Ақын–ұстазыма алыстан сәлем! (Әзілбек Кінәзбекұлы туралы эссе)

/uploads/thumbnail/20170709195532152_small.jpg

Ешкімнен ештеңе алмасаң да қарыз болып қайтара алмай жүретін сәттерің болады. Біреудің ықыласына, біреудің сиына, біреудің өнегесіне қарыз болып борышқа батасың! Менің бұл жолғы айтайын дегенім, ұстаз алдындағы мойынға мінген қарыз еді...

1981-1983 жылдар Жетісудың шұрайлы өлкесінің бірі Күнес ауданында екі жыл білім алып студент болғанымыз бар. Иә, бұл Ермұрат Зейіпхан ақын жырлайтын әйгілі «Үш бурылдың»(Текес, Күнес, Қас өзендері. Олар қосылған соң ІЛЕ болады) бір саласы.  Сол Күнестің оңтүстік қапталында Бестөбе деп аталатын, аудан орталығы бар. Қалашықтың шетіне таман салынған Іле Педагогикалық Техникумында жалындаған жастықтың бақытты шағын өткізген едік. Оқу орны болған соң, әрине ұстаз ауызға алынады. Оның қызығы да, қиындығы да ұстаздармен байланысты. Студенттік кезеңді оларсыз еске алу мүмкін емес!..

Әдебиетке деген қызығушылық бойыңда болғанымен,  шам болса майын құйып білтесіне от тамызу, бұлақ болса көзін ашып арнасына түсіру тек сол ұстазға келіп тіреледі екен. Орта мектеп ақын-жазушы тәрбиелейтін орын емес, жалпы білімнің соңында сағат сайын сан ғылымға ауысып алға кетіп бара жатқан керуен дерсің... Жоғары өрлеп оқыған сайын бойыңдағы ерекшеліктер білініп бұлқыныстар бой көрсетеді. Байқауымша, менен сезілгені математика мен физика төңірегіндегі белгілер болса керек. Өйткені сол пәндердің мұғалімдері үйірсектеп, жарыстарға даярлап айналып жүретін.

