Ақсерке қой бастаған ай мүйiздi

/uploads/thumbnail/20170709171032677_small.jpg

Қазiр дүкендерде киiмнiң неше атасы сықиып, сыймай тұр. Қалтаңыз көтерсе, қалағаныңызды аласыз да киiп кете бересiз. Сонда да маған қолдан тоқылған дүниелерге ешнәрсе жетпейтiндей көрiнедi де тұрады.

Жоғары сыныпта оқып жүргенiмiзде Жiбек деген апай биология пәнiнен сабақ бердi. Жасырып қайтейiн, сыныптастар, сыныптастар ғана емес-ау, бүкiл мектеп Жiбек апайға ғашық болып қалдық. Апайымыздың аппақ бөкебайы, мойын орағышы, шәлi, қолғабы қандай әдемi десеңiзшi. Сыртқа шығып кетсе, ұстап көремiз. Жұп-жұмсақ мамықтай. Қыздар қолғабын киiп көредi. «Ө-лә, жып-жылы ғой мынау» деп шешкiсi келмей тұрады.

Сөйтсек, Жiбек апайымыз осының барлығын ешкiнiң түбiтiнен тоқытады екен ғой.

Қазақ талғамында ешкi түбiтi түйе жүнiнен де қымбат. Тiптi, жiбекпен теңдес саналған. Түбiт иiруге де икемдi. Жалпы, ешкi жүнiн түбiт, қылшық деп екiге бөледi. Ешкiнi түлеген кезде қырқады. Сосын түбiт пен қылшықты айырады. Дамыған елдерде түбiт пен қылшықты бөлетiн техникалар бұрыннан болған. Ал, қазақы ауылда әжелерiмiздiң бұл жұмысты жеңiлдетуге өзiндiк қулықтары болатын. «Қылшығынан тазартып әрi таудай етiп түбiт түтсең, Құдай сол таудай боп түтiлген түбiттiң астына қалаған нәрсеңдi қалдырады» дейтiн. Бойжеткендердiң қалауы көп болады ма бiлмедiм, түбiт түтуге келгенде алдарына жан салмайтын.

Түбiттiң басты қасиетi – жылу сақтағыштығы. Сондай-ақ, ол ылғалды көп сiңiредi. Түбiттiң табиғи түсi көбiнесе ақ, қара, қоңыр болып келедi. Ақ түстi түбiттi кез келген түске бояуға болатындықтан, ол қара, қоңыр түстерiне қарағанда жоғары бағаланады.

Қазақ қылшықты да қажетiне жаратып отырған. Мәселен, арқан-жiп ескенде мiндеттi түрде ешкiнiң қылшығын қосқан. Бұл арқанның берiктiгiне кепiл. Сондай-ақ, тақыр кiлем, алаша секiлдi бұйымдарға да пайдаланады. Мұндай кiлем, алашалар көпке дейiн шыдас бередi.

Қаратау сiлемдерiнiң сүйiрленiп бiтер тұсында Ақсүмбе атты ауыл бар. Сол ауылдың жанындағы төбенiң ұшар басында Дештi Қыпшақтың көзi, мәңгiлiк махаббаттың символы – Ақбикеш мұнарасы талай ғасырлардан берi жел мен жауынға, дауылдар мен борандарға төтеп берiп, қасқайып тұр. Ақбикеш мұнарасының мүжiлген кiрпiштерiне қарасаңыз, арасына жылқының қылы мен ешкiнiң қылшығы қосылғанын көресiз. Осыдан соң-ақ қылшықтың қымбат тауар екенiн тани берiңiз.

Ендi ешкiнiң терiсiне келейiк. Серкенiң терiсiнен иленiп, жүнi сыртына қаратылып тiгiлетiн тон, iшiк жауын-шашынды күндерi таптырмайтын киiм. Тау халықтары күнi бүгiнге дейiн осы киiмдi киедi. Өйткенi, ешкi жүнi қылшықты болғандықтан, оған су сырғып, тоқтамайды. Жауын-шашыны мол Кап, Балқан, Альпi және басқа да таулы жерлердегi халықтардың ешкi терiсiнен тон киетiнi сондықтан.

Қазақтың көп уақыты түзде өтiп келген ғой. Сонда олар суыққа жиi шалдыққан. Мұндайда оларды жаңа сойылған ешкi терiсiне орайтын болған. Емшiлер науқасты ешкi терiсiне орау арқылы басқа да аурулардан сауықтырып отырған.

