бағдарламаның несиелік портфелі 900 млн. теңгені құрайды. Қазіргі кезде құны 479 млн. теңге болатын 8 жоба мақұлданды.
Жалпы алғанда, осы жылы шағын бизнес субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер 8 млрд. теңге несие бөлді. Бұл өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 2 есеге көп.
Сонымен қатар, ауылдық кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін шағын несие беру инструменттері кеңейтілді. Бұл мақсатқа барлық көздерден биыл 1,5 млрд. теңге қаржы бағытталды. Мысалы, 2 жыл бұрын шағын несие бөлуге бар болғаны 250 млн. теңге ғана бөлінген болатын. Іске асырылып отырған шаралар нақты нәтижелер беруде.
Әлеуметтік сала – өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл ұдайы қамқорлықты, жеткілікті көңіл бөлуді қажет ететін сала болып қала береді. Аймақ басшысы білім беру мен денсаулық сақтау салаларына айрықша қарайды. Оның айтуынша, облыста апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешілген екен. Үш ауысыммен оқытатын мектептер жоқ. Жыл басынан бері облыста 855 орындық 15 балабақша іске қосылған. Нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 10 %-ға өсіп, 80 пайызға жеткен. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін қолдану арқылы 7 балабақша құру жобасын іске асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 3-еуі құрылыс есебінен және 4-еуі жеке тұлғаға мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру арқылы жүзеге асырылмақ. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мектептерді кең жолақты Интернетке қосу жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ғаламтор желісіне облыста 74 мектеп қосылған.
Білімді жас – елдің жарқын болашағы. 2016 жылы Ұлттық бірыңғай тест сәтті өтті. Маңғыстау облысы өткен жылмен салыстырғанда өз көрсеткішін 76 баллдан 79 баллға дейін өсірді. Әсіресе аудан мектептерінің жетістіктері айрықша. 106 орташа баллмен облыстағы үздік білім беру мекемелері рейтингісінде бірінші орынды Жаңаөзен қаласының гимназиясы иеленді. Денсаулық сақтау саласында да қол жеткен жетістіктер бар. Өңірде туберкулезбен ауыру және бала өлімінің деңгейі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда азайды. Қаржыны жоспарлау барысында, облыста ең алдымен аудандар мен қалалардың теңгерімді дамуына басты назар аударылып отырылады.
Аймақ әкімі туризм саласындағы жобаларды қаржыландыру бойынша өңірлік бағдарлама іске қосылғандығын, бұл бағдарламаның несиелік портфелі 900 млн. теңге екенін, қазіргі кезде құны 479 млн. теңге болатын 8 жоба мақұлданғанын атап өтті. Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін көрсететін өзге де салалар бойынша бірқатар жайттарға тоқталды. Оның бәрі Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңындағы атқарылып жатқан жұмыстармен тығыз байланысты екендігі атап көрсетілуде. Өйткені, Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық! Барша қазақстандықтар үшін оның мәні де, маңызы да айрықша. Тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға, елдің экономикасын тұрақтандыруға маңғыстаулықтардың да қосып отырған үлестері айрықша.
АСТАНАДА МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ КҮНІ ӨТТІ
Елордадағы «Ханшатыр» СОО алдындағы алаңда өткен Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде бекіре балығына сұраныс өте жоғары болды. Маңғыстау облысының сауда шатырларында негізінен, балық пен шұбат өнімдері сатылды. Мұнайлы өңірден бекіре балығы тірідей жеткізілген. Оның килосы 4 500 теңге тұрады. Мұздатылған бекіре – 3 500 теңге. Бұларға халықтың сұранысы жоғары болғаны соншалық, балықтар түске дейін толық сатылып кетті.
Міне, осылайша, маңғыстаулықтар Тәуелсіздік тойы қарсаңында Астана жұртшылығы мен оның меймандарына қазыналы өлкенің дәм-сыйын, ән-күйін, ең бастысы, телегей теңіз кең пейілін сыйлап кетті.
Ибрагим Бекмаханұлы
«Экономика» газеті