Серік Сәпиев Универсиадаға арнайы салынған Атлетикалық қалашықтың әкімі болып тағайындалды деп хабарлайды Универсиада баспасөз қызметі.
Дирекция мамандарының айтуынша, әкімнің міндетіне шет елден келген делегацияны қарсы алу әрі салтанатты шаралардың ашылуы мен жалауларды көтеру рәсімдеріне қатысу кіреді.
«Атлетика қалашығының әкімі болу және мынадай ауқымды спорт шарасына араласу – мен үшін үлкен мәртебе, жауапты міндет. Жақында Алматыға Универсиадаға қатысу үшін қонақтар келе бастайды. Әлемнің әр түкпірінен келетін халықтардың бейбіт, келісімде болғанын қалаймыз», – деді Қазақстандық боксшы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.
Сондай-ақ, қонақтардың жайлы орналасуына жағдай жасайды. Айта кетейік, Атлетикалық қалашық ресми түрде қаңтардың 24-інде ашылады. Онда өзге мемлекеттерден келген 5 мыңға жуық спортшы мен бапкер, техникалық маман орналасады. Сонымен қатар, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ-тан келетін 100-ге жуық еріктілер де болады.