Түркиядағы ресейлік дипломат Андрей Карловтың сұмдық өлімі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Ежелгі заманнан дипломатиялық қызметкерлерге қастандық жасау сөзсіз қатаң жазаланып, тіпті соғысып жатқан екі жақ та мұндай тәуекелге бармайтын. Мұндай іс-шаралардан тиетін зиян көп, жүздеген жылдар бойы бұл табу (тыйым) болып саналды. Сондықтан, дипломатиялық қызметкерлердің өлімі өте сирек кездесетін жағдай. Кездескен жағдайда барлығын таңқалдыратын оқиғаға айналады. Себебі, бұл жазылған және жазылмаған барлық заңдар мен дәстүрлердің бел ортасынан бұзылып, қорланған түрі.
Ресей тарихында дипломатиялық миссиялардың қарапайым қызметкерлеріне шабуыл жасалған кездері болды( соңғысы Иракта 10 жыл бұрын болған), бірақ, кешегі күнге дейін солардың арасындағы елшілерге қастандық жасалған тек үш жағдай ғана белгілі. Осыдан 90 жыл бұрын Польшадағы бұрынғы Кеңес елшісі Петр Войков эмигрант Борис Коверданың қолынан қаза тапқан еді. Бір ғасыр дерлік уақыт бұрын болған атышулы жағдайдың мән-жайын Лайф порталы еске алып, назарларыңызға ұсынады.
Пётр Войков
Войков -20 жылдардағы қарапайым кеңестік дипломат. Дипломатиялық тәжірибесі болмаған ол, эмигранттық еңбек өтілі болғаны үшін жұмысқа орналасады. Еуропада өткізген 10 жыл ішінде Войков тілдерді үйренеді. Ол жылдары осындай біліктілігі бар адамның дипломатиялық лауазымға тағайындалуы әбден мүмкін еді, себебі, ескі дипломатиялық корпус бытырып кеткен болатын.
Войков ешқашан большевик болмаған, революцияға дейін меньшевиктермен қосылған. Заңға қарама-қайшы әрекеттері үшін Еуропаға кеткен (ол мемлекеттік шенеуніктерге қарсы бірнеше сәтсіз лаңкестік ұйымдастыруларға қатысқан), поляктың бай көпесінің қызына үйленіп, богемалық өмір салтын әкелді, эмигранттарға арналған басылымдарда жарияланып отырды.
Ақпан революциясынан кейін Войков бірден отбасылық өмірін тастап (ол уақытта оның ұлы дүниеге келген еді), меньшевиктер көшбасшысы Мартовпен бірге жабық, мөрленген пойызда Ресейге кетіп қалады. Революциялық Ресейде оны Оралға аттандырады. Ол жерде ол меньшевиктерден большевиктерге қашып, Қазан төңкерісінен кейін Екатеринбургтың басшысы қызметіне тағайындалады. Екатеринбург шалғайдағы шағын қала болған (губерниялық қала Пермь), Войковтың бұл тағайындалуы, ашығын айтқанда, мағынасыз, елеусіз еді.
Осы күнге дейін Войковтың патша отбасының өліміне қатысы бар не жоқ екендігі даулы сұрақ болып отыр. Императорды өлім жазасына кесілуіне дауыс бергені анық (барлық отбасы мүшелерін өлім жазасына кесу туралы сұрақ көтерілмеген), алайда кеңес перебежчигі Беседовскийдің айтуынша, Войков оған ату жазасына қатысқаны жайлы егжей-тегжейлі баяндап берген. Екінші жағынан, ату жазасына қатысқан адамдар өз естеліктерінде Войковтың болғанын айтпаған. Сол себепті, жазалау барысына ол қатыспаған деп саналады.
Азаматтық соғыс аяқталған сәтте Войков ынтымақтастық жолында біраз уақыт жұмыс істеп,содан кейін ол Канадада РКФСР уәкілетті өкілі болып жіберілді. Алайда, канадалықтар оны патша отбасының өліміне қатысы бар деп қабылдаудан бас тартқан.