Қой терiсiне қарағанда ешкi терiсiнде май бездерi азырақ болады. Сондықтан ол былғары жасауға өте ыңғайлы. Жұмсақ та берiк былғары шикiзат ретiнде өте жоғары бағаланады. Одан жеңiл аяқкиiмге арналған өте әсем былғары – шевро дайындалады екен. Етiк тiгетiндер осыны ұмытпағаны жөн. Қарап отырсақ, байлық дегенiмiз аяғымыздың астында жатыр.

Төрiнде домбыра iлiнбейтiн қазақ қазақ емес. Қазiр соның iшегiне балық ұстайтын жилканы пайдаланамыз. Кезiнде күйшiлер домбыраға ешкiнiң ащы iшегiнен шек жасайтын болған. Мұндай домбыраның үнi өзгеше сазды, құлаққа жағымды естiледi. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Созаққа келiп, Сүгiрдiң күйiн тыңдағанда домбырасының шегi ешкiнiң ащы iшегiнен жасалған едi дегендi қазақ әдебиетiнiң классик жазушыларының бiрi Тәкен Әлiмқұлов жазып қалдырған.

Осы мақаланы жазарда Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың «Дала өлкесiндегi қой шаруашылығы» атты еңбегiмен танысып шықтық. 1903 жылы жазылған осы еңбекте ешкi мүйiзiнен шақша, сондай-ақ пышақ пен қамшыға сап жасалатынын айтып өтiптi. Таңқаларлығы сол, ертедегi бабаларымыз атты ешкiнiң мүйiзiнен жасалған шегемен тағалайды екен. Ешкiнiң мүйiзi тез еридi. Сондықтан одан әшекейлi бұйымдар жасаған. Шақша, тастарақ, құстарақ, бiтеу ине, шұқуыштар, пышақтың бөдесi ешкi мүйiзiнен жасалған. Ешкiнiң тұяғынан жылқы ақсағанда iшкiзетiн арнайы дәрi әзiрлеген. Осыдан-ақ бабаларымыздың бүгiнгi «қалдықсыз технология» деп жүргенiмiздi сол есте жоқ ескi замандарда-ақ игергенiн пайымдауға болмай ма?

Қазiр ешкiнiң мүйiзiн кәдеге жаратып жүрген кiм бар? Мүйiз тұрмақ жылқының қазы-қартасынан жиiркенетiн ұрпақ өсiп келе жатқанын қалай жасырамыз?

Бiз ертегi тыңдап өскен ұрпақпыз. Жастайымыздан «Ерте, ерте, ертеде, Ешкi жүнi бөртеде» деген жырды естiп, құлаққа сiңiрiп өстiк. Алайда, сол «бөрте» сөзiне көп мән бермеппiз. Бөрте – жүнiнiң түсi, түгi, сапасы жағынан ең әдемiсi. Мұны малсақ бабаларымыз баяғыдан бiлген. Еуропадағы әйелдердiң ең бағалы, ең сапалы, ең жылы, жiбектей жұмсақ биялайын «Лайка» деп атайды. Әдетте, «Лайка» деген итке тән атау. Бiрақ бұл жердегi «Лайка» басқа. Ол ешкi терiсiнен тiгiледi. Апаларымыз текеметтi әдiптеуге де бөртенi пайдаланған. Таспаны қазақ ешкi терiсiнен алған. Дырау қамшылар ешкi терiсiнен өрiлген. Сәндiк бұйымдар да осы терiден жасалыпты. Ешкi терiсiн арқалаған бұрынғы қазақтардың Меккеге еш мұқтаждық көрмей жетуiнде осындай гәп жатыр. Ешкi қылынан бас жiп пен ноқта өрiледi.

Бiрдi айтып, бiрге кетпелiк, бүкiл әлемдi қаїарымен тiтiркенткен Шыңғыс ханның әйелiнiң есiмi Бөрте болуы, әрине, тегiннен-тегiн емес-ау.

«Малсақ қазақпыз» деп мақтанғанда аспанға лақтырған бөркiмiз жерге қайта түспейдi. Бiрақ ешкiнiң қабiлетi жылқы мен иттiң қабiлетiнен ешқандай да төмен емес екенiн қазақ емес, Лондонның Королева Мария университетiнiң биологтары анықтады. Ғалымдар тәжiрибе жасау барысында ешкiлердiң үй жануарлары iшiндегi ең ақылдыларының бiрi екенiне көз жеткiзiптi. Олар қашан да адамдардың әртүрлi әрекеттерiне жауап қайтарып, оларға қиын кездерде көмекке келе алады екен. Шекшек ата тұқымы адамның көңiл-күйiне қарай өздерiн де өзгертiп тұрады деседi лондондық ғалымдар.

Бiздiңше, ешкi туралы ескi пiкiрден арылар күн келдi.

 Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстiк Қазақстан» газеті.

Связанные Статьи