Биылғы жыл Қазақ халқы тағдырындағы бірнеше атаулы оқиғаның мерекелік датасы болып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл, Патша өктемдігіне қарсы ұлтазаттық көтеріліске 100 жыл, Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы, Қазақ көшіне 25 жыл және басқа да мерекелер.
Осы орайда, «Қамшы» порталы Желтоқсан құрбандары рухына тағзым ете отырып, белгілі Желтоқсан қаһарманы, «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының президенті Құрманғазы Рахметовтің «Желтоқсан» естелігін өзінің рұқсатымен оқырман назарына ұсынады.

Құрманғазы Әбденұлы Рахметов ( Қабдуәли) – 1965 жылы 22 қаңтарда Семей облысы, Мақаншы ауылында дүниеге келген. Әкесінен 5 жасында айырылған Құрманғазының Анасы тоғыз құрсақ көтеріпті, соның үшеуі жас кездерінде қайтыс болып кеткен (Күлия, Күлғайша, Рухия). Ағалары Оралғазы (1945ж.т.), Қайырғазы (1948) қазіргі күнде Мақаншыда тұрады. Тұрсынгүл (1958), Баян (1960) апайлары Алматы қаласында, қарындасы Бақыт(1967) Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Бәрінің де жоғары білімі, отбасы бар.
1972 жылы мектеп қабырғасын аттаған Құрманғазы Ғ.Мұратбаев атындағы сегіз жылдық мектепті Мақаншы ауылында оқыды. 1978 жылы Алматы қаласындағы РҚЭМИ №2 мектеп-интернатына оқуға қабылданып, 1981 жылы алтын белгімен бітіріп шықты. Содан Политехникалық институттың автоматика және басқару жүйелері факультетіне, 1982 жылы Өскемен құрылыс-жол институтының Алматыдағы филиалына оқуға түсті. 1983-85 Әскер қатарында болып ( Украина, Одесса), ауылда бір жыл еңбекте болды.
1986 жылы ҚазМУ-дың физика факультетіне ( арнаулы физика, ағылшын тілінде) оқуға түседі. Бірақ сол жылы Желтоқсан ұлтазаттық көтерілісіне қатысып, 7-8 қаңтар ҚазССР Жоғарғы Сотының үкімімен 7 жылға бас бостандығымнан айрылған. Маңғышлақтың, Ақтөбенің, Қызылорданың, Шымкенттің, Жамбылдың түрмелеріне, Қостанайдағы Құсмұрын түрмесіне, соңында Қарағандыдағы түрмеге қамалады. ҚазССР Жоғарғы Сотының Президиумі 2 жылға түсіріп (1988 ж.), Пленумының шешімімен (1990 ж.) толық ақталды. Жұбайының есімі - Роза, қызы - Мөлдір ЕҰУ-дің бірінші курс студенті. Қазіргі күнде Желтоқсан қаһарманы Астана қаласында тұрып жатыр. "Нағыз Желтоқсан" қоғамдық қорының президенті. 2011 ҚР Президенттігіне үміткер, 2012, 2016 жылдары ҚР Парламент Мәжіліс депутаттығына ЖСДП атынан үміткер.

Құрманғазы Рахметов бастаған бір топ желтоқсаншы Желтоқсан құрбандарын еске алып гүл шоғын қойды. 2014 жыл. 17 желтоқсан, Астана.
ДАУЫЛ АЛДЫНДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ
«Желтоқсан 86-1»
Таңертең ерте ояндым. Көңіл күйім ерекше. Кереуеттен тұрысымен қолдарымды жоғары көтеріп айналдыра азын-аулақ жаттығуымды бастап та кеттім. Орамалымды асына, жуынатын бөлмеге енсем, кәдімгідей кезек екен. Жуынып шайынып, жігіттер дайындап қойған қара шайдан тартып жіберіп, оқу корпусына аяңдап келемін. Алдымнан қарсы шыққан орта бойлы адамның жүзі таныс сияқты. Жақындай бере ол кісі танып қалып, «ой Құрманғазы, сен осында оқитын ба едің? Қалың қалай, нешінші курстасың?» деп сұрай жөнелді. Ойламаған жерден кездесіп қалған адамыма: «Ой, ағай қалыңыз қалай? Мен осында оқуға түскенмін, қазір бірінші курстамын, арнайы ағылшын бөлімшесінде...», - дегенге ғана шамам келді.
