«Дом-2» (Үй-2) реалити-шоуының ұйымдастырушылары Қазақстанда кастинг өткізеді деп хабарлайды vistanews.ru Алғашқы іріктеуді Астана қаласында өткізбек. Ал кастингті "Дом-2" жүргізушісі Андрей Черкасов жүргізеді. Аталмыш сайттың мәліметіне сай, ресейліктер «Дом-2» шоуына қатысқысы келмейді екен. Бұған таң қалудың қажеті жоқ. Себебі «Дом-2» ресейліктердің арасында арзан, ешқандай салмағы жоқ жоба ретінде қабылданады. Осында «Қазақстандықтар үшін бұл шоудың не қажет бар?» деген сұрақ туындайды. Ешқандай тәрбиелік мәні жоқ, тек рейтингке ғана негізделген жоба алғаш шыққанда, отандық телеарналардың бірінде көрсетілген. Сонда қазақстандық көрермен «қазақ менталитетіне жат» деп наразылықтарын білдірген еді. Көп ұзамай аталмыш шоу эфирден алынып тасталды. Қазақстанда көрсетілімін тоқтатқан шоу, Ресейде Латын Американың ұзын сонар телехикаясы секілді бірнеше жылдан бері көрсетіліп келеді. Онда сатқындық, көзге шөп салу, балағат сөздер, темекіні будақтаған жастар, бір-бірін алдаған қыздар мен жігіттер, тұрақсыз махаббатты көресің. Қарапайым мәдениет, әдеп секілді ұғымдардан ада жобада қара көз қазақтың қыздары мен жігіттерінің жүргені жараспас.