Сыртқы дүние сезбеген, көзге көрінбеген өзегімде бір бүлкіл болды. Ондаған сабақ, класкомдық міндет, қоғамдық жұмыстар оның ашылуына мүмкіндікте бермеген болу керек, кейінге ығысып кенжелеп қала берді.  Өзіңнен өсіп шығып, сыртқа тепсініп тұрмаған соң екінің бірі байқамауы да мүмкін. Кейде алдамшы елес пен сетінегіш сезімдер болады, ондайда көз байланып көрмей қалуда ғажап емес.  Дегенмен, ішімде әдебиетке деген қызығу, құлшыну бір бәсеңдеген жоқ. Ол орындаған тапсырмалардан, достардың альбомына жазған естелік жыр жолдарынан байқалып қалатын.  Дәл сол жылдары іштесіп тіл табысып кетпесек те, әдебиет пәнінен екі жыл бойы дәріс оқыған ұстазымыз, ақын Әзілбек Кінәзбек мұғалімді қатты сыйлайтынмын. Бір жағынан ол кісінің сұсынан ығатынбыз, қаймығатынбыз. Бойында білімді зиялыға тән тұлғалық сипаты мұндалап тұратын. Сөзі шалт, мінезі тік, өте кірпияз таза жүретін. Білімі биік болғандықтан тағар айып, көрсетер кінә таба алмайтынбыз. Ол кісі сағат бойы, жазып келген(тәртіп бойынша бәрі жазылған болу керек) конспектке бір қарамай өз сөзіндей етіп түсіндіретін. Тыңдайтынбыз, ілесіп жарыса жазатынбыз. Кейбіреулер секілді әйелдермен жыртыңдап қалжың айтып отырғанды қыртысы сүймейтін. Бірде сабаққа кіре алдыңғы партада отырған екі қызды көре сала, «не, сендер менің тамағымды тамашалап отырайын деп пе едіңдер? Иегіме тығылмай барыңдар анау артқы партаға!» деп ығыстырып жіберіп сабағын жалғады. Қыз студенттерге саусағын тигізбейтін, әрі олардан кемінде бір метрдей алыстан тіл қататын. Дәрісті ыждағатымен беріліп, тереңінен сөйлейтін. Теориялық тұстарына мысал келтіргенде әдемі жадыңда жатталып қалатын өлең жолдарын оқитын еді!.. Сол тұста әлгі оқыған өлеңдерінің бірінде "менің жазған өлеңдерім" деп айтқан емес. Біз кейін оның кітаптарын оқыған соң барып баяғыдағы өлеңдердің көбі өзінікі екенін біліп едік. Әлде неше лирикалық жыр жинақтары болумен бірге сол жылдары «Аққулар ұшып барады» деген өлең романы кітап болып басылып шықты. Оныда аудиторияға кіріп алып «мен ...осындай кітап жаздым» деп мақтанып сарын салған жоқ. Бізге келтіретін сұлу шумақтарын романның тарауларынан тауып алып қайран қалғанбыз. Ол кісінің отбасы, махаббаты туралы әркім әртүрлі аңыздар айтатын... Шындығын ешкім білген жоқ. Студенттердің көбі алыстан силап, алыстан еліктейтін. Оның сабағын оқып, тапсырмасын орындап жанталасып жататын. Бір жолы Әбдіғалан деген күлдіргі сабақтасымыз емтиханнан өтпей қалып, ағайдың алдына барады... «Мұғалім, маған қиын болды, енді не бетімді айтамын?! Мені өткізбесеңіз біткен жерім осы!..» демей ме. Сонда Әзілбек ағай «сені жұрт күлдіргі деп жүр ғой, дәл осы жерде мені күлдірсең, бағаң төрт» дейді. «Мұғалім, қапелімде сізді қайтіп күлдіремін? Дегенмен бір нәрсені анықтап алайыншы... Сіз оңқай күлесіз бе, әлде солақай күлесіз бе?» дегенде, рақаттанып күлген Әзілбек мұғалім оған уәдесі бойынша «4» қойып беріп еді. Маусым соңында емтихандарды тапсырып жаттық. Менде көп қатарлы сабағынан тапсырып шықтым, өзіме сенімдімін. Бірер күннен кейін жауап жазған қағазымызды таратып берді, қаперімде түк жоқ қарасам,  басына "59" балл қойыпты. Бұл деген үшке бірі кем деген сөз. Яғни өтпей қалдым. Жауаптарыма қараймын сызылған қате жоқ, тәртіп бұзып қуылған жоқпын... Мұғалімнің алдына барып бағамның дұрыс емес екенін айтамын ғой, «Иә, білемін класком! Сенде мәселе бар! Жетекшілеріңе(кураторға) не істеп жүрсіңдер?» деді, кәдімгідей ызғарланып. Осыдан бұрын бір оқиға болған... бірақ, шынында ол іске менің қатысым жоқ еді. «Онда жетекшінің өзінен сұрап анықтаңыз!» деп қайтудан басқа амал болмады. Қортынды шығарылатын шаққа бір күн қалғанда алдына тағы бардым. «Иә, класком! Келдің бе? Мен анықтадым, саған сенуге болады екен. Өз бағаң 95(бес), 59-ды аударып қойдым» деді жүзі сәл жұмсарып.

