Facebook әлеуметтік желісінде қазақстандық дүкендердің бірінде сатылымда тұрған жүкті барби ойыншығының фотосы жарияланды. Екі қабат қуыршақтың сатылымына желі қолданушылары өз наразылығын білдіріп жатыр. Мәселенің дұрыс-бұрыстығын білу үшін психолог маманға хабарласуды жөн көрдік. Психология ғылымдарының докторы Мейірім Еркінбекова аталмыш ойыншықтар баланың ерте есеюуіне алып келетінін айтады.
«Жүкті қуыршақтарды сату дұрыс емес. Бұған тосқауыл қою керек. Себебі ол бала психологиясына кері әсерін береді. Баланың психологиясы ойын арқылы қалыптасады, ойыншықпен ойнау арқылы дүниені таниды, сыртқы ортаны қабылдайды. Жүкті барби қуыршақтарын көргеннен кейін, баланың жыныстық танымы ерте дамиды. Бұл қыздардың ересек өмірге ерте араласып, ерте жүкті болуына алып келеді. Сондықтан балаға ойыншық алып берерде мұқият қарау керек» дейді маман.
Бейкүнә бала әлемді түрлі түсте көреді. Онда арамдық, жамандық, сатқындықты білмейтін, баланың қайдан дүниеге келетінінен бейхабар бүлдіршінді ерте ересек өмірге араластыру оның пәк көзқарасын, кіршіксіз таза дүниетанымын ластаумен пара-пар.
Барлығы өз уақытымен болғаны абзал. Себебі өмір уақыт өте келе барлығын өз орнына қояды.
Оставить комментарий