АСТАНАДА ТҮРІК КИНОСЫНЫҢ АПТАЛЫҒЫН ӨТКІЗУГЕ КЕЛГЕНДЕР ЖЕҢ ҰШЫНА НЕ ЖАСЫРЫП ЖҮР?

/uploads/thumbnail/20170709191022003_small.jpg

«Қамшы» порталының поштасына төмендегідей мақала келіп түсті. Автор өз мақаласында Астанада өткен Түрік киносы апталығы турасында қыжылын айтыпты. Qamshy.kz сайты — еркін ой алаңы, ашық талқы мінбері екенін ескерте отырып мақаланы жариялауды жөн таптық. Келіспейтін тұстарыңыз болса, үн қатыңыз құрметті оқырман!



Қазақстан аяғынан тік тұрған алғашқы жылдарда сапарлай келген Түркия президенті Тұрғыт Өзалдың «бірігу» туралы сөзіне «кеше ғана бір ағаның «қамқоршылығынан» шықтық, енді өз бағытымызбен өмір сүрейік» деп айтқан еді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл туралы президент Ұлытаудағы сұхбатында баян еткен болатын.

«Қазақ еліне тағы бір ағаның керек емес екенін айтқан» Елбасының көреген сөзін алғашқы мақаламда да қолданғанмын. Тағы да пайдалануға тура келіп түр.

Тәуелсіздікпен қабаттасқан апталық

Осы аптаның басында, ең қастерлі Тәуелсіздік мерекеміздің қарсаңында Астанада Түрік киносының апталығы өтті. «Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесімен» құттықтай келдік деген ұйымдастырушылардың айтуынша, «Түрік дүниесі Синемалық бірлік, одақ құруы керек» екен. Жөн дейік, Түркі бірлігі деген жақсы. Бірақ, сол апталықты өткізуші түріктер киноны желеу етіп жеңіне басқа бірдеңе жасыра келген сияқты... Осы кино апталығына Қазақстан телеарнасы ақпараттық қолдау көрсеткенін мүлде түсіне алмадық.

Саясат соққан режиссер

«Таңшолпанға» сұхбат берген түрік кинорежиссер Өнер Қылыш «Орта Азия Түркиенің» деген сөзді қолданады. Орта Азияда қайдағы Түркия? Әлемге Қазақстан деп танылған Тәуелсіз бір елді, тәуелсіз елдер орналасқан аймақты «Орта Азиядағы Түркия» деу – режиссердің пиғылынан хабар берсе керек. Екіншіден, «Таңшолпан» жүргізушісінің «Тәуелсіздік күнінде Қазақстанға қандай тілек айтасыз?» деген сұрағына жауабы арасында «Орта Азия Түріктерінің тәуелсіздік алуын қасіретпен күткен едік» дейді. Орта Азияда жасаған халыққа түрік статусын таңатын ол кім?

Өзін кинорежиссер ретінде таныстырған осы Өнер бейіміз «Яссауиға» арнап түсірілген кино жоқ деп байбалам салып жүр екен. Жай жүрмей, «Түрік ұлттарының бірлестірген бір республикасы ретінде, 300 миллиондық Түрік республикасының» деген сөздерді қолданыпты. Қазақстанды Түрік республикасына қосып жібергені қай сасқаны? Бұл Қазақстанның, тіпті Қазақстан ғана емес өз егемендігі бар Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты мемлекеттердің конституциясына қол сұғу!

«Синемада ынтымақтастық» дей келген ол тіпті қазақстандық бірде-бір кино режиссерді танымайтын болып шықты... Оның өзі болса Wikipedia-дағы 350 түрік кинорежиссері кірген тізімге де іліне алмаған, Түркияда еш танымалдылығы жоқ біреу. Біз болсақ оны мемлекеттік теле-арнамызға шығарып тайтаңдатамыз. Оның түсірген фильмдері туралы іздесеңіз, 4-5 қана деректі фильмі бар. Олардың өзінің тарихқа, түркі бірлігіне еш қатысы жоқ. Апталықта Астанадағы Жастар театрында көрсетілген

«Kalandar soğuğu

Unutursam fısılda

Üç yol

Ertuğrul 1890

Patron mutlu son istiyor» сияқты кинолар Түркияда жоғары рейтингке ие болмаған.

Киноны әкелгендер насихаттап жүрген «Боз Гурд» идеологиясы

Хош делік, сонымен бұл кино апталығы қалай өтті? Ең алдымен, апталықты Қазақстанда өткізгендер кімдер? Ұйымдастырушылар арасында Түркия мәдениет министрлігі, Астана елшілігі бар. Дегенмен де негізгі ұйымдастырушылары TİKA мен Yerli Düşünce Derneği. TİKA  – Түркия Премьер-министріне қарайтын Түрік ынтымақтастығы мен үйлестіру агенттігі. Бұның жанында, Yerli Düşünce Derneği деген мемлекеттік емес белгісіз фонд бірге келген, ұйымдастырушы ретінде. Мағынасына келсек «Түпкі идеология» фонды. Бұл екеуін не байланыстыратыны түсініксіз?