Алматы қаласындағы эксперименттік қазақ мектеп интернатындағы кезіндегі директорымыз - Мешітбаев ағамыз. Көп өзгермеген екен, осында тарих кафедрасында сабақ беретіндігін білдім. Жылы қоштастық.
Иә, мектеп бітіргелі де бес жыл уақыттың зырылдап өтіп кеткенін есіме салғандай кездесу. Достық даңғылының жоғарғы жағында орналасқан мектеп-интернаттың менің өмірімдегі алар орны ерекше еді. Сонау Семей облысы, Мақаншы ауылында қаннен қаперсіз өткізген балалық шағым мен Алматыға арман қуып келген алғашқы күндерім. Еркін күрестен алғаш тренерім марқұм Рифхат Гереев ағамыздың қолқа салуымен Қайырғазы ағам дедектетіп Алматы қаласының спорт мектебіне алып келген болатын. Таңертең ертемен келетін автобусымыздан сапаржайға түсе салысымен, осындағы нағашы – Құнан ағамның үйіне бірден тарттық. Таң атпай келген қонақтарды Алматы қаласындағы «3 вокзал» жылы қарсы алды. Вокзал дейтініміз, қысы-жазы Құнан ағамның уйінен қонақ арылмайтын. Бірі келіп, бірі кетіп жататын. Біздің келгенімізде де дәп сондай екен. Семейдің Аягөз жағынан достары жанұясы, балаларымен басып жатқан көрінеді.
Біраздан кейін Алма мен алмұрт ағаштарының астында ұзыннан жайылған дастарханға таңғы тамаққа отырдық. Жеңгемізді ес білгелі Зәку апай деп атап кеткенмін. Ол кісінің қолынан жеген ас әрқашанда тәтті, әрі тойымды болатын. Тамақтан кейін үйдің жанындағы телефон будкасынан біреулерге хабарласып, бәріміз жөн жөнімізбен өз жұмыстарымызға кеттік.
Стадионның жанында бізді Мұсабек ағамыз қарсы алды. Содан спорт мектеп-интернатына бардық. Залға кіргеннен кейін денеңді жылыт, жаттығу жасай бер. Қазір сенің қалай күресетініңді көреміз деді. Мен мынандай залда жаттығу жасаудың өзі арман ғой деген ойдың желегімен жүгіре жөнелдім. Біраз уақыттан кейін мен құралпас төрт-бес бала шулап кіріп те келді. Күрес басталып та кетті. Бірінен кейін бірін алып соқтым. Үміт артып алып келген ағамның маған риза болып тұрғанын көріп, мен де өзімді керемет сезіндім. Мұсабек ағам да дән риза. Медициналық тексерістерге келгенде денсаулығымның бір жерінен кінәрат тапқан болуы керек, өзара көп әңгімелесті, мен сыртта болатынмын. Анық қанығын осы уақытқа дейін Қайырғазы ағам айтқан емес, мен де сұрамаппын. Содан Жамбыл көшесінде орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылыми зерттеу институтына барып , шағын емтиханнан кейін ҚРЭМИ оқуға орналастырып, күресті Мұсабек ағамның қарамағында жалғастыратын болдым.
Ауылдан алыс шыға қоймаған ойын баласы, қала мен интернаттың ішкі тәртібін бірден қабылдай қоюы қиын екен. Бір жеті өтпестен ауылды сағынып сала бергенім. Сабақтан шыға салысымен қала ортасында мен мұндалап шақырып тұратын телебашняның ұшын көрісімен, елдерден сұрай отырып, Қазақстан телеарнасына бірақ тартып отырдым. Ішке кірейін десем кіргізбейді. Мен осындай да осындай деген адамның бауырымын, қалай тапсам болады екен деп қайтпаймын. Қайсарлығымды, болмаса бойымның кішкентайлығын көріп, аяушылық танытты ма, әйтеуір телефон арқылы сұрастырып, қазір осы арада тұр, ешқайда шықпа, ағаң осы жерге келеді дегенде қуанып кеттім. Расымен көп уақыт өтпестен, «әй, Құбаш»,- деген таныс дауысты естіп бұрылып қарасам, қолында бір бума қағазы бар Құнан ағам маған келе жатыр екен. Қуанғанымнан милиционер жігітке рахметімді жаудырып жатырмын. Сөйтіп менің өмірімде теледидармен табысу мен танысу кезеңі басталып кеткен еді.
