Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова ханымның қандастарға қатысты пікірі үкімет құрамындағы адамның айтатын сөзі ме? Жүйкеме қатты тиіп отыр. Бір замандарда тағдырдың тәлкегімен ауа көшіп, сырт жайлап кеткен, кейін қызыл аяқ қыр кешіп, жалаң аяқ жар кешіп Атамекенге аңсап жеткен бауырлардың (тағдырларға) сауатсызын көрсем көзім соқыр болсын! Тізімге жасасақ жарты Қазақстан болар еді, дегенмен Жақсылық Сәмитұлы бастаған ақын-жазушылар, Зардыхан Қинаят бастаған сұрапыл тарихшылар, Отанбек пен Майра, Еркін Ерген бастаған әнші-күйшілер, Шұғыла сынды бишілер, Қанат Ислам бастаған спорт саңлақтары, мәдениет пен өнерде оза шауып олжа салып жүрген кейінгі жастар,елдің экономикасына қан жүгіртіп жатқан бизнес-элитаны қайда қоямыз? Орысшасы осал болғаны үшін "басым көпшілігі сауатсыз..." деп дәл осылай қатаң пікірді қалың бұқараның талқылауына тастауға бола ма? Мәдинаның әкесі, бір кездегі парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың "жобалары" ел есінен шыға қойған жоқ. Ал, қызынікі не жоба?