Астанадағы Кино апталығында ашылу сөзін сөйлей келген, фондтың құрметті төрағасы, биылғы 29 қаңтардан бері Түркия президентінің бас кеңесші Ялчын Топчы(Yalçın TOPÇU). Осы кісі де басында болып, Түркияда 1992 Büyük Birlik Partisi(Ұлы Одақ партиясы) атты бөлек партия құрылған. Істің қызығы сол, осы түрікшіл партия Қазақстанда тыйым салынған «Боз Гурд» (Бозқұрт) идеясын да насихаттаушы(бұл 1948 жылы Түркияда пайда болған радикалды пантүркілердің әскери ұйымы). Оның бір дәлелі ретінде әділ Ахметовті ортаға алып суретке түскен режиссер мен Бозқұрт белгісін саусақтарымен айшықтап тұрған түрік азаматының естелік фотосын айтсақ та жеткілікті.

Yerli Düşünce Derneği-нде болса өзі туралы ақпаратында «Ұлт дегеніміз шекарамен шектелмейді, Ислам мәдениетін ұстанатын барша адам бір халық, бір ұлт болып саналады» деп жазылған.

 

Киноға бүркенген идеология

Фильмнің ашылуында сөйлеген сөздер түгелдей фильмге қатыссыз, саяси болды.

«Қазақстандық бауырларымыз да білсін, олардың қолына тікен кірсе, Анкара жүрегінде сезіледі» деп тәтті сөздер айтқанымен, Ялчын Топчы Түркиядағы террор, Сирия шиеленісі сияқты мәселелерді де айтып, «Залым Асад» сияқты сөздерді қолданды.

Тіпті, фильм апталығы Түркияда 15 шілдеде болған жағдайға байланысты деректі киномен ашылды. Фетуллаһ Гүленді әлем алдында қаралап, әлі дәлелдей алмаған Түркия билігінің бұл идеясын Қазақстан Тәуелсіздігіне тартуымыз деп алып келуінің өзі күлкілі һәм түсініксіз.

Бұлар неге келе сап киносын көрсетіп кетпейді. Асадты айтады, саясатты айтады? Саясаттың өз мінбері бар емес па? Саясатты кинотеатрда талқылағанды қайдан көрдік? Тіпті, сол саси жағдайды бұлар айтпаса біз білмейміз бе?

Қазақстанның мемлекеттік тіліне мүлде құрмет көрсетілмеді 

Көрермен көзқарасымен ғана қарағанда кино апталықтың көңілімнен шықпағанын айтайын. Фильмдердің атын ғана қазақшалап келгенімен көрерменге орысша субтитрмен түрік тілінде зорлап көрсеткендей болды. Қазақстанға келген түрік қазақшаны қақпаса да орысша бірдеңе үйреніп келеді, бізге неге осылар «орыс тілді» деп қарайды? Әлде СССР-дің боданы болған ел Орыс тілінің құлы деп ойлай ма? «Тіліміз бір, дініміз бір, бір ұлтпыз дейтіні» қайда қалады осындайда?! Қазақ тіліне аударылмаған фильм апталығын өткізу – түрік тілін түсінсең де түсінесің, түсінбесең де түсінесің деген емеурін емес пе?

Түркияда қазақ тілін «Қазақ түрікшесі» деп атап алған. Көпе-көрнеу ата заңымызға осылай қол сұғып отыр. Біздің ғана емес басқа қырғыз, ноғай, татар тілі дегеннің бәріне «қырғыз түрікшесі, ноғай түрікшесі, татар түрікшесі» деген жамау қосып алған. Қазақ тілі де түрікше болса, татар тілі де түрікше болса жерімізге тайраңдап келіп неге сол «қазақ түрікшесінде» сөйлемейсің Анадолыдан келген азамат-ау?! Сөйлей алмайсың, себебі қазақ тілі сенің түрікшең емес! Ол Қазақ тілі! Оны құрметтеуге тиіссің! Құрметтей алмасаң «бауырмын, туыспын» деп маймөңкелегенің не керек? Қазақ тілін сыйламайтын өзге ұлт өкілдерінен, басқа шет мемлекеттен парығың жоқ, дәрежең артық емес. 

Түркияда жасалып жүрген Қазақстан пропагандасы

 

Жоғарыда Түркияда Қазақ тілін – қазақ түрікшесі деп оқытып жүр дедік. Ал, қазақ ұлтын қазақ түрігі деп жүр. Біздің асылымыз сақ, ғұн, түркі xалықтарының бірі екені рас. Кезінде Түрік қағанаты құрылған топырақта түлетіп Қазақ хандығын, Қазақ республикасын құрдық! Бірақ, 8 ғасыр Османлы деп аталып келіп, Ататүрік ататегін түзетіп, енді ғана Түрік деп аталған осы ұлт өздерін бүкіл Түркі әлемінің қожасы, ағасы, көсемі, басшысы сезінетіні қалай? Олардың бар артықшылығы қағанат құрған бабаларымыздың атын иеленгені ғана.