Тәртіп бойынша мұғалім сабаққа кіріп келгенде бәріміз тегіс орнымыздан тұрып құрмет білдіруіміз керек болатын. Әдебиет пәнінен ағай аршындап басып есіктен ішке енді. Мен шығарып отырған есептерімнің соңғы жолдарын жазуға үлгермеген соң, қолым қаламда, көзім дәптерде орнымнан селқостау жартылай көтерілген болуым керек... «Отырыңдар!» деген сөзбен ілесе тағыда әлгі есептің жауабын жаза салайын деп шұқшия қалыппын. Қайдан келгенінде білмей қалдым,  «сарт» еткен дыбыспен ілесе алдымдағы математика оқулығы Әзілбек ағайдың қолынан ытқып шығып есікке қарай ұшып бара жатты. Екпіні қатты болғаны соншалық, тарс етіп тиген есік ашылып кетіп оқулық сыртқа бірақ жалбырап барып жайылып түсті. Сынып іші құлаққа ұрған танадай... «Менің сабағымда есеппен айналысуға рұқсат жоқ! Қашанғы айтамын сендерге? Қазір қазақ әдебиеті сабағы!» деді екпіндей нығарлап.  Бұл тектес қызықтардан кенде болған жоқпыз, Кейін аман-есен оқуымызды тауысып ауылымызға аттандық. Мен физика мұғалімі болып мойныма міндет алсам да, қызметке шыққан соң әдебиетке бір табан жақындай түстім. Бұрын басқа жақта жұмыс істеп келген әдебиетші Әуес Әбен деген ұстазымызбен қызметтес болу нәсіп болды. Жайымыз жарасып көмескі көздер ашылғандай күй кештім. Баяғы Әзілбек тұтатқан ұшқынды Әуес зорайтты.  

Бір кезде сабақ үстінде жатқа оқитын авторы белгісіз жырлардың дені ұстазымыз Әзілбек Кінәзбектің өлеңдері екеніне кейін көзіміз жетті. Одан беріде аттай 35 жыл өте шығыпты... «Жас кезіңде оқығаның тасқа басқан таңбадай»  деген рас екен, шумақтары сана да сақталып қалыпты.

 

Далақтап екі етегі күрең ішік,

Бұзау тіс аттың санын тіледі шып.

Жігіті біздің елдің көкпар тартса,

Жүреді атан серке төбеде ұшып!..

***

Ойпырай мынау неткен көпір еді,

Қосылған екі таудың көкірегі,

Басқандай желкесінен кәрі жылан,

Астынан ақ жал өзен секіреді.

***

Адам теңіз, қоғам қайнар, өмір кең,

Соның бәрі миға келіп төгілген.

Мидағы өңдер жасай берер қашанғы,

Көзден кетсе, ұмыт болар көңілден.

***

Таулар, жондар, қыраттар,

Семіз нардай сұлаған.

Айна, мөлдір бұлақтар,

Өз кеудеңнен құлаған.

***

Соның бәрі болды ұмыт,

Енді мейлің танып ал.

Қыз бетіңде мәңгілік,

Жас ернімнің табы бар!..

***

Қыздардың көзі қиылса,

Сүйемін деуің бекер Геп.

Тағдырың кімді бұйырса,

Сүй, соны жарым екен деп!!!

 

Осылайша кете беруші еді... Ұстазымыздың жыр жолдарының ішінде, мынау соңғы шумақ менің өмірімде бағыт-бағдарға, ұстанымға айналған өлең. Қателесуден, сүрініп-тайып кетуден сақтап көмегін көп тигізген жолдар!.. Өйткені онда ТАҒДЫР-ға бойсұну, Жаратушыға бағыну бар... «Тағдырың кімді бұйырса, Сүй, соны жарым екен деп» деп ылғи да қасымнан тіл қатып тұрды. Шамасы ақынның өзіде осы қағидаға бойсұнған адам екені байқалады. Одан ол еш зиян тартқан емес, менде сөйттім.

Ауылға келіп қанымыздағы барды бастау етіп, Әуес Әбенұлына арқаланып «ақын» болып өлең жазып, басылымдарға жолдай бастадық. Менің ұстазым Әзілбек Кінәзбекұлы да шақыру бойынша Күнестен көшіп Құлжа қаласына келіп «Іле ағартуы» журналына Бас редактор болып тағайындалды. Олжабайға ой түсті дегендей бір күні, «Ұстазыма»(Әзілбек Кінәзбекке!) деген өлең келе қалды.