1924 жылы ол орыс эмигранттарының қарсылығына қарамастан, Польшадан келісім алып, қызметіне кіріседі.
Борис Коверда
Қазан төңкерісі мен Азаматтық соғыс кезінде Борис Коверда небәрі 10 жаста еді. Вильно қаласының тумасы болса да, бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің келуіне байланысты оның отбасын Самараға қауіпсіз жерге көшіреді. Жас болғанына қарамастан, Коверда Азаматтық соғыс кезіндегі террорлық әрекеттердің куәсы болады. Оның немере ағасы большевиктер қолынан мерт болып, отбасының досы болған діни қызметкердің өліміне куә болады. 11 жасар Бористың көзінше оны атып тастайды. Сол себептен, кеңес билігіне деген жақсы көзқарастың болмағаны таңқаларлық нәрсе емес.
Коверда эмигрант болмаған, бірақ Азаматтық соғыс кезінде еліне оралған ол, Вильно қаласының Польша құрамына кіргенін естіп, еріксіз эмигрант атанады.
Польшада Коверда қарапайым тіршілік етіп, беларусь тілінде жарыққа шығатын газетте корректор болып жұмыс атқарады. Сонымен қатар, жергілікті орыс гимназиясында білім алуға тырысқан, бірақ оқу ақысын төлемегені үшін оны оқудан шығарып жібереді. Гимназияда оны сабырлы әрі сезімтал жас жігіт ретінде сипаттады.
Оқудан шығып кеткен Коверда ойлана бастайды. Ресейге заңды-заңсыз оралып, антибольшевистік топтармен бірігіп, солармен бірге күресуді жөн көреді. Алайда, бұл идеясын іске асыра алмаған ол, өз бетінше кек алуды көздейді. Мақсаты –Польшада жоғары лауазымды кеңестік қызметкерлердің біреуін өлтіру.
Ол газет беттерінен Войковтың келбетін жақсы танитын. Қастандық жасауға оны Войковтың поляк газеттерінің біріндегі жазбасы итермелейді. Войков Варшавадан Мәскеуге бет алады. Коверда пойыздардың кестесін жақсы білгендіктен, кеңес елшісін қашан ұстайтынын ойластырады. Бір қызығы, Войковтың жазбасында қате кеткен болып шығады. Шын мәнісінде, кеңес қызметкері Варшавадан кетуді жоспарламаған. Ол Лондоннан Мәскеуге бет алып, Польша астанасында аялдама жасаған кеңестің басқа елшісі Розенгольцты қарсы алуға барған еді.
Шабуыл
1927 жыл 7 шілде. Таңертең Борис Коверда Варшава темір жолына келеді. Таңғы 9-дар шамасында Войковтың көлігі келіп тоқтайды. Оның жанында елшілік қызметкері Григорович бар.
Войков Григоровичті көлікте қалдырып, өзі Розенгольцпен кездесуге кетеді. Пойыз орнынан қозғалғанға дейін, Войков әріптесін вагонға дейін шығарып салады. Дәл осы мезетте Коверда кеңес дипломаттарын танып, соңдарынан ереді. Розенгольц пойызға міне бергенде, Коверда тапаншасын алып, атқылай бастайды.
Айта кетерлігі, Войков өте жақсы шыныққан адам, жас кезінде полиция қызметкерлерімен болған қақтығыстарға қатысқан. Оның үстіне, Войковтың да, Розенгольцтың да тапаншалары болған. Розенгольцтың қарумен қолдана алмайтындығы оған бөгет болды. Ковердаға қарсы оқ атқанмен, нысанасына тигізе алмайды. Войков та Ковердаға қарсы оқ жаудырып, елді дүрліктіреді. Нәтижесінде Войков Ковердаға бірде-бір рет оқ тигізе алмады, ал Коверданың алты оғының екеуі Войковты жарақаттайды.