Түркия қазір Қазақстанды өзінің саяси пропогандасына қолдана бастады. Мысалы әлеуметтік желіде хабар таратқан мына топ 24-інші желтоқсанда Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер жиналып Ыстамбұл Бешікташтағы шейіттер төбесіне 7 мемлекетіміздің(мемлекеттің деп емес, өздеріне меншіктеп тұр) туын тігіп, құрмет көрсетеміз» дейді.

1. Қазақстанды меншіктеп алуы мүлдем кешірілмейді.

2. Түркия билігі де осындай шараларда, өздері наразы болған елдің елшілігіне, Сириядағы мәселелерге қатысты 7 түркі тектес елдің туын көтеріп жетіп баратынды шығарды соңғы кезде. Құдай-ау, өз мемлекетіңдегі мәселеңде Қазақстан билігінің хабарынсыз, рұқсатынсыз мемлекеттік туын неге пайдаланасың? Барлық елмен дипломатиялық дос мемлекет Қазақстан атын неге саяси мақсатқа қолданасың? Біздің жалауды қолдану Қазақстанды провокацияға соғу. Қазақстан соғыстарға Түркияны итермелеп отырған жоқ. Қазақтың туын оңды солды қолданып жүруі үлкен саяси мәселе! Не үшін бұл идеологияға біздің мемлекет көз жұмып отыр? Оған сіз жауап беріңіз қадірлі оқырманым!

 

Сөз жүзіндегі бауырластық

 

Бауырласпыз, Туыстаспыз, тіліміз бір деп ұрандата берудің нендей қажеті бар? Шындығына келер болсақ, туыстас болсаң Қазақстанның ашаршылық жылдарында қайда болдың? Желтоқсанында қайда болдың? Бізге қиын күндерімізде керек болмаған түрік бірлігі тәуелсіз ел болып, шаңырақ көтергенімізде неге керек? Ол мақсат Қазақтың мұнайын бөлісе сору, даласын бөлісе жайлау болса Түрік бірлігі де, Орыс бірлігі де Қазақстан үшін керек емес. Қазақстан үшін терезесі тең, территориялық тұтастығына құрмет көрсететін дипломатиялық дос ел ғана керек! 300 жыл бойын орыспен қырқысып осынау топырақты сақтап қалғанда жат жұрттықтар келіп емін-еркін жайласын дедік пе?!

 

Біз, Түркияның Қазақстанға саясатының күмәнді астары туралы мақаламызда да келтірілген деректі тағы еске сала кетейік. Бұған дейін Қазақстанға келген Түрік елшілерінің бірде бірі қазақша сөйлемей кеткен. Биыл ғана Невзат Уянык Қазақстанды қазақ тілінде мерекемен құттықтады.

«Тәуелсіздіктеріңді алғашқы болып мойындадық» деп жиі қайталатын бауырлас ағайындар Қазақ мемлекетіне деген сыйластығын ісімен анық дәлелдеп жүрген жоқ. Түркия-Қазақстан арасындағы әуе рейстерінде де әлі күнге қазақ тілі емес орыс тілі қолданылады.  Тек қана тіл жағынан туысқандығы болмаса басқа туысқандығы білінбеген Түркия ғой. Тіпті түрлік, салттық, мәдениеттік жағынан да алшақ тұрған Түркия сол тілімізге де құрмет етпей тұр. Осы кино паталығында актерлермен кездесу кезінде де түрікшеден орысшаға аударма жасамақ болғанда көрермендер қарсы болған соң ғана қазақшаға аударма жасады. Фильмдердің субтитрі неге орысша екенін сұрасақ «Астана орысша сөйлейді. Бұл Шымкент емес» дейді ұйымдастырушы түрік азаматы. 

Мен Ысмайыл Ғаспыралының: «Тілде, пікірде, істе бірлік» деген сөзін нақты мағынасында түсінетін жан ретінде түрік ағайындарды, мемлекетін, мәдениетін, тілін қалай сыйласақ олардан да сондай сыйластықты талап ететінімді айтқым келеді. Ал бізге Таяу Шығыстың идеологиясы керек емес. Ол келсе терроризм де, дін де бәрі де келеді. Біз көшпенді халықтың ұрпағымыз, әлі де мал өргізіп, жаз жайлауға көшіп-қонып жүрміз. Абылайша айтсақ, «Алтай мен Атыраудың арасындағы Ұлан ғайыр алқап - көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері ірге тепкен Ата қонысы.

Әгәрәки...

Ертүрік Шынтүрік

Оставить комментарий

Связанные Статьи