Сабақтан шыға салысымен, 29 маршрутқа отыра салып, Арман кинотеатрынан түсіп, Абай даңғылымен екі-үш кварталды жаяу жүре-жүгіре басып жетіп барып алатынды шығардым. Ішіне кірген сәттен ерекше күйге енетінмін. Телевизордан жиі көрсететін көптеген әртіс пен әншілерімізбен жүзбе-жүз жүздесу әркімнің еншісіне байлана қоймаған бақытты уақыт еді. Нұрғали Нүсіпжанов, Лаки Кесоглу, Венера Тыныштығұлова және т.б. танымал әртістер, Роза апайымның жанына ақырын жанасып барып, бойымды да өлшеп қоюды ұмытпайтынмын. «Қымызхананың» қызып тұрған сәті, Әміренің Парижде салған әні мен өмірі жайындағы қойылымы естен кетпес дүниелер... Кешкісін қол ұстасып «Рабочий поселокқа» қайтатынбыз.
Таңертең нағашы інілерімді ерте автобустар мен троллейбустарды ауыстыра отырып Дархан, Дастан, Думанды 12 мектебіне жеткізу, одан әрі интернатқа жол. Өстіп-өстіп қаланың қызу да қызық болып көрінген өміріне ақырын-ақырын жақындап, сыныптастарымның ортасына үйрене де бастадым. Үлгерім мен тәрбием тәрбие жетекшіміз Балжан Ергалиевнаға ұнаған да болуы керек, мені түстен кейінгі дайындықтан ерте жіберетін. Алғашқы каникул да жақындаған сайын, ауылға деген сағынышым артып, тықыршып жүргенімді байқаған болуы да керек Балжан апайым класс жетекшіміз Сейфолла ағамыздан, «завучымыз» Әйтімова апайымыздан сұрап екі-үш күн бұрын ерте жіберді.
Саяхат сапаржайынан Икарусқа отырып алып ауылға асықтым. Бір сөткеге таяу уақыт жүретін автобус Мақаншыға жақындаған сайын, дегбірім шығып келеді. Анадайдан «Жай төбем» көрінгендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, бір сөзбен, төбем көкке бір елі жетпей қалғандай көрінгенін қалайша жасырайын. Жай төбеден төмен қарай жөңкіле жөнелген Икарустың қадам алысы ерекше, жол жиегіндегі жиде ағаштарының иісі танауымды тесіп жіберердей. Алқымын баса алмаған арғымақтай, Икарус та ауылдың аялдамасына тоқтады-ау, әйтеуір. Атып шыққанымды да байқамай қалыппын. Кезінде көз алдымда әжептәуір көрінетін ауылдың көшелері мен үйлері бір-бірінен алшақтай түскендей, әрбіреуі әрбір жерде состиып тұрғандай әсер қалдырды. Ауыл арасында қатынайтын екі ғана маршруттың біздер жаққа баратынын біраз тосып та қалдым. Мичурин көшесіне қарай бұрылғанда жүрегім лупілдеп кетті-ай десеңізші, денемнен аласұрып , шығып кетердей, қос қолыммен сыртынан қапсыра қысып-қысып қоямын.
Үйге де жетіп келгенімді байқамай қалдым. Анандайдан анашымның аулада жүргенін көріп, «тәте, тәте», - деп тәтелеп жіберіп, құшағына қалай еніп кеткенімді де байқамай да қалыппын.
Мектеп – интернаттағы үш, одан кейінгі бес, жалпы сегіз жылда көрген-білген, жеткен жеңістер мен жетістіктер жайын өзімше бір топшылап алып, қамшыны бір басып алмасам, ауылдастарым мен құрдастарымның шаңына қалатындай көрініп, осы жолғы таңдауымды дұрыс жасағаныма іштей ризамын. Осы уақытқа дейін қазақ орта мектептерін бітірген жастарымыз шет тілдерін (ағылшын) сегіз класстық базамен, ал орыс тілінде оқып бітіргендер он класстық базамен бітіретіндерін байқағанмын. Соған қарамастан қосымша сабақтар алып, ҚазМУ-дың физика оның ішінде арнаулы (ағылшын тілінде ) бөлімшесіне тапсырып, алғашқы емтиханнан үздік баға алғанымдағы; Факультеттің деканы Сәрсембинов қолымды қысып «құттықтаймын! Сен енді біздің студентсің» деген кездегі қуанышым; Онымен тезірек бөлісуге сыртта күтіп тұрған «болельщиктердің» арасынан Дархан бауырымды көзбен іздеп, оң қолымды көтеріп алып «студентпін!» деп қуана қауышқанымыз; Содан орталық поштаға барып анашым мен ағаларыма телефон шалып, қуанышымызбен бөліскен кездерім кеше ғана.