«Адам теңіз, қоғам қайнар, өмір кең,

Соның бәрі миға келіп төгілген.

Мидағы өңдер жасай берер қашанғы,

Көзден кетсе ұмыт болар көңілден».

 

Деуші едіңіз тереңінен толғанып,

Содан бері бес-алты жыл болды анық.

Мүмкін солай ұмытқан да шығарсыз,

Түсірерсіз есіңізге зорланып!..

 

Болған емес өзіңізге кеше өкпем,

Алдыңыздан кездерім жоқ кесе өткен.

Кітабымды лақтырып едіңіз,

Шұғылданып отырғанда есеппен...

 

Есеппенен жүрсем дағы ағалап,

Өлеңнен де ой қорытқам жағалап.

Бағбан қанша болсадағы көреген,

Кейде дұрыс кете алмайды бағалап.

 

Мінезіңіз қиын еді кей шақта,

Қоюшы еді қилы-қилы ой сапта.

Сондай сәттер қалады екен елес боп,

Басқаларын шын ұмытып қойсақ та!..

 

Бәрін көрер адам деген өмірден,

Біреу күліп, біреулер жүр егілген.

Өткен күндер анық басса таңбасын,

Неге ұмыт бола қойсын көңілден?!

 

Осылай қағазға түскен алты шумақты тағы екі өлеңмен қосып «Іле ағартуы» редакциясына салып жібердім. Үш айдан кейінгі жаңа санын ашып отырсам, әлгі Әзілбек ұстазға жолдаған өлеңім сол күйінде журналда жарық көріпті. Осы кезде барып ұялғанымнан денем шым етіп, бетіме ыстық жалын лап ете  қалды... Бұл не, ұстаздың айыбын бетіне басу ма? Кінәлау ма? Жоқ әлде «өлеңші» болдым деп мақтану ма? Қайткен күнде де шығарма  жарық көрді, ол кісі білермендік танытып отырғаны анық. Ұстаздан кешірім сұрау мақсатымен, бір жағы рахмет айтайын деп Ертесіне автобусқа билет алып Құлжаға тартып кеттім...

Бірер жылдан соң өзім де облыс орталығы Құлжа қаласына жұмыс бабымен ауысып келдім, әне сол күннен бастап мен Алматыға кеткенше ақын ағамызбен етене жақын болып өлең өлкесінде бірге шарладық.

Осы күні көп ойланамын... Әйтеуір азды-көпті әдебиет алаңында бас ауыртып жүрміз. Біреу білер, біреу білмес... қаламгер деген атымыз бар. Сондай сәтте осы дәнді еккен кім еді? Топырағын майқандап, арыққа су салып, майсасын кім баптап еді? Деген ойлар сан саққа жүгіртеді. Әрине, жыр-дастан халық қазынасынан сусындадық, Көдек пен Таңжарықты жаттадық... дей тұрғанмен теориялық білімін тамызықтап тағдырымызға тамаша шырақ жаққан Әзілбек Кінәзбекті еске алмау мүмкін емес!  Марқұм тірі болса енді ғана 70-ке келмек екен. Елуден асқан шағында ажалға тап болған ақынның артында қалған еңбектері 5 том болып шығыпты деп естідік. Бірнеше жылдың алдында қаламгер Нұрболат Әбдіқадыр деген азаматтың тамаша эссесін оқығаным бар. Мен секілді қаншалаған шәкірттеріне білім нәрін жұтқызып, поэзияның жылуын өткізген ұстазға бір сәт тоқталу жөн деп санаймын! Мойнымызда көп қарыз бар, оны не қайтарамыз, не қайтара алмаспыз...  Алайда ата-ананың, ұстаздың еңбегін өтеу еш мүмкін емес екен. Оның үстіне Әзілбек ұстаз бақилық болып арғы әлемде бізден дұға күтуде! Ендеше, ақын-ұстаз Әзілбек Кінәзбекұлы үшін Әл-Фатиха!

 

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, ҚЖО-ның мүшесі. Алматы.

Связанные Статьи