Жасыл орман ішінде таза ауамен тыныстап, тыныққанға не жетсін? Франциялық дизайнерлер табиғатты жақсы көретін туристер үшін жаңа қонақүй жобасын жасады. Табиғат аясындағы қонақүй Марсель қаласы маңында орналасқан.

Қонақүйдің қабырғалары толығымен мөлдір эко-пластиктен жасалған. Бұнда туристердің ормандағы жасыл желекті бөлмеден шықпай-ақ тамашалап, экологиялық таза ортада демалуына бар мүмкіндік жасалған.

Қонақүйдегі әрбір бөлме мөлдір капсула түрінде жасалған. Бұл «капсуланың» ішіне кресло, төсек пен лампалы үстел қойылған.
Ауа ағысын реттейтін климат бақылау жүйесі де іске қосылған. Сондай-ақ қонақтар түнде портативті телескоппен аспан әлемін тамашалай алады.
Экологиялық қонақүй жазда салқын, қыста жылы. Қазір қонақүйдің жаңа түріне жер-жердегі туристер қызығушылық танытып отырған көрінеді.

Әзірлеген Дана Қамшыбек