Иә, енді бар ынта мен жігерді білім алуға жұмсап, ағылшын тілін барынша тез арада бойға сіңдіру мақсаты алдымда тұр. Бір ай бойғы күйзелістің бір сәтте ұшып, зым-зия жоқ болып кеткеніне, әлгі жүйкемді жегідей жеген түстің де ойымнан алыс кеткенін жақсылыққа балап, алға қойған жоспарларымды «Жаңа жылдан кейін бастаймын» деген судай жаңа «күнделік» беттеріне көшіртіп, саусағымдағы қаламның қағаз бетінде ойнақтай шапқанын енді ғана байқағандаймын.
Бір сәт «күнделіктен» көзімді алып, жан жағыма қарасам бес паток та бір үлкен залда физикадан лекцияда отыр екенбіз. Жанымдағы Мейіржанның да бітіріп отырғаны шамалы сияқты. Лектордың оқып жатқандарын қысқарта, қыстырып, қаламымен сүйкеп қойып отыр. Осындағы «физматты» бітірген, колхозға помидор жинауға барған кезде жақын тартып, танысып кеткен болатынбыз. Жастардың ішінен іліп алар бір керемет азамат. Ой өрісі, сөйлеген сөзі мен жүрген жүрісі құрдастарынан бөлектеу, ересектеу көрінген. Батыс өңірі Оралдан, Жымпитының жігіті. Өзі орысшаға да жүйрік, «служактармен»( оқуға Армиядан кейін, дайындық курстарынан түскен қыз бен жігіттерді солай атайтынбыз) де емін еркін сөйлесіп, қалжыңды да тірідей сойып қойып отыра береді. Ана жерде жақын ағайынды екі қыз, бірі менің бөлімімдегі Сағадат, екіншісі қазақ бөлімшесінде оқитын Салтанат, Талдықорған жақтың қыздары. Танауы үлбіреп, көзі ботадай, аумаған киіктің лағы дерсің. Алдыңғы жақта бойы партадан әрең көрініп Талғат Қоштыбаев отыр. Сол бауырымды көрсем болды менің алғаш мектепті бітірген жылы КазПТИда автоматика және басқару жүйелері факультетінде оқуда жүргенім есіме түсіп кете береді. Бойымның кіп-кішкентай болғанына қарамай жастары үлкен курстастарымның ортасындағы қылықтарым еріксіз есіме түседі. Сабақтан қашып «Байқоңыр» кинотеатры мен жанындағы базары, сәл ертеректегі студенттік өмірімді еске салғандай. Әне ана жерде танысқанымызға аз болса да, баяғыдан бір бірімізді танитындай болып кеткен служактар – Серік шұқша мен Қайрат , Нұрлыбек (қызылордалықтар мен шымкенттік жігіттер), сәл әрірек Жүрсін мен бойы шошайып Сражидин отыр бірдеңелерін шимайлап қойып.
Байқап қарасаң кілең қазақ бөлімінің жас қыздарын бірі жоғарыдан, бірлері бүйірлерінен қонжия бір нәрседен қорғардай отырып алған. Алдыда кілең жастар. Мына жақ шетте алматылық «городской» Рустем бауырым да қалатын емес, Қайрат отыр қолдарын шошайтып, бірдеңесін сыбырлап, жыбырлап қойып. Бойы екі метрге жуық Гитисті іздемесең де оңай тауып алуға болады. Шашына ерекше ерте ақ кірген Ерболат бауырым отыр, аузын шүртитіп алып бірдеңесін түсіндіріп әлек. Жерлес қарындастарым Роза мен Жайна да жайғасыпты. Көкшенің аруы Баян отыр майысып, Жамбылдың Тұрсынгүлі де осында. Медет, Қаһар, Әлімжан, Серігің де жантая жартылай жатып алған. Алматы қаласына арман қуып келген жастардың бір күнгі жағдайы қысқаша осылай өтіп жатқан еді.
Иә, сол желтоқсанның 16 – сейсенбі күні болатын. Түстен кейін, «Кремль Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты алып тастапты, оның орнына бізге таныс емес Колбин деген біреуді қойыпты, Пленум 16-ақ минут болыпты», - деген суыт хабар келіп жетті...
(Жалғасы бар)