Войков ауыр жарақаттанып, ауруханада қайтыс болады. Коверда бірден полицияға беріледі. Тұтқындалған кезінде ол Войковқа дипломат болғаны үшін емес, Коминтерн агенті болғаны үшін және кек алу үшін жасағанын айтады.
Сот
Коверда ісіне байланысты сот тез өтіп кетеді. Польша КСРО-мен қарым-қатынастың бұзылуынан қауіптенсе, КСРО Швейцариядағы кеңес елшісі Воровскийдің өлімі сияқты оқиғаның қайталануынан қорықты. Сонда елшіні өлтірген орыс эмигранты Конради сотта өзінің күйрегені мен отбасын большевиктердің өлтіргені үшін кек алғанын айтады. Конради соты көп ұзамай большевизмге қарсы сотқа айналып, нәтижесінде қылмыскер ақталып шығады. Сол себептен, КСРО швейцариялық оқиғаның Варшавада қайталанғанын қаламады.
Коверданың ісін қарапайым сот емес, жеңілдетілген жаза қолданатын төтенше сот қарады. Үкім 8 күн өткен соң шығарылды.
Сот барысында Коверданың туыстары, таныстары, бұрынғы сыныптастары сөз сөйледі. Олар оны тыныш, тұйық жігіт ретінде сипаттады. Кішкентай кезінде, Вильнода эмигрант болған шағында большевиктердің әрекеттерінен қатты әсер алғанын айтты.
Коверданың өзі кінәсін жоққа шығарған жоқ, осы әрекеті арқылы Польшаның дәрежесін түсіргені үшін кешірім сұрады. Ол өзінің демократ екенін айтып, большевиктердің қолынан талай орыс адамдары мерт болып, зәбір көргені үшін кек алғанын себеп ретінде айқындады.
Соттарға соңғы сөзін айтқан прокурор: «Сот мырзалар, Коверданы қатаң түрде жазалау қажет. Жастығына қарамай, өте ауыр қылмыс жасады. Оның атқан оғы адамды өлтірді. Елшіні, басқа елдің азаматын, поляк жерін қауіпсіз санаған адамды. Польша Республикасы қатты қорланып, дәрежесіне кір келтірілді. Бұған түсіністік танытып, жұмсақ болуға болмайды. Сіздер де жұмсақ болмаңыздар ».
Коверда кеңес елшісі Войковты өлтірді деп айыпталып, өмір бойына ауыр жұмыс істеуге кесілді. Алайда, КСРО шығарылған үкімге көңілдері толмай, кек алу мақсатында соттың тағайындалуынсыз Ковердаға еш қатысы жоқ революцияға дейінгі зиялылардың арасынан 20 кездейсоқ адамды таңдап, атып тастайды.
КСРО-да аса танымал болмаған Войков, Кремль қабырғасындағы қорымға мемлекеттік наградаларымен бірге жерленді. КСРО құлағанға дейін оның атымен көшелерді атап, зауыт пен басқа да жерлерге оның есімі берілді.
Ковердаға шығарылған үкім біраз уақыттан кейін қайта қаралды. Оны бас бостандығынан 15 жылға айырып, ауыр еңбекке салды. Ол 10 жылын түрмеде өтеп, 1937 жылы оған рақымшылық жасалды. Кейін Еуропа елдерін аралап, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америкада қалады. Эмигранттар арасында танымалдылыққа ие болып, эмигранттарға арналған баспалармен серіктестік орнатады.
1987 жылы Коверда қайтыс болады. КСРО-да оның аты-жөні құпия болып, құлдырағанға дейін оны ешкім танымады. Энциклопедиялық сөздіктерде Войковты «монархист», «ақ гвардияшы» өлтірген деп жазылып, аты аталмаған.
Аркадий Розенгольц болса карьера қуып, сыртқы сауданың халық комиссары лауазымына тағайындалады. Үлкен террор кезінде 1938 жылы ату жазасына кесіледі.
Қамшыгер: Алтынай Ержанқызы
Оставить комментарий